Археолог: Конькидің отаны – Қазақстан
Қазақстан – конькидің тарихи отаны. Бұл туралы археолог, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультеті Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиұлы мәлімдеді. Бұл туралы Оinet.kz порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ғалымның айтуынша, коньки ең алғаш Қола дәуірінде қазіргі Қазақстан аумағында мал сүйегінен жасалған. 1948 жылы Қостанай облысында Тобыл өзені бойындағы Қола дәуірі қонысына жүргізілген археологиялық қазба барысында зерттеуші О. А. Кривцова-Гракова белгісіз сүйек бұйымдарды тапқан. Алайда ол кезеңде олардың коньки екені анықталмаған.
Кейін 1961–1965 жылдары археолог Әбдіманап Оразбаев қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Шағалалы өзені маңындағы Қола дәуірі қонысын зерттеу кезінде сүйек конькилерді анықтаған. Ол бұл жаңалық туралы мақалаларын 1965 жылы Қазақстан басылымдарында және Мәскеуде ағылшын тілінде жарық көрген Soviet Life газетінде жариялаған. Кейін шетелдік сарапшылар зерттеу жүргізіп, табылған бұйымдардың шынында да сүйек коньки екені расталған.
Археологтардың дерегінше, мұндай олжалар Қазақстанның өзге өңірлеріндегі Қола дәуірі қоныстарынан да табылған. Олардың жасы шамамен 3600 жылға тең. Сүйек конькилер көбіне жылқының сирақ сүйегінен жасалған.
Қазба барысында ересектерге де, балаларға да арналған үлгілер табылған. Салмағы шамамен 400 грамм болғанымен, ғасырлар өте мүжіліп жеңілдеген болуы ықтимал. Екі басында арнайы тесіктері бар бұл бұйымдарға қайыс бау тағылып, аяққа бекітіліп пайдаланылған деген болжам бар.
Ғалымдардың пайымынша, сүйек коньки жасау идеясы кездейсоқ тәжірибеден туындауы мүмкін: ежелгі адамдар мұз үстінде жатқан сүйектің сырғанайтынын байқап, оны тұрмыста қолдана бастаған.


