«Бухгалтерлер ісі»: Аудиторлар тексеруді ақшамен жауып отырған
Түркістан облысында қоғамда резонанс тудырған «бухгалтерлер ісі» бойынша тағы бір үкім шықты. Бұл жолы шалғайда жатқан Шардара ауданы білім бөлімінің басшылары мен есепшілері әртүрлі мерзімдегі жазаларға кесілді. Бұл істің бұған дейінгі істерден біраз ерекшелігі бар. Мәселен...
Шардараның білім саласынан ұрланды деген қаражаттың көлемі 3,7 миллиард теңгенің құрайды. Яғни, «бухгалтерлер ісінде» мемлекетке келтірілген шығын бойынша Шардара Жетісай ауданынан кейінгі (Жетісайда ұрланған қаражаттың көлемі 4 милрд теңгеден асқан болатын) екінші орында тұр деген сөз. Бірақ бұл жерде ескеретін біраз мәселені айта кетейік: Жетісайда 73 мектеп, Шардарада –30 мектеп бар. Жетісайда 4 млрд теңгені үшін 47, Шардарада 3,7 млрд теңге үшін 14 адам айыпталды. Екіортада қанша айырмашылықтың барын өзіңіз де байқаған шығарсыз.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Шардарадағы білім саласы қызметкерлеріне шығарған үкімі мыңға жуық беттен тұрады.
14 адамнан тұратын топ 3,7 млрд теңгені айналдырған екі жарым жылдың аралығында жымырған. Шардарадағы қылмыстық істің тағы бір ерекшелігі, сотталушыларға Қылмыстық кодекстің қаржы жымқыру бабынан (189-бап--сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу) бөлек, 262-бап (ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған қатысу) бойынша да айып тағылған. Алайда сот есепшілер мен басшылардың әрекетін ұйымдасқан қылмыстық топ деуге дәлелдер жеткіліксіз деп тапты. Олардың барлығы да осы бап бойынша ақталды. Жалпы, тергеушілер бұл іске айғағы жоқ, ойдан құрастырылған біраз дүниелерді әкеліп қосқан. Оған аздан кейін тағы бір тоқталамыз.
Тағы бір маңызды мәселе: сот барысында сотталушылар 2020-2023 жылдар аралығында аудандық білім бөлімін аудиторлар келіп тексергенін, ешқандай заңбұзушылық жоқ деген қорытынды бергенін, енді сол қорытындыны берген аудиторларды сотқа шақырып, жауап алуды талап еткен. Алайда бас есепші сотта аудиторлардың оң қорытындыны «тегін бермегенін» мәлім етіпті. Яғни, олар заңбұзушылыққа көз жұмып кету үшін тиісті «сыйлықтарын» алған болып тұр ғой. Нәтижесінде сот аудиторлардың өз қызметтерін «тегін атқармағанын» алға тартып, оларды сотқа шақыру туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырған. Бұған енді құзырлы органдар не айтады? Бәрі осылай жабулы қазан жабулы күйінде қала бере ме? Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу деген осы ма? ...Сот үкіміне қайта оралайық.
Бұған дейінгі соттарда есепшілер өздерінің басшыларына қарсы айғақтар бермесе, Шардарадағы жағдай керісінше болды. Есепшілердің айтуынша, олар ұрлаған ақшаны алдымен бас есепшіге, ал бас есепші оны аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиеваға апарып беріп отырған. Тіпті есепшілердің бірі ақшаны бас есепші екеуі бөлім басшысының үйіне апарып бергенін де айтқан. Қазынаның қаржысын жымқырудың жоспарын А.Бердалиева бөлімнің сол кездегі бас есепшісіне өзі ұсынған. Бас есепші бұл ұсынысқа келісіп, қылмыстық іске жәй есепшілерді тартқан. Сол баяғы әдіс-тәсіл, ешқандай жаңалық жоқ. Есепшілер жалақының тізіміне өздерінің туыстарының, таныстарының жеке мәліметтерін енгізіп, ақша шығарған. Осындай қылмыстық әрекеттердің жүріп жатқанынан облыстық білім басқармасы да, қазынашылық мекемесі де бейхабар болған. 2020 жылдың маусымында бас есепші қайтыс болады. Оның орнын Б.Бектасова басқан. Оның берген жауаптарына қарағанда, бас есепші лауазымына тағайындамас бұрын А.Бердалиева оны өзіне шақырып алып, мемлекет қаржысын жымқыру бойынша тапсырмаларды жалғастыру керек екенін айтқан және тапсырма орындалмайтын болса, жұмыстан шығарамын деп қорқытқан. Осыдан кейін Б.Бектасова мемлекет қаржысын жымқыруға бағытталған бастығының тапсырмасын орындауға мәжбүр болған көрінеді.
--2020 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың шілдесі аралығында, сотталушы А.Бердалиева Түркістан облысы Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы, яғни лауазымды адам бола тура, аталған мекеменің есепшілері –сотталушылармен алдын ала сөз байласып, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған аса iрi мөлшерде 3 785 155 297 теңге мемлекеттің қаражатын талан-таражға салып, жымқырған,-делінген сот үкімінде.
Кейбір есепшілердің берген жауабына қарағанда, олар бюджеттің ақшасын ұрлап, оны бөлім басшысына беріп отырғаны үшін тиесілі «еңбеақыларын» алып отырған. Тергеу кезінде олардың кейбірінен ақшалай, заттай мүліктер табылған. Бір есепшіден бірнеше шетелдік қымбат көлік, пәтер және ірі көлемде алтын бұйымдары шыққан. Олардың барлығы қылмыстық жолмен табылған деген негізбен мемлекет пайдасына тәркіленді. Ал басты сотталушы Бердалиевадан ештеңе шықпағанға ұқсайды. Ішкен-жеген дүниелерін ол қайда жіберуі мүмкін? Тергеушілердің қалайша жер сипап қалғаны мүлдем түсініксіз.
Үкімде мемлекетке келтірілген шығынды азаматтық тәртіппен қайтару қажеттігі келтірілген. Ол қандай жолмен қайтарылады? Бұл жағы әзірге тұманды.
Осы жерде кішкене шегініс жасайық. Ақшагүл Бердалиева 2023 жылдың наурызында «алаяқтық жасады» деген айыппен 15 миллион теңге айыппұл салуға сотталған болатын. Үкімге қарағанда, ол аудандағы жекеменшік балабақша басшысынан 1,5 миллион теңге ақша алған. Оның есесіне, балабақшаны мемлекет тарапынан қаржыландыруға уәде еткен. Алайда Бердалиева уәдесінде тұрмаған. Ақша берушілер араға бір жыл салып, антикорға арызданған. Сот барысында ол айыпты мойындамағанымен, кінәсі жасырын тергеу амалдары кезінде алынған материалдармен дәлелденген. Бердалиева бұл жолы да ештеңені мойындаған жоқ. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Есепшілердің басым бөлігі 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бір есепші рақымшылыққа ілігіп, жазасы шартты түрге ауыстырылды, екі сотталушыға жас балаларының болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды.
Айтпақшы, 2023 жылы Бердалиева сотталып кеткен соң және ол еңбек демалысында жүрген кезде білім бөлімнің басшысының міндетін атқарған А.Жантурееваға, Д.Нұсқабаеваға және А.Қадырбековаға да қаржы жымқыру бабы бойынша айып тағылған. Алайда сот оларға қарсы ешқандай дәлелдердің болмауына байланысты айыптауды салғырттық бабымен қайта дәрежеледі. Үшеуіне рақымшылық заңы қолданылды. Нәтижесінде алғашқысына бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалса, кейінге екеуі жаза өтеуден босатылды.
Шардара аудандық білім саласы қызметкерлеріне шығарылған үкімнің мейілінше әділетті болғанын кейбір заңгерлер әлеуметтік желіде жазды (әрине, төрелікпен барлық сотталушы келіседі деп айту қиын, сондықтан әлі заңды күшіне енбеген үкімге апелляциялық шағым берілуі мүмкін). Дегенмен сот сотталушыларды дәлелсіз тағылған айып бойынша ақтағанын, судья Д.Мадалиевтің істі мейілінше объективті түрде қарағанын айту керек.
Бұған дейін Сауран, Сарыағаш, Созақ, Келес, Жетісай аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне үкім шығарылды. Осы істерді қарау барысында судьялардың тергеушілер мен прокурорлардың сызып берген айыптау қорытындысының шеңберінен шыға алмай қалғаны бұған дейін де айтылды, жазылды. Кейбір азаматтардың ешқандай дәлелсіз, айғақсыз сотталып кеткенін біз де жариялағанбыз. Мәселен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Акатовты, Келес аудандық білім бөлімнің басшысы қызметін атқарған Б.Әбдиевті, Сауран аудандық білім бөлімінің басшысы А.Батырбекованы, Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Айдаровты, бірқатар есепшілерді айтуға болады. Олардың арасында осы қаржылық қитұрқылықтарды ашуға тікелей ықпал еткендер де бар. Тергеушілер тіпті кейбір азаматтарға қарсы қылмыстық қудалауды жүргізуден бас тартқан. Алайда осыған қарамастан сот оларға бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады. Қазір бұл істердің біразы апелляциялық алқада қаралып жатыр.
Апелляциялық алқаның қандай төрелік айтатынын уақыттың еншісіне қалдырдық.
"Рейтинг" газеті, 17 қыркүйек 2025 жыл.