Сайрамдағы әкім сайлауы: Сценарий қазірден белгілі

Oinet.kz 10-09-2025 81

Соңғы жылдары билік батыл реформаларды жүргізіп жатыр.  Естеріңізде болса, былтыр қыркүйектегі Жолдауында Президент 2025 жылдан бастап аудан, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері қызметтеріне тек сайлану арқылы келетінін мәлім еткен болатын. 

Screenshot_6.jpg

Осы реформаға сәйкес араға жыл салып, Түркістан облысында алғашқы аудан әкімі (екі жыл бұрын тәжірибе ретінде сайланған 4 әкімді қоспағанда) сайланғалы жатыр.  Сайрам ауданында өтетін науқан 5 қазанға белгіленді. Халқы тығыз қоныстанған, өзге өңірлермен салыстырғанда атмосферасы ауырлау ауданның тізгінін ұстау кімге бұйырады? Мұның бәрі де әрине, уақыттың еншісіндегі дүние. Дегенмен сайлаудың қандай сценарий бойынша өтетіні, тіпті оның нәтижесі қандай болары қазірдің өзінде белгілі десек, қателеспеуіміз мүмкін. Соныменен, әлқисса...

2023 жылы  Түркістан облысында тәжірибе ретінде әкім сайлауы төрт ауданда өткенін жоғарыда айттық. Саяси доданың қорытындысы бойынша Созақ ауданына – Мұхит Тұрысбеков, Мақтаарал ауданына – Бақыт Асанов,  Бәйдібек ауданына – Ерлан Нұрмаханов, ал Шардара ауданына Арман Қарсыбаев әкім болып сайланды. Ақорданың алдын ала бекіткен жоспары бойынша тәжірибе 2024 жылы жалғасуы тиіс еді. Алдайда былтыр ешқандай сайлау өткен жоқ. Қыркүйектегі Жолдауында Президент аудан әкімдерін сайлауды біржолата тәжірибеге енгізді.

Былтыр жыл соңында Түркістан облысының сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалдының 2025 жылы мерзімі бітетін аудан, қала әкімдерінің бәрін ауыстырғанын, бұл жұртшылық арасында әрқилы пікір тудырғанын «Рейтинг» газетінде сараптап жазған едік. Сол мақалада:

«Кадр мәселесіне сауысқаннан сақ қарайтын, Президенттің берген тапсырмаларын орындауда қамшы салдырмайтын, бәрін алыстан болжағыш  Дархан Сатыбалды келесі жылға ешқандай шаруа қалдырмайтын түрі бар», - деп жазған едік.

Қателескен екенбіз. Сайлау өткізуге себеп табылды. 

Тамыздың басында Сайрам ауданының әкімі қызметін екі жылға жуық уақыт атқарған, уақтысында облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген Арман Сәбитов өз еркімен қызметтен кетті. Оның жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғаны белгілі. Енді Президенттің реформасы бойынша бос тұрған креслоның егесін халық сайлауы тиіс.  Бәрі халықтың қалауымен, таңдауымен жүргізілуі тиіс. Бірақ бұл тәжірибеде солай бола ма?

Сайрамда әкім болуға ниет білдірген кандидаттарды ұсыну өткен бейсенбі күні кешкісін аяқталды. Сайрам аудандық сайлау комиссиясының таратқан ақпаратына қарағанда, әкімдікке үш кандидат ұсынылған. Оның екеуі өзін-өзі ұсынса, біреуі «Аманат» партиясының өкілі. Енді  үміткерлерге жеке-жеке тоқтала кетсек.

Алғашқы кандидат – Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығы» мекемесінің басшысы Дулат Абылғазиев деген азамат. Екіншісі,  Сайрам ауданы әкімі аппаратындағы заң бөлімінің бас инспекторы  Алмас Тұраров. Ал «Аманат» ұсынған  үшінші кандидатқа ерекше тоқталып кетуге тура келеді.

Үшінші кандидат – Мадияр Оразалиев  осы жолғы сайлаудың фавориті деуге лайық. Жоқ, бұл біздің пайымымыз ғана емес, жалпы Сайрам ауданының жай күйін жақсы білетін кез келген азаматтың пікірі десек, артық айтқандық емес шығар.  Мадияр Оразалиев кім?

Естеріңізде болса, жыл басында біз ол туралы «Рейтинг» газетінде:

«Жалпы аудан әкімінің орынбасары лауазымына әркім әрқалай жолмен келеді. Орынбасарлыққа дейінгі ұзақ жолды біреу бас маманнан, біреу сантехниктен бастаса, рейтингте бесінші орынға табан тіреген Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев бұл креслоға облыстық мәслихаттың депутаттығынан келген. 2016 жылы. Бірақ ешқандай тәжірибесі жоқ болса да текті әулеттің өкілі саналатын Мадияр Мұхтарұлы облыстағы ең үлкен, халқы тығыз қоныстанған Сайрамда тоғыз жылдан бері әкім орынбасары лауазымын атқарып келеді. Мұның арғы жағында қандай тылсым-сырлардың бар екенін сайрамдықтар білмесе, біз біле алмадық», – деп жазған екенбіз.

Жыл басында әкім орынбасарлары арасында болған үлкен ауыс-түйісте Мадияр Оразалиев Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Мінеки, араға тоғыз ай салып ол тоғыз жыл әкім орынбасары болған туған жеріне қайта оралып жатыр.

Мадияр Оразалиев расында да текті әулеттің өкілі. Әкесі марқұм Мұхтар Оразалиев уақтысында облыстық мәслихаттың депутаты, мәслихаттағы тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарған, ел құрметтеген абыройлы азамат еді. Немере ағасы атақты генерал Молдияр Оразалиев.  «Әке көрген оқ жонады» дегендей Мадияр Оразалиев те әке салған соқпақпен біраз уақыт облыстық мәслихатқа депутат болған. Яғни, елдің аманатын арқалаудың жаупкершілігін білетін азамат.  Мұны бір деңіз. Екіншіден, Оразалиев Сайрамға сырттан келген кадр емес. Жергілікті жағдайды да, әкімдік жүйені де жақсы білетін кадр.  

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Сайрам ауданының  әкімі болуға ниет білдіргендердің қатары бұдан көп болған. Бұрын осы ауданда әкім орынбасары, бұдан кейін өзі туып-өскен ауданның әкімі болған бір азамат додаға қатыспақ болған екен. Алайда біраз келіссөздерден кейін кандидатурасын кері қайтарғанға ұқсайды. Аудандық мәслихаттың бір депутаты да бағын сынап көрмек болыпты. Бірақ жеме-жемге келгенде «бауырыма жол беремін» деген көрінеді. Құзырлы органдардан отставкіге шыққан бір кандидаттың құжаттары дұрыс болмаған дейді.

Сайрамдық сарапшылардың айтуынша, Мадияр Оразалиев әкім орынбасары ретінде кереметтей іскерлігімен көзге түскен шенеунік емес. Дегенмен Сайрам көпұлтты аудан саналады. Бұл өңірде қазақтардың үлесі 20 пайызға да жетпейді. Сондықтан әлеуметтік-психологиялық ахуалы ауырлау аймақта  тұрақтылықты сақтауға баса мән беріледі. Осы жағына келгенде жергілікті жағдайды жақсы білетін, оның үстіне ықпалды әулеттің өкілі Мадияр Оразалиевті жоғарыдағылар қолайлы көрген. Дәлірегі оның кандидатурасы облыстың басшыларының да, Президент Әкімшілігінің де көңілінен шыққан көрінеді.

Яғни, Сайрамдағы әкім сайлау «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген мәтелді еске түсіреді. Бірақ билікке қолайлы кандидат көпшіліктің қолдауына қаншалықты ие бола алады? Бәрін тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.

Руслан Желдібай жаңа қызметке кірісті
Сыздықбековтің екі жылы: Көпшілік әкімнен ірі жобалар күтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу