Театрды театр ететін – көрермен
Дархан БАЛАЖАНОВ – Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры.
– Дархан Байділханұлы, қазақ өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген талай саңлақтың өшпес ізі қалған, көзі тірі аңыз тұлғалар әлі де тер төгіп жүрген қара шаңыраққа басшы болып келерде жүрексінбедіңіз бе?
– Қызметімді Шымкентке ауыстыру туралы ұсыныс келгенде, рас, көп ойландым. Үшінші мегаполистегі бірден-бір академиялық қазақ драма театрын қаншалықты дұрыс басқара аламын, артылған жүкке қаншалықты жауапкершілікпен қарай аламын деген сұрақтар тұрды. Қазақта «әруақты жерден ат үркеді» деген тамаша тәмсіл бар. Сол айтпақшы, қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңіріне, киелі мекенге келе жатқанымды біліп, алдыма нақты мақсаттар қойып келдім. Сол мақсаттың ең негізгісі – адал қызмет ету. Шешім қабылдап, жұмысқа кіріскеніме үш айға жуық уақыт болды. Осы үш айда күнделікті «маған артылған жүкті қаншалықты дұрыс игеріп жүрмін және алдағы уақытта не істей аламын» деп ойланамын. Жаңа ортаға, жаңа ұжымға, жаңа қызметке келгенімде барлығы ыстық ықыласпен, жылы шыраймен қарсы алып, бөтенсімей, керісінше, бауырына басып жатыр. Ұжымдастарымның қолдауы да жұмыс істеуге деген шабытымды шыңдай түсуде.
– Қазір қай театрдың да өкілі көрермен аздығын қынжыла айтады. Сіздіңше, театр өнерін алға бастырудың, көрерменді театрға тартудың жолы қайсы?
– Егер, театрға көрермен келмесе, ол – актердің кінәсі емес. Себебі, актер көрермен жинаумен емес, тек шығармашылықпен, өнермен айналысатын адам. Қазіргі таңда әр театрдың көрерменге жауапты бөлімдері бар. Меніңше, сол жауапты мамандардың дұрыс жұмыс істемеуінен деп ойлаймын. Жарнама мен ақпарат жетіспейді. Спектакль болатындығынан хабар ала алмаған халықтан қандай көрермен күтеміз? Алдымен, жергілікті тұрғындар елең ететіндей, қызықты жарнама жасап, жұртты ақпараттандыру керек. Әр шығарманың өзінің өзектілігі бар. Сондықтан, спектакльдің әрқайсысының бір-бір «фишкасын» тауып, сол арқылы жарнама жасау керек. Бүгінде қолымыздағы қарапайым смартфон арқылы миллиондап ақша тауып жүргендер бар. Себебі, телефонды дұрыс қолданған адамға мүмкіндік көп. Жасыратыны жоқ, қазір жас та, кәрі де әлеуметтік желіні жақсы түсінеді. Меніңше, көрермен жинауды да сол телефонға енгізіп, барлық жастағы көрерменді көбейтуге болады.
Қазіргі таңда қажетті ресурстары толық емес, тіпті ғимараты жоқ, бірнеше актердан құралған жеке театрлар бар. Олардың спектакльдеріне орын таппайсың, көрермен тарапынан сұраныс өте жоғары. Мемлекеттік театрларға қарағанда олардың билеті де қымбат. Себебі олар көрермен сұранысына сай, көркемдік деңгейі жоғары спектакль қояды. Әлбетте, әлеуметтік тақырыпты қозғайтын, көрерменнің жан дүниесіне әсер ете алатын спектакль қойсақ, оны дұрыс жарнамаласақ, ақпараттандырсақ барлық театрдың көрермені көбейер еді. Бүгінгі көрермен кез келгенге сене салатын аңғал көрермен емес. Оларды қызықтыра білу керек. Билеттер де қолжетімді бағада. Театрларда спектакль қоюға, репертуарды жаңартып отыруға мемлекеттен арнайы қаржы қарастырылған, жұмыс істеймін дегендерге мүмкіндік көп. Сөйте тұра «көрермен жоқ» деп жыланып қарап отыра беру дұрыс емес. Театр қашанда көрерменімен ғана бағалы, құнды. Ұлтымыздың ұлы драматургі, театр өнерінің қалыптасуына қалтқысыз қызмет еткен Жұмат Шанин атамыз «Театр – сахна мен көрермен арасын жалғайтын алтын көпір» деген. Біз әр спектакльдің шақыртуын, жарнамасын да, қойылымды да осы сөзбен бастаймыз. Театрды театр ететін тек көрермен.
– Жақында ғана өткен «Тастамашы, ана!» драмасы туралы не айтасыз? Екі күн қатарынан аншлаг болуына жарнама әсер етті ме, әлде шығарманың өзектілігі ме?
– Өзіңіз айтып тұрғандай, жарнама да, шығарманың өзектілігі де залдың толы болуына әсер етті. Біз ауқымды, актуальды тақырыпты таңдадық. Қазір өкінішке қарай, ата-анасының бағасын білмейтін жастар көп. Бар баласын бағалай алмай жүрген ата-ана да аз емес. Осы спектакльден кейін бала асырап алуға шешім қабылдай алмай жүргендерге түрткі болғымыз келді. Ата-анасының қадіріне жетпей жүргендерге ой салсақ екен деген мақсатымыз болды. Екі күн қатарынан жоғары сұранысқа ие болды. Жарнама жағынан да арнайы бағдарлама түзіп, жұмыс істедік. Әлеуметтік желіде де көп пікір жазылып, сұрақтар келіп жатты. Жалпы, бұл шығарма кітабының өзі жастар мен студенттер, жасөспірімдер арасында көп оқырманы бар кітап. Осы кітаптың желісінде сахналағанымыз да сондықтан. Енді осыны және басқа да қойылымдарымызды айына бір рет жастар арасында тегін ұйымдастырсақ деп отырмыз. Миллионнан астам тұрғыны бар қаламызда балалардың сұранысын қанағаттандыратын бір қуыршақ театры аздық етеді деп ойлаймын. Сондықтан балаларға арналған спектакльдерді, ертегілерді көбейтсек деп жоспарлап отырмыз.
– Шымкенттік көрермендер алдағы уақытта қандай жаңа қойылымдар көре алады? Жалпы, алдағы жоба-жоспарыңызға тоқталып өтсеңіз.
– Жасыратыны жоқ, кейде баланы деңгейі жетпейтін, ой-өрісі қабылдамайтын қойылымға әкеп отырғызып қоямыз. Спектакльдің түпкі ойын түсінбеген бала қайтқанша асығады. Сөйтеміз де бала кезінен оның театрға деген махаббатын сөндіріп аламыз. Оқушыны бала кезінен театрға тәрбиелеу керекпіз. Жаңа айтып өткенімдей балаға қызықты болатын ертегілер мен спектакльдерді көбейтуді ұйғарып отырмыз. Біздің әр жастағы көрермендеріміз бар. Сондықтан тек балалар ғана емес барлығы өздерінің талғамындағы спектаклін көрсін деген оймен репертуарымызға да біраз өзгерістер енгіземіз. Сонымен қатар, биыл драматургтер фестивалін өткіземіз. Әкімдік тарапынан қолдау өте жақсы, жағдай жасалған. Қаражат мәселесі де қарастырылған. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, фестивальдерге қатысу үшін, еліміздің басқа да өңірлерін аралау үшін арнайы ақша бөлінген. Өзге қаладан режиссер шақырып спектакль қоюға да мүмкіндік жеткілікті. Жалпы, тәжірибе алмасу, ол өнердің бәсін көтереді. Өзіңнің күнделікті көрерменіңе ойнау бөлек те, сыртқа барып, жаңа ортада ойнау бір бөлек. Онда бір-бірімен байланыс орнатады, өнерлерін сарапқа салады, артық-кем тұсына көз жүгіртеді, әртүрлі көзқарастағы сыншылардың пікірін тыңдайды, жаңа дағды қалыптастырады. Актер үшін тиімдісі де – осы. Артист шетелдегі көрсеткен дәрежесін ұстап қалып, жаңа бір эстетикалық мәнерде ойнай бастайды. Бұл таза актердің өсуіне, жаңа деңгейге шығуына ықпал етеді. Сондықтан, шет мелекеттерге шығып, өзіміздегі өзге өңірлерге барып тәжірибе алмасудың маңызы зор деп ойлаймын. Қалай десек те, тоқтаусыз, нәтижелі жұмыс істей береміз. Алдағы жоспарымыздың ең негізгісі – көрерменге сапалы дүние ұсыну.
Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өлкесінде тұрып жатқандықтан ұлттық шығармаларымызды, ұлтымыздың болмысын айшықтайтын палатноны сахналауды да жоспарымызға енгіздік. Сондай-ақ, ел арасында «Екінші Шәмші» атанған композитор, танымал әнші, осы өлкенің тумасы Ержан Серікбаевтың өмірінен алынған музыкалық драма қоямыз. Әзірге отбасымен кездесіп, ақылдасып рұқсатын алдық. Ел сүйіп тыңдайтын қаншама әнді өмірге әкеліп, өнегелі өмірін өнерге арнаған жерлесімізді таныта түсу керекпіз деген оймен, осы жоспарымызды қолға алдық.
Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов театрының кез келген спектаклінің электрондық билеттері жылдам сатылып кетеді. Астанадағы тетарларда да солай. Шымкенттің театрын да соған жеткізу керек. Спектакль сапалы болса көрермен келеді. Әр спектакльді қалдырмай көріп жүретін тұрақты көрермендер де бар, куә болып жүрмін. Әрдайым әлеуметтік желіде пікір жазып, белсенділік танытып отырады. Театрды өзі іздеп, сахнаны сағынып келетіндер аз емес. Сондықтан көрермен жоқ дей беруге де болмайды. «Арық сөйлеп, семіз шығайық» деген бар. Барлығын айта бергенше, іспен көрсеткенді мақұл көремін. Бәрі уақыттың еншісінде.
Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры – ел-жұртқа жақсы таныс, өзінің тарихы бар, қалыптасқан дәстүрі бар киелі орын. Менің мақсатым сол қалыптасқан дәстүрді бұзып алмай, тарихын бұрмалап алмай дұрыс жұмыс істеу. Алла алдымен абырой берсін. Қандай қойылымды да жоғары деңгейде ойнап шығатын талантты актерлеріміз бар да өнерді өшірмейміз. Театр – адамның рухани серігі. Олай дейтінім, адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орны осы ошақ. Бір ағылшын жазушысы «Театр мұражай сияқты. Біз оған бармаймыз, бірақ оның бар болғанына қарсы емеспіз» деп жазған. Теардың өз көрермені бар, мұнда келмейтіндер осы ағылшын жазушысының ұстанымымен жүргені дұрыс шығар. Енді мынаны қараңызшы, Сәкен Сейфуллин қазақ театрын ашқан кезде былай деген екен: «Театрға құлағы естімейтін адам келсе, ол сахнада болып жатқан іс-әрекетті көзімен көріп, түсініп, содан ләззат алуы керек. Ал егер көзі көрмейтін зағип кісі келсе, ол тыңдап ләззат алуы керек». Театр – халықтың айнасы. Олар жабылса өнерді өмір деп бағалаған халықтың жағдайын ойлау керек. Театр болмаса – халықтың мәдениетінің кем тұсы да сол болмақ. Біз, қазақ елі өзіміздің алған бағытымыз бар, өскен, өркендеген, білім-ғылымы жеткен елміз. Басқа іргелі елдермен тайталасып тұрған елміз. Мәдениетімізді, әдебиетімізді, тарихымызды, театрымызды әлемге таныта алатын қауқарлы елміз. Бізде қазақтың актерлік мектебін, режиссурасын танытатындай халықтың айнасы – театрлар жұмыс істейді. Барымызды бағалайық.
Әңгімелескен Аида ӨТЕП