«Екілік алған оқушы сияқтысыз»: Жаңбыршин мұнай компаниясының басшысын бір сыбап алды
Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің отырысында “Матен Петролеум” компаниясының бас директоры Лю Цзиньчэн депутат Еділ Жаңбыршиннің сынына ұшырады.

Жиында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз”, “Матен Петролеум” және “Бұзашы Оперейтинг ЛТД” филиалының сатып алуларындағы қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру мәселесі талқыланды.
Талқылау барысында Жаңбыршин “Матен Петролеум” АҚ бас директорынан қазақстандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар бар-жоғын нақты сұрады. Компания өкілі жауап беруге тырысқанымен, депутат жауапты тікелей бас директордың өзінен талап етті.
“Бас директорсыз, жоғары жалақы аласыз. Ұзақмерзімді келісімшарттар бар ма, жоқ па?” – деді ол.
Лю Цзиньчэн келісімшарттар бар екенін айтқанымен, олардың саны жөнінде нақты жауап бере алмады. Осы сәтте көмекшілерінің сыбырлап жауап айтуы депутаттың наразылығын күшейтті.
“Сұрақтар сіздерге алдын ала жіберілді. Сіз дайын емессіз бе?” – деп ескертті Жаңбыршин.
Ал компания басшысы “есте сақтау қабілетім онша жақсы емес” деп жауап берген. Бұл мәлімдеме депутаттың одан әрі сынына себеп болды.
“Бас директор ретінде кіммен, қандай тауар позициялары бойынша, қандай сомаға және қандай мерзімге келісімшарт жасағаныңызды білуіңіз керек. Ал сіз екілік алған оқушы сияқты жауап бере алмай отырсыз”, – деді депутат.
Сын “Бұзашы Оперейтинг ЛТД” филиалының бас директоры Чжу Айцзюньге де бағытталды. Жаңбыршин кейбір компаниялардың қазақстандық брендті пайдаланып, шетелде өндірілген жабдықты отандық өнім ретінде жеткізетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайларды компаниялар өздері бақылауға тиіс.
Отырыс қорытындысында депутат компания басшыларынан барлық сұрақтарға жазбаша түрде толық жауап беруді талап етті.


