Тек адал ас ішкен адам

Oinet.kz 06-11-2023 1149

Алтыншы атамның аты Тоқтауыл екен. Өзі өте адал, алайда қызық мінезді, қырсықтығы бар кісі болыпты. Үйге құдайы қонақ едім деп келген адамға, бәйбішесіне қарап:

9A2FB79F-7D5B-4096-8A64-C923E2497E15_cx0_cy1_cw0_w1200_r1.jpg

Мейман шөлдеп келген болар, көже әкелдір,-дейді екен. Қонақ көжеге мұрнын шүйіріп, бай бола тұрып, қара көже құйғызғаны несі, деп менсінбей ернін ғана малып, кері қайтарса, -Әә, мейманымыз шөлдемеген екен, қарны да ашпаған болар,- деп арнап мал да сойдырмайды екен. Ал көжені сіміріп, тартып жіберсе-Әй, жігіттер, бір сайлы қонақ келіп қалыпты, жайын қылыңдар деп, қой сойдырып, кейде кісілігі ұнап қалса, қолқалап алып қалып,  жабағысын жайратып салып, жақсылап тұрып күткізіп, өзі әңгімесін айтып, артын жыр-термелеткізіп жақсы жиынмен Тоқам үйінде ия Тоғатамның ауылында болғаным-ай дегізіп, естен кетпестей етіп күтеді екен.

Осындай қызық мінезінің үстіне Тоқтауыл бабам дастарханына арам ас қойғызбайтын, кісі ақысын жемейтін өте адал адам болыпты. Әкесі Бұқардан дін оқуын тауысып, Торғай атырабына ислам дінін таратушы Тұрлығұлдың әңгімесін кіші ұлы ретінде көбірек тыңдап, тәлімін алғандығының әсерінен болса керек ол ешқашан өтірік айтпайды екен, әмәнда тура сөйлеп, адалдық жолдан ауытқуды имансыздық санапты.

Бірде өрістен қой бағып қайтқан жігіт бабамызға:-Бүгін қойға даладан бөтен ені бар бір ұрғашы тоқты қосылды. Ені өзгеше екен, сірә көшіп бара жатқан жұрттың бірінен ұйықтап, адасып қалған мал ма дедім, әйтеуір біздің қойға қосылды, -дейді. Содан бабамыз, жақын жердегі ауылдарға адам жіберіп, қой иесін іздеттіреді. Менікі еді деп ешкім шықпаған соң, онда тимеңдер, бір күні иесі шығар. Бірақ ұрғашы екен, туған қозыларына осы енді салып баға беріңдер,-дейді. Арада жылдар өтеді, әлгі жалғыз тоқтыдан тараған қойдың саны да жүзге жетіп қалады.

Бір күні қас қарайған шақта үйге қонақ келіп, көжені қотара ішкен мейманға риза болған бабам қой сойдыртады. Ас пісіп алдыға келгенде табақтағы қойдың басына көзі түскен атамның түсі бұзылып, дереу қызмет жасаушы жігітті шақырады. -Жаңа қараңғыда сыртынан басқанда қоңдылығын көріп ұстағанбыз, бауыздалып қойғаннан соң барып құлағындағы енді көрдім. Сосын өзіміздің малдан бір қойға осы енді салып, орнын толтырып қойдым, бір ағаттық кетті, байеке, -депті.

Үй иесі табаққа қолын салып, ас ішпесе мейман қалай ауқаттансын, қонағы үшін  бір жапырақ ет алып аузына салып, шайнап отырып барып жұтқан кезде сол ет тамағында тұрып қалып, Тоқтауыл бабам сол күнгі қонаққа асылған еттен кейін қылтамақпен ауырып дүние салыпты.    Менің Тоқтауыл бабам тек адал ас ішкен адам болыпты.

Анар Төлеуханқызы Төлеухан

Кенесары қырғыздарға неге барды?
Мәхр талай қазақ жігітінің түбіне жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу