Таңғатаров пен Махажановты не байланыстырады? ​

Oinet.kz 05-11-2025 149

Screenshot_1.png

Сауран ауданында ауыл әкімдері заңды белден басып, жердің, табиғи байлықтың талан-таражға салынуына жол берген. Бір сөзбен айтқанда халықтың, мемлекеттің мүддесіне қарсы әрекеттерге барған. Сол үшін әкімдердің алды қызметтерінен босатылып жатыр. Өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облыстық департаменті жанындағы  Әдеп кеңесінде бірауыздан осындай қатаң шешім қабылданды. Масқара болғанда бәрі де күні кеше елдің аманатын арқалап, әкімдік креслоға сайлау арқылы келген шенеуніктер. Сонда Түркістан облысында сайланған әкімдердің сиқы осы болғаны ма?

Жуырда «Рейтинг» газетінің редакциясына Түркістан қаласының және Сауран ауданының Құрметті азаматы Даныш МАННАТОВ келіп, аталған аудандағы шенеуніктердің заңсыз іс-әрекетіне  қатысты арыз-шағымдарын жеткізді.


– Бір қайран қалдыратыны, жергілікті жердегі ауыл әкімдерінің заңсыз тірліктерінен аудандағы басшылар шынымен бейхабар ма? Бұлай деу де қисынсыз.   Осы жағын түк түсінбеймін,– дейді арызданушы.

 Біз әңгімені алдымен Түркістан облыстық Әдеп кеңесінің өткен аптадағы отырысынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Себебі бұл біздің тақырыбымыз үшін маңызды.  Сонымен...

Облыстық Әдеп кеңесінің отырысында Сауран ауданы Шаға ауылдық округінің әкімі  Ырысғали Жұмановтың мәселесі қаралды. Жұманов аталған ауылдық округтің әкімі лауазымына  2023 жылдың қыркүйегінде сайланған. Әдеп кеңесі оны атқарып отырған қызметінен босату жөнінде шешім қабылдады. Әрине, Әдеп кеңесінің шешімі ұсыныс. Бірақ ұсыныстың орындалатынына күмәніңіз болмасын.

Істің мән-жайына қарағанда, табиғат қорғау прокуратурасы  Шоқтас елді мекеніндегі  Құрсай өзенінен ауыр жүк көліктерінің қиыршық тас пен құм алып жатқанын байқаған. Тексеру барысында Шаға ауылдық округі әкімі  Ы. Жұмановтың соңғы екі жыл көлемінде «ГеоСпец» ЖШС-ымен заң талаптарына қайшы келетін меморандумдар жасап,  жер қойнауын заңсыз пайдалануға рұқсат беріп келгені анықталған. Жер кодексі бойынша  ауылдық округ әкімінің, тіпті аудан әкімінің функциясына жер қойнауын пайдалануға құқық беретін құзырет жоқ. Сонда саурандық әкімдер өз құзыреттерін білмеген бе, әлде қасақана білмеген сыңай танытқан ба? Ең масқарасы, Әдеп кеңесінің тексеруі барысында ауыл әкімі Жұманов мұндай қадамға баруына аудан әкімі М.Таңғатаровтың су тасқынының алдын алу мақсатында берген хаттамалық тапсырмаларының негіз болғанын алға тартқан. Сонда мұны неге жоруға болады? Ауыл әкімінің заңсыз әрекетін аудан басшысы қолдап отыр ма, әлде Жұманов жұртты жаңылыстыру үшін Таңғатаровтың дұрыс берген тапсырмасын бұрыс жағынан бұрмалап орындауға жол берген бе?

Дәл осы жиынның күн тәртібінде Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Ділшод Саитовтың да тәртіптік ісі қаралуы тиіс еді. Оның да ісі жерге қатысты. Ол да халықтың, мемлекеттің мүддесіне қайшы әрекеттерге барған. Алайда Саитов денсаулығына байланысты демалыста болғандықтан, істі қарау кейінге қалдырылды. Саитовтың расында да денсаулығы сыр берді ме, әлде бұл тәртіптік іс қараудың мерзімін қасақана өткізіп жіберу үшін жасалған әрекет пе, мұны алдағы уақытта білетін боламыз. Ескі Иқан әкімінің бұл жолы не бүлдіргеніне кеңірек тоқталайық.

Бұл жолы деуіміз бекер емес. Себебі Дилшод Саитов туралы «Рейтинг» газетінің биылғы  қаңтардағы нөмірінде арнайы мақала жариялағанбыз. Онда 2 ақпанға белгіленген ауыл әкімінің сайлауында Саитовқа тегеурінді қарсылас болады деген үміткерлердің табан астында декларациясынан шикілік анықталып, жарыс жолынан шығып қалғанын жазған едік. Саитов сол додаға қол астындағы бас маманмен және көршілес Жаңа Иқан ауылдық округі әкімдігінің бас маманымен бірге түсіп, жеңіске жеткен. Оның жерге қатысты жасаған заңсыз әрекеті сайлауға дейін болған.

Түсініктірек болу үшін мәселенің мән-жайын Түркістан облыстық экономикалық сотының биыл 4 сәуірде шығарған шешімімен сабақтайық. Дилшод Саитов былтыр 20 ақпандағы №13 шешімімен ауылға жекеменшік мектеп салуға ниет еткен «Мектеп Жаңа Иқан» серіктестігіне бас жоспар бойынша халыққа тұрғын үй салуға арналған аумақтан 4,8 гектар жер берген. Алдымен жер телімі 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталған. Желтоқсанда әкім жердің санатын жекеменшікке ауыстырған. Кейін аудандық жер қатынастары бөлімі мен серіктестік арасында сатып алу–сату келісімшарты жасалған. Осы шешімдердің заңдылығына тексеру жүргізген прокурорлардың айтуынша, ауыл әкімі екі түрлі заңсыздыққа барған. Біріншіден, жер телімін жекеменшік компанияға, яғни кәсіпкерге аукционсыз тапсырған, екіншіден, жерді тұрғын үй салуға арналған аумақтан берген. Осыдан кейін облыстық жер ресурстарын басқару департаменті сотқа арызданады. Сәуірде сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырады. Ауыл әкімі шешімінің күші жойылған. Сотқа жауапкер ретінде шақырылған ескі Иқан ауылдық округі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің өкілдері талап арызды мойындамай, өз әрекеттерінің дұрыс екендігінен танбаған.

– Мұның арғы жағында біраз қитұрқы әрекеттер бар деп ойлаймын.  Ауылда қазір жер кезегінде 3 мың тұрғын тіркелген. Жердің бағасы аспандап тұр. 8 соттық жер 10 миллион теңгеге  саудаланған жағдайлар болған. Енді 4,8 гектар жердің нарықтық құнының қанша болатынын өзіңіз есептей беріңіз. Егер халық шырылдап шындық іздемегенде, прокуратура тексермегенде осының бәрі жабылып кетуі мүмкін еді. Қазір салынып қойылған жекеменшік мектепке 30 сотық жер жалға берілді. Қалған учаскенің бәрі халыққа қайтарылды. Бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспеген ауыл әкімдігі апелляциялық шағым берді. Бірақ шешім өзгеріссіз қалдырылды.   Жалпы Саитовты ауылдағы халықтың едәуір бөлігі қолдамайды. Бірақ соған қарамастан ол биыл ақпанда өткен сайлауда жеңіске жетті. Қалай жеңгені жұрттың бәріне белгілі.  Оның анасының атынан ашылған шаруа қожалық мемлекеттен заңсыз субсидия алған. Былтыр желтоқсанда «Венера» қожалығынан 20 миллион теңгеден астам заңсыз субсидияны қайтару жөнінде сот шешімі шыққан. Шын мәнінде осыншама заңсыздықтың бәрін Дилшод Саитовтың өзі жасап отырған болуы мүмкін. Өйткені оның анасы мектепте істейді, шаруашылықпен айналыспайды,– деді бұрынғы облыстық мәслихаттың депутаты, еңбек жолында Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Даныш Маннатов.

 Арызданушының айтуынша, соңғы уақытта Ескі Иқандағы қоғамдық ахуал да мәз емес. Жоғарыдан әділдік сұрағандар, шындық іздегендер қудаланады.

– Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде, қоғам белсендісі ретінде көп мәселеге араластым. Әкімдерге әрине, бұл ұнамайды. Бірде ауыл әкіміне ағын су мәселесімен бардым. Әкім бір депутатты кабинетіне шақырып алған екен. Депутат бас салып менің  намысыма тиетін ауыр сөздер айта бастады. Саитовтың оған тым құрыса қой деп айтуға жарамауы адамгершілікке сия ма? Сонда мұны әдейі істей ме?  Бұл бұрынғы ауыл әкімі Хасан Муслимовтың кезінен қалған әдіс.  Дилшод Саитов Хасан Муслимовтың інісінің күйеу баласы. Муслимовтың немере ағасы Беглерхан Тажиметов менің үстімнен құзырлы органдарға 100-ге жуық арыз берген. Арыздардың бәрі негізсіз деп танылған, тіпті мен  жала жапқаны үшін сот арқылы одан моральдық шығын  өндіргенмін. Бірақ бәрібір арыз жазу тоқтамайды,– дейді Маннатов. 

Естеріңізде болса, Ескі Иқан ауылының бұрынғы әкімі Хасан Муслимов уақтысында «мен пара алмаймын» деген челленджбен бүкіл Қазақстанды шулатқан шенеунік. Қызық болғанда, арада бір жыл өтпей жатып «пара алмайтын»  Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін 2 миллион теңге алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Үкім күшіне енген соң, 2021 жылы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов (бұл кезде Ескі Иқан Кентау қаласына қарайтын) отставкіге арыз бергенімен, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев оны сөгіс жазасымен қызметінде қалдырды. Арада тағы бір жыл өткенде Махажановтың өзі 100 мың доллар пара алды деген айыппен сотталып кетті. Оның соңы Өмірзақ Шөкеевтің отставкіге кетуімен аяқталғаны белгілі. Қарамағындағы шенеуніктері  жөнсіз тірліктерге құмар  Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың қазіргі әрекеті Дәурен Махажановты еріксіз еске түсіреді. Өйткені Махажанов уақтысында соңынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгіме ерген Хасан Муслимовты қолдап, оның кандидатурасын екінші мәрте әкім болуға ұсынған еді. Сотталған әкімнің ісі саурандық шенеуніктерге сабақ болса дейміз. 

Айтпақшы, Саитовтың жерге қатысты заңсыз шешіміне төрелік айтқан сот (дәлірегі облыстық соттың апелляциялық алқасы) бұл істе Сауран аудандық әкімдігі мен жер қатынастары бөлімінің де жауапкершілігін қарау жөнінде жеке ұйғарым шығарған. Жоғарыда айтылғандай, қызметінен босатылуға ұсынылған Шаға ауылдық округінің әкімі Жұмановтың  өзінің  заңсыздыққа баруын аудан әкімінің берген тапсырмасымен  байланыстыруы қаншалықты шындық екені келер күндері журналистік зерттеу жүргізуді қажет ететін өзекті  тақырып. Ескі Иқандағы заңсыз жер беру шешімімен аудан әкімдігі келіскен, тіпті сол шешімді аудандық жер қатынастары бөлімі рәсімдеген. Бұған енді Таңғатаров не айтар екен? Аудан әкімінің айтар уәжі болса жариялауға дайынбыз.

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 5 қараша 2025 жыл.


Келесі жылы 1 доллар 610 теңгеден асады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу