Полицейден коммуналшы шыққан жоқ - Ал аппарат басшысы Әлімқұловтың құзыры күшейді

Oinet.kz 19-07-2023 894

«Полицей коммуналшы болды. Бұл кадрлық кризис пе, кадрлық бизнес пе?». Бір жыл бұрын осындай тақырыпта «Рейтинг» газетінде жариялаған мақаламызда басынан қиқу кетпеген, жемқорлыққа қатысты тұтқындаулармен аты шыққан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына қаржы полициясында еңбек еткен Сәкен Далиевтің тағайындалғанын жазып едік. 

Screenshot_5.jpg

Жуырда басқарма басшысының мәселесі облыстық Әдеп кеңесінде майшаммен қаралып, қатаң сөгіс берілген болатын. Бұған дейін де талай дауға ілігіп жүрген Далиев тағдыры жардың ұшына тақалғанын түсініп, осыдан кейін оның қызметінен өз еркімен кету туралы арыз жазғанынан сенімді ақпарат көздері арқылы хабардар болдық.

Бір сөзбен айтқанда бір жыл бұрын жазғанымыздай, Қаржы полицейінен коммуналшы шыққан жоқ.

Соңғы жылдары аталған басқармаға  басшының құтаймай жүргені рас. Бұған дейін облыстық энергетика, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасына Руслан Тұрғамбаев деген азамат жетекшілік жасап келген. Ол 2019 жылы әуелі басқарма басшысының орынбасары болып, артынша басшының креслосын иеленді. 2021 жылдың қарашасында оның қызметінен кетіп қалғаны белгілі болды. Бұдан кейін  басқармаға басшысының міндетін орынбасары болып Асхат Бердіханов деген азамат тағайындалды. Ұзамай ол бастықтың міндетін атқарушы болды. Алайда неге екендігі белгісіз, Бердіханов та көп ұзамай жылы орнын суытты. Тұрғымбаев та, Бердіханов та бұрын-соңды облыста жұмыс істеп көрмеген. Басқарма басшысының кресолосына  одан кейін отырған, сырттан келген тағы бір кадр Далиевтің дәуірі бір жылдан сәл-ақ асты.

Сәкен Далиев 1997 және 2016 жылдар аралығында, дәлірегі жиырма жылға жуық уақыт ішкі істер және қаржы полициясында, Экономикалық қылмысқа қарсы күрес органдарында  және ішкі қауіпсіздік саласында түрлі лауазымда қызметтер атқарған. 

2016 жылдан бастап Қазақстанның әр қиырларында коммуналдық кәсіпорындарға басшылық жасаған. Мұның ішінде біраз кәсіпгорындар «Самұрық-Қазынаның» құрамына кіреді. Осы жылдары «Самұрық-Қазынаға» Өмірзақ Шөкеев басшылық жасаған. Яғни, бұдан Далиевтің Шөкеевтің кадры екендігі айтпаса да белгілі еді.

Енді энергетика басқармасының тізгіні кімге бұйырады? Жоғарыдағылар кадрды сырттан әкелуден шаршаған жоқ па?

Дәл қазір Түркістан облысының коммуналдық саласы бас иесіз тұр десек артық айтқанымыз емес. Себебі облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасарының креслосы үш айдан бері бос тұр. Бұған дейін коммуналдық салаға жауапты облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбайдың қызметі ауыз суға қатысты айқай-шумен есте қалды. Облыста ауыз сумен қамту деңгейінің 90 пайыздан асырып жіберген әкімдіктің мәліметінің жалған екендігін біз уақтысында Есеп комитетінен алдырған хатпен дәлелдеген едік. 

Кейін Өмірзақ Шөкеев кеткен соң ауыз суға қатысты статистика бұрығысынша сексен пайыздың «соқпағына» қайта түсті.  Ал осы өтіріктің басы-қасында жүрген Арман Жетпісбай биыл сәуірде креслосымен қош айтысты.

Үш айдан астам уақыттан бері Жетпісбайдың орнына бір кадрдың табылмауы нені білдіреді? Не де болса мұның арғы жағында біраз құпиялардың жатқаны айдан анық.  Басшысыз қалған сала одан бетер қожырап кетпей ме? 

Айтпақшы, Түркістан облысында осындай кадрлық кризис жүріп жатқан кезде облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың құзыры кеңейді, құрығы ұзарды. Бұдан былай облыс әкімі аппаратының басшылары саяси мемлекеттік қызметшілер санатына кіреді. Бұл деген сөз енді облыс әкімі аппараты жетекшісінің деңгейі облыс әкімінің орынбасарымен тең деген сөз. Осыған байланысты облыстан бастап аудан, қалаларда аппарат басшыларын жаңарту,  қайта тағайындау жүріп жатыр. 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппарат басшысының орнына Еркеғали Әлімқұловты қайта тағайындады. Бұл Әлімқұловтың облыс әкімі аппаратының жетекшілігіне осыменен үшінші мәрте тағайындалуы. Бұған дейін ол бұл қызметті Шымкентте де атқарған. Шамасы Оңтүстікте Әлімқұловтан мықты апаратчик жоқ болса керек. Сіз қалай ойлайсыз?

Құзыры кеңейген Әлімқұлов қайта тағайындаудан кейін бірқатар басқармалардың жұмысын үйлестіруге тікелей бақылау жасауды қолға алмақ деген де ақпарат бар. Бұрын-соңды болып көрмеген мұндай тәжірибе өзін-өзі қаншалықты ақталады? Бәрін уақыттың төрелегіне тапсырдық.

Абылай Дөңбай трансплантация отасын тегін жасамақ
Шымкентте Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы парамен ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу