Ыстықкөлдегі санаторийлер Қазақстан меншігіне өтеді
Қазақстан Президентінің Іс басқармасы Ыстықкөл жағалауындағы «Қазақстан» санаторийінің құрылысын бастап кетті. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған, деп жазады Оinet.kz.

Сенатор Нурия Ниязованың айтуынша, аумақтағы ескі ғимараттардың барлығы сүріліп, тек тарихи-мәдени мұра ретінде Дінмұхамед Қонаевтың №1 саяжайы ғана сақталады. Ол үй-музейге айналмақ.
Бұл жұмыстар Қазақстан Парламенті Сенаты қабылдаған жаңа заң аясында жүзеге асады. Құжат Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы қазақстандық пансионаттардың құқықтық мәртебесін айқындайды.
Келісімге сәйкес, Қазақстан жалпы аумағы 58,8 гектар жерді 49 жыл мерзімге жалға алады. Аталған аумақта кеңес дәуірінде салынған демалыс және сауықтыру нысандары орналасқан.
Сонымен қатар Қазақстан төрт нысанға меншік құқығын иеленеді:
– «Қазақстан» санаторийі (17,5 га);
– «Университет» пансионаты (17,4 га);
– «Самал» демалыс үйі (9,2 га);
– «Олимп» пансионаты (14,7 га).
Құжат талаптарына сәйкес, бұл демалыс орындары (спорттық базадан басқа) 3–4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңартылуы тиіс. Ал Қырғызстан тарапы аталған нысандарды кері қайтарып алмауға кепілдік береді. Жер телімдері тек демалыс және сауықтыру мақсатында пайдаланылмақ.
Айта кетейік, екі ел арасындағы келісім курорттық аймақтағы нысандардың жұмыс істеуі үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.


