Ұлы тұлғалардың оғаш әрекеттері
Әлемдегі көптеген данышпан адамдардың оғаш қылықтары, адам сенгісіз әрекеттері аңызға айналып кетіп жатады. Бәлкім олар солай оғаш көріну арқылы қоғамнан ерекшеленеміз деп сенген болар. Бәлкім сол оғаш қылықтары шығармашылық процесіне көмектеседі деп ойлаған болар. Кім білсін...
Чарльз Диккенс – ағылшын жазушысы. Күн сайын жарты литр шампан ішіп отырған. Ол өзінің танымалдығын көтеру үшін Англияда оқырмандарға дәріс оқып бастайды. Қойылымдары өте сәтті шығып Англияны аралап болған соң, Америкаға бағыт алады. Ал оқырмандардың алдында еркін дәріс оқу үшін жарты литр шампан таптырмайтын жәрдем болса керек. Диккенстің тағы бір әдеті – ол жанынан компасын тастамайтын. Және басын солтүстікке қаратып ұйықтайтын болған. Шығармаларын да солтүстікке қарап отырып жазған деседі. Ол мұны шығармашылық энергия алатынына сеніп жасаған. Сонымен қатар, жазушы мәйіттханада уақыт өткізгенді жақсы көрген. Ол мұны «жиіркенішті тартымдылық» деп атаған.
Оноре де Бальзак – француз жазушысы. Бальзак кофені өте көп мөлшерде ішкен. Және шығармашылық жұмыстарымен тек қараңғыда айналысқан. Күндізгі уақытта да, өзін бір бөлмені толық қараңғылап тастап, айлап сол бөлмеден шықпай тәулігіне 18 сағат бойы жазуға мәжбүрлеген. Тіпті кейде екі тәулік тұрмай жазатын көрінеді. Бірақ, дәрігерлер Бальзактың ажалы кофені тым көп ішуі мен сол өзін-өзі қинауынан болды деп есептейді, жүрегі көтере алмаған.
Никола Тесла – серб-американдық инженер және физик. Сарапшылар Тесланың бойында обессивті-компульсивті синдром болғанын айтады. Ғалым тамақты маниакалды түрде санап ішетін болған және тәулігіне 2 сағат ұйқыға қанағат еткен. Бірақ Тесланың бұдан да оғаш көрінетін әрекеті – ұйықтар алдында саусақ жаттығуларын жасаған екен. Яғни, саусақтарын 100 рет қысып-босатып, қысып-босатып жаттыққан. Ал өзі бұл жаттығулар ми жасушаларының белсенділігін арттыратынына сенген көрінеді. Бұл соңы емес. Тесла қонақ үйде түнейтін күндері бөлме нөмірін тек үштің еселігінен таңдаған екен. Яғни, Тесла түсетін бөлме нөмірі 3-ке бөлінетін саннан тұруы тиіс болған.
Фридрих Ницше – неміс философы. Ол еңбектерін үстелге жайғасып отырып емес, түрегеп тұрып жазған. Және түрегеп тұрып істеген жұмысы, отырып жазған дүниесіне қарағанда анағұрлым өнімді болады деп сенген. Себебі, процесс барысы – отырып демалатын уақыт емес, ми жасушылары тек түрегеп тұрған кезде ғана белсенді жұмыс істейді деп ойлаған.
Фридрих Шиллер – неміс ақыны әрі философ. Ақын үстелде отырып жазу жазғанымен шабытты шіріген алманың исінен алған көрінеді. Иә, шіріген алмадан. Ол жазуға отырған кезінде үстелінің астыңғы тартпасына 1 қорап шіріген алма салып қоятын болған. Мұны ақынның досы Гете де жазады: «Мен бір күні Фредерикке қонаққа келдім, бірақ ол үйде болмай шықты. Ал әйелі менен жұмыс бөлмесінде күтуімді өтінді. Жұмыс бөлмесіне кіріп орындыққа отырғаным сол, жүрегім айнып кетті. Тіпті болмағасын, терезеге барып тыныс алдым. Басында аяқ асты неге жүрегім айнып кеткенін түсінбей қалдым. Кейін танауыма бір иіс келді. Сөйтсем Шиллердің тартпасында он шақты шіріген алма жатыр. Алмалардың көзін құрту үшін үй қызметкерлерін шақырып едім, олар маған шіріген алмалардың әдейі осында қойылғанын айтты. Әйтпесе Шиллер жұмыс істей алмайды екен. Кейін Фредрик келіп мұның бәрінің рас екенін айтты».
Петр Чайковский – орыс композиторы. Ол күнделікті 2 сағат серуендеп отырған. Мұндай серуеннің графигін Серен Кьеркегард пен Чарльз Диккенс те ұстанған екен. Алайда Чайковский сияқты қатаң емес. Себебі, композитор бір күнгі серуенге шықпай қалса, міндетті түрде ауырып қаламын деп қорыққан.
Эдгар Аллан По – американдық жазушы. Ол өз еңбектерін жұрт сияқты бүтін параққа емес, сол парақтан қиылған жолақ қиындыларына жазған. Кейін оны қайта құрастырып, бүтін қағазға жабыстырып отырған.
Ги де Мопассан – француз жазушысы. Мопассан Эйфель мұнарасын жек көретін. Сөйте тұра ол үнемі мұнара ішіндегі ресторанда түстенді. Себебі, ол Париждегі мұнара көрінбейтін жалғыз орын болатын.
Карл Густав Юнг – швейцариялық психолог және психиатр. Ол тамақ дайындайтын ыдысымен адамша сөйлескен екен.
Альберт Эйнштейн – неміс физик-теоретигі. Эйнштейн бала кезінен шұлық киюден қорыққан. Бас бармағы шұлықты тесіп тастап, ыңғайсыз жағдайға тап болып қалуды қаламаған көрінеді. Тіпті, ең салтанатты кештерде де шұлық кимеген және шұлығының жоқ екенін жасыру үшін ғалым үнемі қонышы биік етік киюге тырысқан.
Энди Уорхол – американдық поп-арт суретші. Ол шығармашылық жетістігінің басты себебі ерекше келбеті деп санайды. Уорхол небәрі 23 жасында өз шашын ақ-сұр түске бояп тастайды. Ал бұл әрекетке, адамдардан өз жасын жасыру үшін барған деседі. Келбеті жас, шашы ақ-сұр суретшінің жас шамасын анықтау шынында да қиындық тудырса керек. Бұл суретшінің адамдар өзін «жас» деп мұрнын шүйіре қарамауы үшін ойлап тапқан айласы.
Игорь Стравинский – орыс композиторы. Ол ми белсенділігін жаттығу жасау арқылы арттырамын деп сенген. Дегенмен, қарапайым дене жаттығулары емес, композитор күнделікті 15 минут жерге басымен тұратын болған.
Сальвадор Дали – испан суретшісі. Дали түстен кейінгі ұйқының қызық системасын ойлап тапты. Өзі оны «сәскедегі сәттік ұйқы» («секундная сиеста») деп атады. Ол орындыққа отырып үлкен темір кілтті сол қолының бас бармағы мен сұқ саусағының ортасына қыстырып, сол аяғының жанына дәл сондай темір ыдысты төңкеріп қояды. Және тура сол күйінде ұйқыға кетеді. Көзі іліне бергенде, қолындағы темір кілт аяғының жаныдағы темір ыдысқа «тарс» етіп түседі. Суретші дереу оянып, жұмысына кіріседі. Дали мұндай сәтке ғана көз іліп алу керемет сергітіп, санасына керемет көріністер себеді деп сенді.
Уинстон Черчилль – британдық саясаткер. Сәскедегі ұйқының тағы бір адал досы. Черчильдің сәскедегі ұйқыны сүйетін сонша, әдетте ол үйінен тек кешке ғана шығатын болған.
Исаак Ньютон – ағылшын физик-математигі. Ғалым достарына жазған хаттарының бірінде ұйқысыздығына шағымданған екен. Ол күнде кешкісін пештің жанындағы креслода отырып ұйықтап кетеді. Сол ұйқыдан түннің бір уағында оянып, әрі-қарай дұрыс ұйықтай алмайды.
Рихард Вагнер – неміс композиторы. Вагнер туындылары мүлде бөлек атмосферада туған. Композитор ән шығарар алдында өзін жібек жастықтармен және гүл жапырақтары салынған пакеттермен қоршап отыратын болған. Сондай-ақ, кеңсесінің бұрышында орналасқан су толы ваннаға, бір құты одекалон құйып қояды екен. Вагнер жұмақ деген осылай болады-ау деп шамалаған болса керек.
Напалеон Бонапарт – француз мемлекет қайраткері. Напалеон жорыққа шықпаған күндері, күніне бірнеше рет ыстық ванна қабылдайтын болған. Және әр ванна қабылдау уақыты кемінде бір сағат. Тіпті, ол қабылдауына келгендерді ваннада жатып қабылдап, хат жаза беретін болған.
Виктор Гюго – француз жазушысы. Гюго үй қызметкерлеріне бөлмедегі киімдерін үйден алып кетуді бұйырып, жазу үстеліне жалаңаш отыратын көрінеді. Мұнысымен ол өзіне-өзі шантаж жасайды. Яғни, жазу процессі кезінде ойын ештеңе бөлмеуі үшін. Себебі, жазушы жалаңаш күйінде әрқилы сылтаумен сыртқа шыға алмас еді. Еңбегінің белігілі бір беттерін жазып біткен соң ғана жазушы киімдерін қайтып киетін болған.
Дайындаған С.Мергенбай