Сыздықбековтің екі жылы: Көпшілік әкімнен ірі жобалар күтеді

Oinet.kz 10-09-2025 54

‍...Алдымен референдум өтеді. Одан кейін сайлау. Сайлау болғанда да бұл жолғы саяси доданың жөн-жосығы бөлек болайын деп тұр ғой. 

Screenshot_7.jpg

Қазақстандықтар ықпалы артқан, бір палаталы Парламенттің депутаттарын сайлайды. Жаңа Парламент  тек партиялық тізіммен жасақталады. Кешегі күні Президент халыққа арнаған Жолдауында ел аузында бұған дейін айтылып жүрген болжамдарды расқа айналдырды... Бірақ Жолдауға дейін әкімдер арасында кадрлық ауыс-түйіс болады деген жорамал жүзеге аспады. 

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының 2023 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауынан кейін өңір әкімдері арасында біраз ауыс-түйістер жасалғаны белгілі. Жамбыл облысына Ербол Қарашөкеев, Шымкент қаласына Ғабит Сыздықбеков әкім болды. Сол кезде бұл екеуінің де Президенттің ең сенімді кадрлары екендігі, көп ұзамай Астанаға жоғары лауазымды орынға өсіп кететіні айтылып еді. Алайда Қарашөкеев те, Сыздықбеков те әкімдіктің креслосында ұзақ отырып қалды.

Екі жыл ішінде Ғабит Сыздықбеков нендей шаруаларды тындырды? Нендей бастама көтерді? 

Екі жылда Шымкентте әр жылдары, әрқилы жолдармен жекешеленіп кеткен «Фосфоршылар» сарайы, Мұз сарайы және бірқатар әлеуметтік нысандар мемлекетке қайтарылды (дегенмен алғашқы нысанды қайтару процесі Әбдірахымовтың тұсында басталғанын еске салайық).  Қоғамда қарама-қайшы пікірлерге сеп болған балалар темір жолының мәселесі біржолата шешілді: темір жол веложолға айналды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен ондаған гүлзарлар салынды (бірақ демеушіліктің арғы жағында әкімшілік-әміршілдік әдіс-тәсілдердің бары ара-тұра болса да айтылып қалады).  Шымкентте осы екі жылда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Бұрынғы әкім Әйтеновтің кезінде Шымкенттің сыбайлас жемқорлықпен  аты шыққан өңірге айналғаны жасырын емес. Сыздықбеков коррупцияға күйрете соққы берді. 2024 жылдың ақпанында Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы А. Момыновты аппарат жиналысының үстінде антикорға ұстатып жібергені қоғамда қызу талқыға түсті. Дегенмен соңғы уақытта үшінші мегаполисте жемқорлықпен күрестің қарқыны бәсеңдей бастаған сияқты. Оған дәлел соңғы бір айдың көлемінде бір емес, екі бірдей басқарма басшысы жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.

Жасыратыны жоқ, Әйтеновтің кезінде Шымкентте бірқатар ірі жобалар қолға алынды.  Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстары басталды. Қалада екі ірі жолайырық пайдалануға берілді (Қонаев–Рысқұлов, Бәйдібек би–Арғынбеков). Сол кезде осындай жолайырықтар Бәйдібек би–Төлеметов, Сайрам–Жібек жолы көшелерінің қиылысынан да салынатыны айтылып еді. Қаладағы көлік кептелесін жеңілдететін жақсы жобалардың неге іске аспай қалғаны белгісіз. Тұрғындарының саны өте жылдам көбейіп келе жатқан Шымкентке осындай қадау-қадау, ірі-ірі жобалардың ауадай қажеттігі анық байқалады.

Бір жыл бұрын Сыздықбеков Қазақстандағы ең үлкен стадионның қазығын қаққан болаты. Алайда жуырда кейбір сайттар стадион құрылысының қарқын алмағанын, әлі іргетасы да құйылмағанын жария етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Шымкентте опера және балет театрының салынатыны екі жыл бұрын айтылған еді. Алайда нысанның қай жерден бой көтеріп жатқаны көпшілік үшін жұмбақ.

Дегенмен екі жыл дегеніңіз әкімдік қызмет үшін әлі де болса аз уақыт емес пе?! Шымкенттіктер Сыздықбековтен үлкен-үлкен бастамаларды, ірі-ірі жобаларды күтеді.

Сайрамдағы әкім сайлауы: Сценарий қазірден белгілі
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу