Құрылтай сайлауы қыркүйекте өтеді

Ата Заңның референдумға шығарылған жаңа жобасына сәйкес Қазақстанда Парламент сайлауы қыркүйекте өтуі мүмкін.
Жаңа Конституцияның жобасына сәйкес республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады.
Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы
1 шілдеден бастап тоқтатады.
Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс және ол екі ай ішінде өткізілуге тиіс. Яғни бұл мерзім қыркүйек айына тура келеді.
Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.


