Сотталған экс-ректор сауда орталығында жүр
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков, 2020 жылы 1,7 млрд теңгені жымқырды деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Жуырда ол Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде байқалды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оның заңды түрде босатылғанын растады. Ведомство мәліметінше, Шыныбековке амнистия қолданылып, қамаудағы уақыты қайта есептелген. Нәтижесінде, сотталған экс-ректор жаза мерзімін толық өтеді деп танылып, бостандыққа шыққан.
«Аталған азаматқа заңнамаға сәйкес амнистия қолданылды. Қайта есептеу нәтижесінде белгіленген жаза мерзімі толық өтелді деп танылып, ол заңды түрде босатылды», – деді ҚАЖК өкілдері. Ведомство жаза мерзімін қайта қарау тек сот арқылы жүзеге асатынын және ол міндетті екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қазанында университеттен 1,7 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сот процесі аяқталған. Айыпталушылар қатарында Шыныбековпен бірге бұрынғы бас бухгалтер Жанайым Спабекова да болды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2013–2018 жылдар аралығында олар жалған келісімшарттар жасап, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Сот оларды алдын ала сөз байласқан топ ретінде аса ірі көлемде мүлікті иемдену және ысырап ету бойынша кінәлі деп таныған. Спабековаға қосымша түрде қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру бабы да тағылған.


