Бұрынғы әкім енді «Құрметті азамат» емес
Абай облысы прокуратурасының тексеруінен кейін экс-аудан әкіміне берілген «Құрметті азамат» атағының күші жойылды. Бұл туралы Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Прокуратура Бесқарағай аудандық мәслихатының экс-әкім Нұрлан Сыдықовқа «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімінің заңдылығына тексеру жүргізген. Тексеру барысында оның аталған атаққа сәйкес келмейтіні анықталған.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, «Абай облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағы мінсіз еңбегімен және қоғам мойындаған елеулі жетістіктерімен ерекшеленген азаматтарға беріледі. Алайда Нұрлан Сыдықов бұған дейін Жарма ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған. Жарма аудандық сотының үкімі заңды күшіне енген.
Заң талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларға мұндай атақ беру қарастырылмаған.
Облыстық прокуратураның наразылығы негізінде аудандық мәслихат шешім қабылдап, экс-әкімді «Ауданның Құрметті азаматы» тізімінен алып тастады.


