Астанада жолға жүгіріп шыққан баланы көлік қағып, жазым болды
Астанада Амангелді Иманов көшесіндегі үй ауласында жүргізуші жолға жүгіріп шыққан кішкентай баланы қағып кеткен. Алған жарақат салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

«Биылғы жылдың 3 мамырында Иманов көшесіндегі үй ауласында Kia Seltos автокөлігінің жүргізушісі аула аумағында жүріп келе жатып, жолға жүгіріп шыққан жас баланы қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды», - деп хабарлады Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары басталды.
«Полиция жүргізушілерге аулалар мен іргелес аумақтарда көлікпен жүрген кезде барынша мұқият болу қажеттігін, жолға балалардың кенеттен шығып қалуы мүмкін екенін, ал ата-аналарға қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін кішкентай балаларды жол маңында және аулаларда қараусыз қалдырмауды ескертеді», - деп қорытындылады полиция.


