Шетелде жұмыс істеу үшін орыс тілі қажет емес
“Рейс Дубай - Астана, кезекті вахтамнан қайтып келем. Ұшақтағы орындарымызға жайғасып жатырмыз. Бұл рейспен жиі ұшам, әдеттегідей ұшақ толы Араб Әмірліктерінен қыдырып қайтып келе жатқан қазақтар. Жастарды былай қойғанда, немерелеріне орысша сөйлеген аталар мен әжелер. Қысқасы, әдеттегі көрініс.
Менің қасыма екі қазақ әйел адам келіп орысша бірдеңе сұрады, мен түсінбегендей сыңай таныттым, олар қайта сұрады, мен сізді түсінбеймін, қазақша айтасыз ба дедім (расында түсініп тұрмын, орысша оқыған кітаптарымның саны жоғары сыныпқа жетпей 100 ден асып кеткен) Олар содан амалсыз қазақша сұрады, қасымдағы екі орынға жайғасты.
Жөн сұрасып жатырмыз. Дубайдан демалып келе жатыр екен, мен Атыраулық екенімді, Дубайдан жұмыстан келе жатқанымды айттым.
Кім болып жасайсыз деді, мұнай-газ саласында инженермін дедім, жүздерінде таңданыс бар, сезіп отырмын неге екенін...
Көп ұзамай маған сіз расында орысша білмейсіз бе, неліктен сөйлемейсіз деді. Орыс тілінің маған не керегі бар, елде қазақша, жұмыста ағылшынша сөйлесем дедім. Олар әлі аң-таң.
Сонда сіз мұнай саласының маманысыз, шетелде жасайсыз, ал орысша сөйлемейсіз, сонда қалай, мүлдем керек емес пе деді. Мен иә, орыс тілі расында керек емес дедім.
Одан әрі оларға елімізде ешкімге қазақ тілінсіз болашақ жоқ екенін түсіндіруге тырыстым, түсінді ме жоқ па, білмедім. Және мұнай саласында жақсы маман болу үшін қазақ тіліне қосымша ағылшын тілін жетік білу керектігін айттым, ал орыс тілінің шетелде ештеңеге пайдаға аспайтынын айттым.
Ұшақтан түскенше менімен тек қазақша сөйлесті.
Осыған ұқсас жағдайлар менде жиі болып тұрады.
Қысқасы, ешкімнен ештеңе күтпей, әрқасымыз ана тілімізді ісімізбен қолдасақ қана тіліміз үстемдік құрады.
Бәріңізге сәттілік.
P.S. Тура 3 жыл бұрын осындай пост жазыппыз. Бүгінгі жиында біреудің сөзіне қарап еске түсіп отыр………………
Arman Rakhmet