Алдағы бес жылда 2,5 миллион қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін
Қазақстанда жасанды интеллект пен автоматтандыру салдарынан 2,5 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебі бойынша, кей мамандықтар жақын арада жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы нәтижесінде өзектілігін жоғалтуы мүмкін.
"Бес жыл ішінде шамамен 2,5 миллион маманның кәсібі автоматтандыру тәуекеліне тап болады. Соның ішінде 1 миллионға жуық адамның жұмысын жасанды интеллект алмастыруы ықтимал", – деді Мун.
Үкімет бұл өзгерістерге дайын болу үшін азаматтарды жаңа технологияларды меңгеруге оқытпақ.
"2029 жылға дейін 1 миллион қазақстандық жасанды интеллект негіздерін үйренеді деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Astana Hub сайтында алғашқы бейнесабақтар бар. Барлығы тегін, онлайн түрде өтеді", – деді ол.
Сондай-ақ журналистер вице-министрден жасанды интеллекттің мемлекеттік аппараттағы қызметкерлер санын азайтуға әсері туралы сұрады.
"Иә, жасанды интеллект кейбір күнделікті процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға көмектеседі. Бірақ нақты қандай қызметтер қысқаратыны әзірге белгісіз", – деп түсіндірді Дмитрий Мун.
Оның айтуынша, жасанды интеллект тек белгілі бір стандартты міндеттерді орындай алады, ал адам бір уақытта бірнеше түрлі жұмысты атқарады. Сол себепті технология адамның орнын толық баспайды, тек оның жұмысын жеңілдетеді.