LRT желісі Қосшы бағытына қарай салына бастады
Елордада LRT жобасының екінші кезеңі іске асырыла бастады. Қосшы қаласына қарай созылатын жаңа желінің алғашқы тірегі құйылып, құрылыс жұмыстары қарқын алды.

Бұл — қала мен іргелес елді мекенді байланыстыратын эстакадалық жолдың алғашқы нысаны. Сонымен қатар Астанадағы бетон зауытында осы желіге арналған алғашқы темірбетонды арқалық дайындалды.
Қосшы бағыты бойынша құрылыс ауқымы өте үлкен. Мамандардың мәліметінше, бұл учаскеде 300-ден астам тірек тұрғызылады, 538 темірбетонды эстакадалық арқалық монтаждалады және 8 монолитті арқалық орнатылады.
Қосшы бағытындағы LRT желісі іске қосылғанда, қала маңындағы халықтың қатынауы едәуір жеңілдеп, жол кептелісі мәселесі оңтайлы шешімін табады деген үміт бар.
Қазіргі уақытта құрылыс нысанында қажетті материалдарды дайындау және монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр.


