«15-20 адам тап беріпті»: Алматыда 18 жастағы жігітті бір топ ер адам соққыға жыққан
Алматыда бір топ ер адам 18 жастағы жігітті соққыға жыққан видеосы тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
18 жастағы жасөспірімнің анасы 11 қазаннан 12 қазанға қараған түні Төле би көшесіндегі "Шашлыкофф" дәмханасының алдында бір топ мас ер адам ұлын аяусыз соққыға жыққанын хабарлады.
Айтуынша, 35-40 жас шамасындағы 15-20 адам тап беріпті. Бала басынан соққы алған, мұрны сынып, ерні жыртылған. Тіпті есін жоғалтса да, ұруды тоқтатпады дейді.
“Есімді жисам, басымды тепкілеп жатыр дейді. Басты күдікті көлікке мініп, қашып кетті. Көмек беріңіздерші”, – деді ана.
Соған қарамастан әйел тек үш күдікті ұсталғанына наразы. Қазір іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” бойынша тергеліп жатыр дейді. Ол кінәлілердің толық жазалануын қалайды.
Жігіттің өзі аталмыш дәмханаға досымен келе жатқан кезде мас ер адамдар тап бергенін айтады.
Stan.kz тілшісі Алматы полиция департаментінен пікір сұрап білген.
“Алмалы аудандық полиция бөлімі денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып ұсталды. Әрбір қатысушының объективті мән-жайлары мен кінәсінің дәрежесін анықтау мақсатында бірқатар тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полицейлер барлық кінәлі тұлға заңға сәйкес жауап беретінін қадап айтты, әрбір қатысушының әрекетіне жан-жақты құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығының жіті бақылауында”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.