Кинотеатрдан гөрі кітапханаға көбірек барады
23-04-2025
Өнерсүйер қауымның есінде болар, қайбір жылы «Ресей 1» телеарнасы әлемге жария еткен «Ғажап адамдар» халықаралық телебайқауында жұмулы көзбен қылқаламды бағындырған суретші Ренат Елубаев осы бір талантымен таңқалдырып, қазақтың атын бір дүркіреткені бар.
Қазақстан Республикасы Суретшілер және Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі халықаралық талай додада топ жарған Ренат Елубаев «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Мәскеу, Одесса, Сан-Маринодағы халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегері; Беларусь Республикасындағы «Куршинале-2015» Халықаралық өнер олимпиадасының Бас жүлдесінің иегері және АҚШ «New York Realism fine art» көрмесінде алтын медальмен марапатталды.
Оның жеке көрмелері Армения, Беларусь, Ресейде ұйымдастырылды. 2021 жылы «Ресей өнер сыйлығы» халықаралық жобасы аясында Константин Коровин атындағы дипломмен марапатталған. Ренат Қилыбайұлы қазақтан шыққан тұңғыш Халықаралық Микеланджело сыйлығының иегері атанды. Оның шығармашылық өрісі түстер үйлесімі мен мазмұны терең философиялық тарихи, этнографиялық, пейзаждық жұмыстардан тұрады.
Сегіз қырлы суретшімен өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Ренат Қилыбайұлы, шетелге жиі шығатын суретшілердің бірісіз. Айтыңызшы, бейнелеу өнеріне қызығатын отандық аудитория мен шетелдік аудиторияның арасында айырмашылық бар ма?
– Әрине бар. Шетелдік аудитория бейнелеу өнеріне қатты қызығады және бағалай біледі. Суретшілерді тұлға көріп, ерекше құрмет көрсетеді. Еуропалықтар қай елдің суретшілері мықты сол елдің мәдениеті жоғары немесе суретшілері нашар болса мәдениеті төмен деп есептейді. Ал енді осы көзқарасты біздің қазақтарға түсіндіріп көріңізші. «Мәдениеттің төмендігі суретшілерге не қатысы бар?» деп біздікілер реніш білдіруі мүмкін. Шетелдік достарым Қазақстанға келсе ең бірінші көрме аралап, картина көргісі келеді. Біздің суретшілердің қолынан шыққан дүниелерді көргенде таңдайларын қағып, «мықты суретшілер көп екен ғой» деп көңілдері толып қайтады. Ал сол көрмеге өзіміздің жұрт келе бермейді. Себебі қазақтар бейнелеу өнеріне қызықпайды. Мұның себебі – сурет өнері қазақтың төл өнері емес. Бәлкім сонау сақ, ғұндардың заманында бейнелеу дамыған шығар. Бізге жеткен әшекей бұйымдар соның дәлелі. Бейнелеу өнері негізінен қазақ жерінде ХХ ғасырдың екінші жартысында дами бастады. Кеңес Одағының арқасында біз сурет өнерін дамыттық, осы кезеңдерде мықты суретшілеріміз шықты және шығып та жатыр. Айталық Шоқан Уәлихановтың інісі Мақыжан керемет суретші болған. Петербургтегі Көркемсурет академиясының шеберханасында ұзақ уақыт жұмыс істеген. Өкінішке қарай оның суреттері сақталмаған. Қоғам қызықпағасын бәрі жоғалып тынған. Сурет салу қазақтың қанында бар. Әйтпесе Қастеев секілді аңыз адамдар туылмас еді. Міне, енді қараңыз. Бұл парадокс. Қазақта мықты суретшілер көп, бірақ бұл өнерді түсінбейміз, бағаламаймыз. Сондықтан елімізде сурет өнері кенжелеп тұр. Әйтпесем біздің қылқалам шеберлеріміз әлемдік суретшілермен терезесі тең тұр деп айта аламын. Сондықтан қанымызда бар бейнелеу өнерін дамытып, қоғамда оң көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Сурет өнеріне деген немқұрайлығымызды доғарайық. Қазақстанда суретші әлеуметтік статусы төмен, бағаланбайтын мамандық. Суретшіге біздің қоғам барып-келдіге жұмсайтын құрылыс алаңындағы жұмысшы ретінде қарайды. Ал ақын, әнші, спортшыларды көрсек бәйек қағып, алып-ұшып күтіп аламыз. Төбемізге көтеріп, төрден орын береміз. Мұндай сезімді өз басымнан өткіздім, көрдім. Бір кездері мен өлең жазып, тіпті кино да түсіргенмін. Көпшілікке «ақынмын», «режиссермын» десең екі қолдап амандасып, ілтипат көрсетеді. Ал суретшімін десең «аа, солай ма» дейді де қояды. Осындай сәттерде суретшілерге құрмет неге төмен деп ренжіген кездерім де болды. Бұл қызғаныш емес. Өзге мамандық иелеріне де құрмет көрсетілуі тиіс. Бірақ суретшілер қауымына да тең дәрежеде құрмет көрсетілсе деймін. Қазір шүкір, халық мені танып, біліп қалды. Барған жерімде төр ұсынады. Елдің мұндай ықыласына жету оңай болмағанын мойындаймын. Өзімді таныту үшін, дәлелдеу үшін жылдар бойы еңбектеніп, тер төктім. Шетелдік байқауларларға қатысып, Ресейдің «Удивительные люди» халықаралық телебайқауынан бір-ақ шықтым. Байқаудың нәтижесінде көзін жұмып сурет салатын суретші ретінде жұртқа танылдым. Әйтеуір еңбегіміз бағаланып жатыр. Бірақ ортамызда аты аталмай, еңбегі еленбей жүрген қаншама әріптестерім бар. Яғни суретшілердің біздің қоғамда танымал болуы өте қиын.
Қазақ бейнелеу өнерінің тарихы жоғарыда атап өткенімдей әлі жас. Алдағы уақытта бұл өнердің құдіретін түсінетін, бағалайтын халыққа айналамыз деп сенемін.
– Шығармашылық адамдардың тұрақты табысы болмайтыны анық. Қазіргі суретшілер қалай күн көріп жүр, негізі табыс көзі қандай?
– Осы күнге дейін картиналарын сатып байып кеткен суретшіні көргенім жоқ. Себебі бізде оны сатып алатын адамдар жоқтың қасы. Сәті түсіп, кездейсоқ біреулер тәуір ақшаға сатып алмаса, картинаны жинауға, жиі сатып алуға әуес адамдар сирек. Қызыққанымен көп адам сатып алуға ақшасын қимайды. Ал кез келген суретші өзінің еңбегін төмен бағалағысы келмейді. Жұмыстарын арзанға сататын суретшілер де бар. Бірақ олар картинаны коммерциялық мақсатта салады. Ал ақша үшін салынған дүниенің мәні де, сапасы да болмайды. Ондайларды мен нашар, деңгейі төмен суретшілер деп санаймын. Бірақ шығармашылық адамы да күн көруі керек қой. Арасында симпозиум, көрмелерде бірен-саран картиналары сатылғаны болмаса қазіргі суретшілердің көбісі жеке сабақ беру, шеберлік сыныптарын өткізу арқылы табыс тауып жүрген жайы бар. Менің де негізгі табыс көзім осы жеке сабақтар. Өткен жылы Мемлекеттік стипендияға қол жеткіздім. Осы секілді көп болмаса да мемлекеттік қолдауды сезініп отырған әріптестерім де бар.
– Туындыларыңыздың жалпы барлығына ортақ айтар ойыңыз, идеяңыз қандай?
– Қатып қалған қағидам, сызып қойған шеңберім жоқ. Түрлі жанрда сурет сала беремін. Ол менің көңіл-күйіме байланысты. Мәселен, отбасы құндылықтарына арналған картиналарым көп. Қазақ қоғамындағы әженің, ананың рөлі, бауырмалдылық секілді ойларды жеткізуге тырыстым. Түркі әлемін бейнелейтін жұмыстарым да бар. Қазір Алаш Орданың тұлғаларын салып жатырмын. Жалпы мен картиналарымның басым бөлігін көзімді жұмып салғанмын. Сурет салуда мен ең бастысы бояуларға мән беремін. Олардың құрылымы, үйлесімі деген секілді. Картиналарыма ашық түстерді қолдануға тырысамын. Себебі олар адамға керемет көңіл күй, ләззат сыйлайды. Менің басты мақсатым да осы – сурет арқылы адамдарға әдемілікті көрсету, қуаныш, ләззат сыйлау.
– Тәуелсіз Қазақстандағы ең мықты деп қай суретшілерді атай аласыз?
– Егер 90-шы жылдан бергіні сұрасаңыз №1 суретші деп Ерболат Төлепбайды атар едім. Ал қалғандарын екінші, үшінші деп бөле жарғым келмейді. Себебі әр суретші қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өзінше үлесін қосып жүр.
– Астананың тұрғынысыз. Қонағы үзілмейтін бас шаһардың сәулеттік келбетіне көңіліңіз тола ма? Жалпы еліміздегі қалаларда нысандар, ескерткіш, мүсіндердің барлығы бір сарынды секілді. Батырлар мен хандар, ақындар мен жазушылардың ескерткіштерінен көз сүрінеді. Осы бізде креативті дүниелер неге жоқ?
– Ұлы тұлғаларымызға арналған ескерткіштер көп бола берсін. Олар келешек ұрпаққа керек. Ал қалалардың келбеті, ғимараттарға келер болсақ, креативтің жетіспейтіні шындық. Біз өзгенікін таңсық көріп тықпалай береміз. Көшірме дүниенің керегі жоқ. Бізге қазақтың болмысын айшықтайтын, ұлттық дүниетанымызды танытанын нысандар, мүсіндер керек. Әлемде қазақтың болмысы секілді ерекше халық жоқ. Сол қазақылықты, рухани әлемімізді көрсететін ерекше дүниелер жоқ. Ғимараттың түсі сұр, мүсіннің биіктігі екі метрден аспау керек деген секілді стандарт, протокол, қатып қалған ережемен жүрудің қажеті жоқ. Шығармашылыққа еркіндік керек. Сонда ғана креативті, қазақи дүниелер пайда болады.
– Жоғарыда бір кездері өлең жаздым дедіңіз. Сіздің сөзіңізге жазылған бірталай ән де бар екен. Кітапқа татырлық дүниеңіз бар секілді. Соның бәрін жинақтап, кітап шығару ойыңызда жоқ па?
– Жоқ. Мен өзімді ақынмын деп санамаймын. Жас кезімде бәрінің дәмін татып көрдім. Қылқалам орнына қолға қалам алып, біраз әнге сөз жазған кезім болды. Жүректен шыққан әндерім де бар. Жақында ғана «Өмір мәні» атты әнім шықты. Яғни сөзі де, музыкасы да өзімдікі. Шынымды айтсам өлеңдерім жазған жерімде қалды. Жинамаппын. Менің негізгі мамандығым, кәсібім – суретші. Қылқаламмен әлемді, әдемілікті суреттеу маған Алладан берілген бақ. Сондықтан бар күш-жігерімді осы салаға арнап жүрмін.
– «Көлеңке», «Полигон» атты фильм түсірдіңіз. Сын көп айтылды ма? Режиссер ретінде алғашқы туындылар үшін қылмыс, саясат тақырыптары ауыр болған жоқ па?
– Қылмыс әлемін баяндайтын «Көлеңке» фильмін 2008 жылы кіп-кішкентай камера, ескі ноутбук және сенесіз бе, көк тиынсыз түсірдім. Менің жасөспірім кезеңім криминалды 90-шы жылдарда өтті. Елімізде атыс, шабыс, ұрлық, жауыздық жайлап тұрған қиын заман болды ғой. Оң мен солды ажыратып, енді қалыптасып келе жатқан жаста соның бәрін естідік, көрдік. Содан санада «біздің қоғам осындай ма, білімі емес білегінің күші барды ғана сыйлай ма, біреуге үстемдік көрсету арқылы ғана сый-құрметке қол жеткізе ме?» деген көзқарастар пайда болды. Міне, осының бәрін кинода көрсеткім келді. Әрине сын көп айтылды. Сыналса да «Көлеңкенің» көрермені көп болды. Сол жылдары қазіргідей интернет болған жоқ. Фильм көпшілікке «пиратский» диск арқылы тарады. Тіпті оны Өзбекстан, Қытайдағы қандастарымызға дейін тамашалапты. Сосын бұл кино «ютубқа» салынды. Аз уақытта миллионнан астам қаралым жинап үлгеріп еді, кейіннен оны «ютуб» платформадан өшіріп тастапты. Қайта салдым. Қазір әжептәуір қаралым жинап жатыр. Отырып алып коментарииге неше түрлі сын пікір жазғандарды да көрдік. Солардан дәл осылай бір тиынсыз кино түсіре аласыңдар ма деп сұрағым келеді. Ақшасыз, тіпті мықты режиссерлардың өзі кино түсіре алмайды. Ал «Полигонды» ешкім көрмеді де, сынамады да. Себебі ол арт-хаус жанрында түсірілді. Яғни, қияли кино. Көрермен алғашқы минуттарын көреді де, түсініксіз болған соң өшіре салады. Ал оны толық түсініп, көріп шыққан адам менің Кеңес Одағын жақтырмағанымды өзге де терең ойларымды аңғара алады.
– Бұрындары ата-аналар «ертеңгі күні наныңды тауып жей алмайсың», «сурет саған нан бола ма?» деп балаларын бұл салаға жібермеуге тырысатын. Қазіргі ата-аналардың көзқарасы және балалардың бейнелеу өнеріне қызығушылықтары қандай?
– Балалар тарапынан қызығушылық жоғары. Қабілеттері өте жақсы. Кейде жастарға қарап қайран қаламын. Ғаламтордан өз бетінше ізденіп, үйреніп алатындары да бар. Суретшінің жолы ауыр, қолдау болмаса қиын. Сондықтан ата-аналардың уайымын түсінуге болады. Дегенмен балалардың үйірмелерге қатысып, сабақ алып, сурет салуына шектеу қоймасаңыздар екен деймін. Мейлі ол бала ертеңгі күні суретші болмай-ақ қойсын. Бірақ сурет салу арқылы бала басқа қабілеттерін шыңдайды. Сурет сала білетін адам кез-келген саланы еркін меңгеріп кете алады. Себебі сурет икемділікті арттырады. Суретшілер мықты экономист, программист, дизайнер болуы мүмкін. Қазір көптеген суретшілер дизайнерлікке бет бұрып жатыр. Байқасаңыздар суретшілер жан-жақты болып келеді. Сондай-ақ әлемдегі мықты ұлы тұлғалардың өмірбаянына үңілсеңіз бір кездері сурет салғанын, шын мәнінде суретші болғанын көресіз. Мысалы, атақты қылқалам шебері Леонардо до Винчи физика, техника ғылымдарын меңгеріп, инженерияны зерттеді. Егер ол суретші болмаса осының бәріне қызықпас еді. Ал әйгілі физик Ломоносов мықты суретші болған. Ол мозайкаларды қайта жаңғыртқан адам. Көрнекті саясаткер Уинстон Черчиллдің импрессионист, керемет живописші болғанын білесіз бе? Генерал-фельдмаршал шеніне дейін жеткен немістің әскербасы Фридрих Паулюс тамаша сурет сала білген. Тіпті жауыз Гитлер де суретші болған. Виктор Цой бала кезінен қылқалам мен бояуға қызығушылық танытып, өнер мектебінде оқыған. Сондай-ақ ежелгі философтардың көбісі ғылым жолын сурет салудан бастаған. Мұндай дарынды жандар қазақта да жетеді. Айталық Тимур Бекмамбетов, Рүстем Әбдірашев та суретші. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың да сурет сала білетін қыры бар. Заманбек Нұрқаділов та керемет картиналар салған екен. Айта берсең мысал көп. Міне, сурет өнерінің құдіреті осында.
– Сурет арқылы адамдарды емдейді екенсіз. Сіздің терапияңыздың ерекшелігі неде?
– У-шуы мен проблемасы көп, жұмысқа көмілген мына нарықтық заманда адамның жүйкесі қатты тозады. Мұндайда сурет салу адамның жан-дүниесін емдейді. Маған әр түрлі «пациенттер» келеді. Жұмыстан, қиындықтан шаршаған қарапайым адамдар, күйзеліске ұшыраған жандар, сондай-ақ жүйке жүйесі ауруына шалдыққан науқастар, кейде диагнозы ауыр адамдар да келеді. Олар менімен бірге сурет салу арқылы жаңа күш-қуат алып кетеді, жаны тынышталады. Мұны арт-терапия деуге болады. Бірақ менікі өзгешелеу, өзімнің методикаларым бар. Мен адамдардың түпсанасына әсер ету арқылы көзді жұмып сурет салғызамын. Терапияның нәтижелері жаман емес. Түсіне білген жанға сурет деген шексіз, құпия әлем ғой.
– Ренат Елубаев атындағы балалар байқауы өтіп тұрады екен. Өз атыңыздан байқау ұйымдастыру кімнің идеясы болды?
– Өзімнің және таныстырмының бастамасы болатын. Байқау биыл алғаш рет өтті. Мақсатымыз: балаларды бейнелеу өнеріне баулу, өнерлерін шыңдау, қанаттандыру. Шыны керек әріптестерімнің байқауды менің атыммен атаймыз дегенде «ұят емес пе» деп ыңғайсызданғаным рас. Олар «сенің жетістігіңді қайталған қай суретші бар, айтшы. Бұл ұят емес, керісінше мақтаныш. Балалар үшін де Ренат Елубаевтың конкурсын жеңіп алдым деген мәртебе болады» деп ойларын айтқан соң, келістім. Байқауды тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
– Басыңыздан қазақтың тақиясын тастамайды екенсіз. Бұл образдық үлгіңіз бе?
– Кішкентай кезімнен атамның тақиясын кие беріп, тақияға ғашық болған баламын. Тақияның менде түр-түрі бар. Әлі күнге дейін басымнан оны тастамауға тырысамын. Алайда жұрттың «әлі жассың ғой, неге тақия киіп алғансың, шалсыз ба?», «уахабиссің ба?», «намазхансың ба?» деген сөзі мезі етіп жібереді. Ұлттық киімді неге дінге тели беретінімізді түсінбеймін. Тақияны киіп жүруге міндетті түрде бір себеп керек пе? Тақия ғана емес өзге де ұлттық киімдерімізді жәй ғана киіп жүргім келеді. Бірақ жұрттың түсінігі басқа екен. Тағы бір айтарым, тақия қазақтың «тақуа» деген сөзінен шыққан. Негізінен тақияны «төбешік» деп атаған дұрыс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ