Сенат бір депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты

Oinet.kz 12-02-2026

Сенаттың жалпы отырысында Қызылорда облысынан сайланған депутат Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамовтың депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Оinet.kz тілшісі.

 Бұл шешім оның жаңа қызметке — Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалуына байланысты қабылданды. 

"Өздеріңізге белгілі, әріптесіміз Наурызбай Байқадамов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Наурызбай Сейтқалиұлы, алдағы жауапты жұмыстарыңызға табыс пен сәттілік тілейміз. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Сенатқа тиісті ұсыным енгізді. Конституциялық нормаларға сәйкес, бұл мәселе бойынша Сенат тиісті қаулы қабылдауы керек. Ендеше, басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сенат депутаты Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлының өкілеттілігі тоқтатылсын", - деп атап өтті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

 Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамов 1967 жылы 10 шілдеде Қызылорда облысының Ж. Махамбетов ауылында дүниеге келген. Ол Н. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «тарих және француз тілі» мамандығы бойынша аяқтаған, тарих ғылымдарының кандидаты және доцент.  

Еңбек жолын 1991 жылы тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Содан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі және проректор секілді лауазымдарды атқарған.  

Сонымен қатар Байқадамов аймақта түрлі мемлекеттік және партиялық қызметтерде болды: Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасары, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасы сияқты лауазымдарда жұмыс істеді.  

2024 жылғы сәуірден бастап Наурызбай Байқадамов Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаты болып сайланған.  


Бұрынғы әкім енді «Құрметті азамат» емес
Сотталған экс-ректор сауда орталығында жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу