Серік Сейітман: «Біз екі тенденцияның ортасында тұрған халықпыз»

Oinet.kz 14-05-2025 43

Серік СЕЙІТМАН – ақын, «Alqa» радиосының бас редакторы.

Screenshot_17.jpg

– Көптеген әдеби іс-шара, конкурстарда қазылық етіп жүрген жайыңыз бар. Айтыңызшы, қазіргі жас ақындардың бет алысы қандай? 

– Жастардың бойынан табылатын жастық  максимализм, жігер, ыстық қайраттың бәрі  қай дәуірде болсын қоғамды алға сүйреуші, қанаттандырушы ерекше күш болған. Тәуелсіздік жылдарының басында әдебиетке араласқан алдымыздағы «алтын көпірліктерде» де, біздің буында да  эксперимент деген ұғымға барған азаматтар болды. Эксперимент  көп жағдайда нәтижесін бере алмаған шығар. Дегенмен арасында өзінің стильдік ерекшелігімен, жаңашылдығымен танылғандар да бар. Сол сияқты, бізден кейінгі жастарда да осы үрдіс байқалады. Олардың әдебиет саласында жасап жатқан қадамдары қаншалықты нәтиже берерін алдағы уақыттар айқындай жатар. Ал тақырыптық қырына келсек, жалпы қазіргі жастардың ізгілік пен отаншылдықты жырлауға талпыныстары сүйсінтеді. Бұл үрдісті Тәуелсіздіктің жемісі демеуге хақымыз жоқ.

–  Тәуелсіздік демекші, дербес мемлекет болғалы, яғни 1991 жылдан бері  жазылған қазақ әдебиетінің басты туындысы ретінде нені атар едіңіз?

– Біз кешегі отарлық кезеңде көп дүниемізді жоғалтқан халықпыз. «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!» деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, әсіресе төл тарихымыз бен әдебиетіміз, тіліміз бен дініміз – жалпы идеология саласы бұрмаланып, қазаққа өз деңгейінде оқытылмады. Ал жылымық кезеңдерде қаламгерлеріміздің арасынан тарихи шығармаларға қалам тербегендер болды. Бұл тұрғыда Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» тарихи романдардың бірегейі деп сипаттасақ жөн шығар. Халқымыздың қилы тағдырын астарлап жазған қалам иелері де бағасын өз дәрежесінде алар күн алда деп білемін. Ал ғылым мен қаламгерлікті қатар ұстаған, бозбала кезінен төл тарихымызға бойлап, хандық дәуір әдебиетін халқымызға таныту жолында қаншама қағажу көрген Мұхтар Мағауиннің бүкіл еңбектерін ерекше бағалаймын. Ол кісі Тәуелсіздік жылдарында тіпті, туған елінен жырақта жүріп, тарихымызды түгендеп беріп кеткен кесек тұлға. Осы ретте қайраткер шәкірттің арғы жағында Бейсенбай Кенжебаев секілді кемеңгер ұстаздың тұрғанын да айта кеткеніміз тарихи әділеттілік болар. «Alqa»  радиосының ұжымы әрбір тыңдарман қазақ тарихының әліппесінен хабардар болсын деген ниетпен, Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» туындысын диктор Аманжан Еңсебайұлына дыбыстатып, тыңдарманға ұсынуды жоспарлап отыр. 

– Елестетіп көрейікші, дәл қазір қазақтың  жазушысына Нобель сыйлығын береміз деген ұсыныс айтылса, кімдерге дауыс берер едіңіз? Мұхтар Әуезовтен басқа кандидатура бар ма? Жалпы, қазақтың қаламгері ХХІ ғасырда Нобель сыйлығын алатынына сенім бар ма Сізде?

– Жақында мынадай бір қызық дерекке душар болдым. Мұхтар Омарханұлының дүние салғанына күңіренген зиялы қауым «Әуезовтен кейін ендігі Мұхтар қашан өмірге келетінін құдай біледі» деп қайғырған көрінеді. Сонда  жас  Мұхтар (Мағауин) орнынан тұрып «Мен бар емеспін бе?» деген екен. Шын мәнінде бозбала Мұхтардың айтқаны айдай келді емес пе? Талантымен, тағдырымен, талабымен (принципімен) тасқыны күшті империяның асау ағысына қарсы жүзген Мағауиндай марғасқа қандай марапат болса да лайықты дер едім. 

– Жалпы, қазіргі әлем әдебиетінің негізгі бағыт-бағдары, тенденциясы қандай? Еуропа, Америка мен Азияның заманауи ақын-жазушыларын қандай тақырыптар қызықтырады? Бүгінгі заманның Бальзагы, Шекспирі, Достоевскийі, Есенині деп атайтындай тұлғалар бар ма?

– Өзіміздің классиктерді түгендеп, Алаш әдебиетін зерттеп жүргендіктен болар, әлем әдебиетін ара-тұра парақтап қойғаным болмаса, терең үңіле бермейтін қазақпын. Әйтсе де Еуропа, Азия әдебиеті деп тармақтап, талдап бере алмасам да мына бір тенденцияны байқаймын. Қазір әлем халқы ізгілікке, мейірімге шөлдеген секілді. Сондықтан осы бағыттағы өмірдің кішкендай детальдарын суреттейтін шағын әңгімелер көп оқылып жүрген секілді. Сондай-ақ адамға мотивация беретін шығармалар да бүгінгі заманның сұранысында деп айта аламын.  

– Қазір әлеуметтік желілерде зиялы қауым өкілдерінен бастап, лауазымды азаматтардың өзі бір-бірімен жаға жыртысып, бірін-бірі қаралап жатқан жағдайларды көріп жүрміз. Қалай ойлайсыз, әлеуметтік желілер ақпараттық майдан алаңына айналып бара жатқан жоқ па?

– Өкінішке қарай, бүгінге дейін солай болғаны рас. Осындай айтыс-тартысты көріп, өңірдегі кейбір ағаларыма хабарласып, «бітпейтін ырду-дырдуға уақытыңызды, біліміңізді, қажыр-қайратыңызды жұмсағанша, ғылыммен айналысыңыз, сіздің оған потенциялыңыз жетеді» деп жанашырлық ниетімді танытқан кездерім де болды. Алайда әркімнің жан қалауы әртүрлі ғой. Шешім қабылдауды еріктеріне қалдырдым. Ал жеке өзіме келер болсам, әу баста «әлеуметтік желіде көп отырмаймын» деп шешім қабылдағанмын. Ондағы мақсатым белең алған осы айтыс-тартыстың ортасында жүрмейінші деген сақтық шарасы еді. Дегенмен жақсылықтың жаршысы болу мақсатында анда-санда жазбаларымды жариялап отырамын. 

Білесіз бе, меніңше қазір әлеуметтік желідегі оқырмандардың саяси сауаты, мәдениеті артып келе жатқандай көрінеді. Кейінгі кездері желі қолданушылары талас-тартыс, бос әңгімелерден де шаршаған секілді. Сондықтан әлеуметтік желіге түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, жерден жеті қоян тапқандай әсірелеп, хайп қууды доғаратын уақыт та алыс емес деп ойлаймын.  

– Әдебиет саласына қатысты жасанды интеллекттен нендей өзгерістер күтесіз?

– Данышпандарымыз «Әлемнен, Еуропадан ғылым-білімді алу керек, бірақ сенің дүниетанымың төл руханиятыңа байлану керек» дегенді көп ескертеді.  Елімізге озық технологияларды тартып, ғылымға ерекше қолдау білдіріп отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қазір осы ұстанымда деп ойлаймын. Жасанды интеллект – әлемдік үрдіс. Сондықтан біз одан қалыс қалмауымыз керек. Себебі жасанды интеллекттен аларымыз көп. Тек ғылымның жаңа мүмкіндіктерін ұлттық мүддемен, қазақы дүниетаныммен ұштастырғанымыз абзал. Қазір компьютерлік дизайнерлер ЖИ-дің көмегімен ұлы тұлғалардың бейнесін «тірілтіп» жүр ғой. Маған осы бір жаңашылдық ерсі көрінді. Шынымды айтсам, аузы-басы жыбырлап тұрған Абай хакімнің бейнесі көңіліме қонбады. Олар Абайды осы арқылы қазаққа жақындатып жатырмыз деп ойлайтын шығар. Бірақ, шын мәнісінде, мына түрімен Абай бізден алыстап кетеді.  Сондықтан  ЖИ-ді  игерген  әрбір қазақтың, әрбір азаматтың жүрегінің төрінде бір үлкен редактор отырғаны дұрыс секілді.  

– Жазушы Мұхтар Мағауин  «Мұсылман діні күшейіп келе жатыр» деп қуанып едік, бұл қазаққа жау болып шықты» деген екен. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Мағауиннің бұл сөзі еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы діни ахуалға байланысты айтылды деп ойлаймын. Небір нәубетті басынан өткізген қазақ  қиын-қыстау замандарда да дін мен дәстүрін қатар сақтап қалған ұлт. Сондықтан тұрмыс-салтымыз бен ұлттық болмысымыз байланған дәстүрлі исламнан біз қандай күнде де алшақ кете алмаймыз. Қазір қоғамда әсіреұлтшылдар – исламды, ал әсіредіншілдер – ұлттық дәстүрімізді қаралап жатқан тенденция бар. Біз осы екі тенденцияның ортасында тұрған халықпыз. Бір жағымызда әсіреұлтшылдар, бір жағымызда әсіредіншілдер. Осы екеуін біріктіретін, қазақтың дәстүріне, дүниетанымына негізделген  бір механизм, жүйе керек секілді.  

– Президент IV Ұлттық құрылтайда мемлекеттік, ведомстволық  марапаттардың жайын көтерген болатын. Айтыңызшы, наградалардың саны, түрі көбейгені дұрыс па және оларды біз дұрыс үлестіріп жүрміз бе? Әр орден-медаль өз иесін дұрыс тауып жатыр ма? 

– Мемлекет басшысының марапат мәселесін көтеруі бекер емес. Өйткені бұл салаға да жүйені жетілдіру маңызды секілді. Бір ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты талдап көрейікші. Дәл осы награданы бүгінге дейін көп жағдайда өнерде жүрген азаматтар алып келеді. Қынжылатыны сол, бұл атақ кейбір жағдайларда нағыз лайықты жандарға бұйырмай келеді. «Alqa»  радиосына қонақ ретінде үлкен өнерпаздарды, өнер саласын зерттеп жүрген мамандарды көп шақырамыз. Көбісі алпыс пен жетпістің арасындағы аға-апаларымыз. Яғни бар өмірін өз саласын дамытуға арнап келеді. Тыңдарманға таныстырайын десеңіз, сол телегей-теңіз білім иелерінің жөні түзу атағы жоқ боп шығады. Осы секілді, кезінде бар өмірін ұстаздыққа арнаған мұғалімдеріміздің де тым болмаса біреуіне  осы атақ бұйырды ма? Ал елге жеңіл жолдармен танылып алған жап-жас шоу-бизнестің айналасындағы «таланттар» шын таланттарға бұйырмаған атақтарды  иемденіп алған. Бәлкім, үміткерлерді марапатқа ұсынып жатқан ұйымдардың ниетін бір саралап көру керек шығар. 

2021 жылы  Президенттің бастамасымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» деген мемлекеттік награда  тағайындалды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұлағатты ұстаздар «Ақорда» төрінде марапатталып жатыр. Желіде осы марапатты алған түркістандық ұстаздың видеосы тарады. Әріптестері мен шәкірттері әуежайдан күтіп алғанда әлгі мұғалімнің қуаныштан еңіреп жылағаны баршамыздың жүрегімізді елжіретті. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын бір өңірден бір мұғалім алғанның өзінде, осы жағдай оның әріптестеріне, шәкірттеріне ерекше қанат бітіреді емес пе. Ал оның арғы жағында ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағы тұр. Марапат деген осылай, нағыз лайықты мамандарға  берілсе, әрине қуанамыз. Ел билігінің осындай реформалары менің көңілімнен шықты. 

«Жауырды жаба тоқуға болмас», қазір  жеке ұйымдардың тарапынан беріліп жатқан наградалар да бар. Оған анда-санда бізді де қонақ ретінде  шақырады.  Несін жасырайын, бала-шағаның несібесі ғой деп қаламақымды алып, қатысып қайтамын. Іс-шара барысында баяндамамды оқып, марапат иелерін отаншылдыққа шақырып, жақсы дүниелерді құлақтарына құйып жіберемін.  Марапат үлестіріп отырған жеке ұйымдардың мақсаты қандай деген мәселені өздерінің ар-ұятына қалдырамын. 

– Оқырмандар жырларыңызды сағынып қалған секілді. Жуық арада жеке шығармашылық кешіңізді өткізу жоспарыңызда бар ма?   

– Шынымды айтсам, дәл қазір жеке шығармашылыққа қарайтын уақыт жоқ. Оның үстіне кеш өткізу қаражатқа келіп тіреледі. Мемелекет тарапынан қолдау болып жатса, неге халықты рухани сусындатпасқа. Мақтанғаным емес, менің шығармаларым ұлттық бояуы қанық, мемлекетшілдікке үндейтін бейбітшілік рухындағы жырлар. Сол себепті мұндай шығармаларды ұлт санасына құю – идеологияның бір бағыты болуға тиіс. Бірақ кабинет аралап, әркімнің есігін қағып, табалдырығын тоздырып жүруге жаным қас. 

Осы орайда жақында туған жерден бір жағымды жаңалық жеткенін айта кетейін. Ауылдан Жұмакүл Нәлібаева деген ұстазым хабарласты. Айтуынша 1973 жылғы аға-әпкелеріміздің мектеп бітіргендеріне биыл 35 жыл толады-мыс. Осыған орай, сол түлектер мен оқыған А.Дәрібаев атындағы білім ошағы мен көрші ауылдағы Көкмардан мектебінің оқушыларын қанаттандыру мақсатында  16 мамыр күні «жерлесіміз Серік Сейітманның өлеңдерін оқудан көркемсөз шеберлерінің сайысын өткізейік. Серік бауырымыз осы іс-шараға құрметті қонақ болып келсе. Шабытына шабыт сыйлар едік» деген ұсыныс айтыпты. Ел азаматтарының ізгі ниетіне ерекше толқыдым. Оған қоса Алмас Биімбет деген сыныптасым «айналаңда ел танитын азаматтар бар ғой, жалғыз жүрмей, солардың бір-екеуін ерте кел, құтты қонағымыз болсын» деп дархандық танытып жатыр. Мұның барлығы елге, туған жерге деген махаббатан туған дүние деп есептеймін. Сондықтан бұл ұсынысты үлкен мәртебе санап, қуана қабыл алдым. 

– Қызметтік ұстанымыңыз қандай?

– Білім-білігім мен пайым-парасатым қандай жауапкешілікке де дайын болу үшін әрдайым ізденісте болу.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Театрды театр ететін – көрермен
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу