Руслан Берденов ісі: Шымкентте атышулы іске қатысты апелляциялық сот басталды
Шымкент қалалық сотында бұрынғы қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотталған Ернар Жиембайдың апелляциялық шағымын қарау басталды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Процеске төрағалық етуші — судья Бәйдібек Дюсебеков. Ал сот алқасының құрамына судьялар Дәурен Сайханов пен Еркебұлан Тулешов кірді.
Ернар Жиембайдың қорғау тарапы сот үкімін жеңілдетуді талап етіп отыр. Олар 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстыруды сұрайды.
Адвокаттардың айтуынша, олардың қорғауындағы азаматтың адам өлтіруге ниеті болмаған, ол тек Берденовті қорқытқысы келген.
Керісінше, жәбірленуші тарап жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Руслан Берденовтің мүддесін қорғаушы Жеңіс Тыныбек тағайындалған жаза қылмыстың ауырлығына сай келмейді деп санайды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты резонанстық іс бойынша үкім шығарылды.
Сот үкімімен Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.