«Рыбакина мен Бублик – сатқындар». Ресейдің спорт министрі оларды елге кіргізбеуге шақырды
Ресей «сатқындарды» елден шеттету тәсіліне бел шеше кірісі жатқан сыңайлы. Бір аптадай бұрын қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынған болатын. Енді ресейлік төлқұжатын Қазақстанның азаматтығына ауыстырған теннисшілер Елена Рыбакина мен Александр Бубликке де осындай шара қолдану жайлы бастама көтеріліпті. Және мұны анау-мынау емес, Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев мәлімдеді,- деп жазады Оinet.kz тілшісі.

Оның айтуынша, спорттық азаматтығын ауыстырып, өзге елдердің намысын қорғап жүрген кәсіпқойлардың Ресейге кіруге тыйым салынбақ екен.
«Біз осы жайтпен күресіп жатырмыз. Мен тиісті бұйрыққа қол қойдым, тіпті азаматтығын ауыстырға бір шахматшыны гроссмейстер атағынан айырдым. Біз оларды асырап, тәрбиелейміз, жаттықтырушылар және тиісті базалармен қамтамасыз етеміз де, олар кейін төлқұжатты тастап, өзге елдерге кетіп қалады. Барлығынан айыру керек, елге кіруге тыйым салып, біздің спорт нысандарын пайдалануға жол бермеу керек. Біз соған келе жатырмыз. Бұл мәселеде компромисстің болуы мүмкін емес. Азаматтықты ауыстыру – таза сатындық» деп мәлімдеді Дегтярев.
Ресейден Қазақстанға ауысқан бірталай спортшының ел намысын қорғап жүргені белгілі. Әсіресе теннисте Елена Рыбакина мен Александр Бублик қазір теннис әлемінің танымал жұлдыздарына айналғаны ресейліктердің шымбайына қатты батып отыр. Біраз жылдан бері көршілес елде «мұндай спортшылар сатқын ба, жоқ па?» деген сауал төңірегінде пікір-талас өрбіп келеді. Спорт министрінің нақты берген бағасы отқа май құйғандай әсер қалдырды.
Ресейлік спорт сарапшылары мен журналистердің біразы осы бастаманың іске асатынына күдікпен қарайды. Десек те, Ресейдегі ұлттық саясатқа қатысты ұстанымды ескере отырып, барлығы да мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Әлбетте, жақын ағайын-туыстары Ресейде қалып қойған қазақстандық спортшылар үшін бұл оңайға соқпайды. Осы кезге дейінгі барлық сұхбаттарында Рыбакина да, Бублик те өздерін қазақстандық спортшы санайтынын қайта-қайта айтқаны белгілі.
Бір қызығы, Ресейдің өзі де өзге елдердің спортшыларын өз азаматтығына тарту бағытында белсенді әрекет жасап келген. Айталық, шорт-тректен Ресейге Олимпиаданың үш алтын медалін жеңіп берген Виктор Ан (Оңтүстік Корея), екі дүркін олимпиада чемпионы атанған сноубордшы Вик Уайлд (АҚШ), мәнерлеп сырғанаушы Юко Кавагути (Жапония) осыған жарқын мысал бола алады.


