Әкім сайлауы өз-өзін ақтады ма?

Oinet.kz 03-12-2025 97

Screenshot_1.png

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Мархабат Жайымбетов аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтата тұруды ұсынды. Нақты солай деді: уақытша тоқтату керек. Тіпті аудан, қала әкімдерін халық емес, мәслихат сайлағаны тиімді болуы мүмкін деген уәж келтірді. Олардың айтуынша, дәл қазір аудан, қала әкімдерін сайлау тиімді емес, жалпы сайлау дегеннің өзі – қып-қызыл шығын екен.

Дәл осы сөзді  «Жаңа Қазақстанның» жарқын өкілдері, демократиялық көзқарастағы депутаттар айтып отыр дегенге не сенерімізді, не сенбесімізді білмей дал болдық.

Бұл нені білдіреді? Бұл «Жаңа Қазақстанның» жүргізіп отырған саясатына, реформасына ашық түрде қарсы шығу ма? Әлде Ақорда тағы бір саяси ойынды бастады ма? Бір қызығы,  депутаттардың елді дүрліктірген мәлімдемелері Президенттің Қазақстанның бүкіл өңіріндегі ауыл әкімдерін жинап, елордада өткізген жиыннан бір күн бұрын жарияланды. Осы жағынан келсек, Саиров пен Жайымбетов алдын ала берілген сценарий бойынша жұмыс істеген болуы мүмкін.  Бұл сценарийдің жалғасы қалай өрбиді?

Сонымен, Саиров пен Жайымбетов не деді? Халық қалаулыларының пікіріне сүйенсек, қазір ауыл, аудандарда әр жексенбі сайын дерлік сайлау өтеді. Бірақ саяси реформаның жетілмеген тұстары көп. «Әлі де сайланып жатқан ауыл әкімдерінің құзыретін, олардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін реттеу қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Заң аясында ауыл әкімдерінің құзыретін әлі де кеңейтуіміз қажет. Бюджетті қалыптастыру тетіктерін заңмен пысықтауымыз тиіс», – деді депутат Саиров.

Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз бүгінде аудан, қала әкімдерін пилоттық форматта сайлауға кірісіп, 52 әкім сайланған. Бірақ бұл тәсіл әлі толық сараланбаған. Мәселен, сайланған кей аудан әкімдері бір жылға жетпей қызметінен кеткен.

Ал Мархабат Жайымбетовтің өзі бұрын әкімдіктің нанын жеген азамат екен. Оның айтуынша, ол жақында бірқатар аудандарды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысқан. Сапар барысында депутат аудан әкімдерін тікелей сайлау жүйесінің әлі де пысықтауды қажет ететінін аңғарған.

«Ауданға бөлінетін қаржы мәселесін реттеуге тиіспіз. Ал аудан әкімдерінің құзыреті бойынша бірнеше маңызды заңға өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, білім беру саласының шығыстары облыстық бюджетте қалып, кірістері аудан бюджетінде. Қазір аудан әкімдерінде құзырет аз, жауапкершілік көп. Білім, денсаулық, ветеринария саласы, жұмыспен қамту орталықтары, тіпті, бағынбайды аудан әкіміне. Ең бастысы, ауыл әкімдерінің сайлауының бір 5 жылдық кезеңін күтіп, ауылдық сайланған әкімдердің тәжірибелі корпусын даярлау маңызды. Сонда ғана саяси, ең бастысы кәсіби кадрлар резерві қалыптасады. Сондықтан оған әзірше уақытша тоқтау қойып, жан-жақты пысықтағанымыз жөн», – деді Жайымбетов.

Бұған қоса, қос депутат тағы бір мәселені көтерді: тек биылдың өзінде 6 аудан әкімі мен 1 облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтіпті. Осының өзіне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Яғни, әкім сайлауы миллиардтарды қажет етеді. Бюджеттің бүйірі жұқара бастаған кезеңде бұл шығын өзін-өзі ақтап жатыр ма?

Ерлан Саиров әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, сарапшылардың «аудан әкімдерін мәслихат депутаттары да сайлай алады» деген пікірін алға тартты. Мұнымен депутат не айтпақ? Естеріңізде болса, аудан әкімдерін мәслихат депутаттары арқылы сайлау 2007 жылы тәжірибе ретінде өткен.  Оңтүстік Қазақстан облысында сол жылы төрт әкімді депутаттар сайлаған. Науқан барысында халық қалаулыларының жік-жікке бөлініп, оның соңы бір-бірінің үстінен арыз жазуға, тіпті қылмыстық істердің қозғалуына ұласқаны есте қалыпты. Егер аудан басшысын депкорпус сайласа,  әкім мәслихатқа тәуелді болады деген сөз. Ал мәслихатта көп жағдайда бір партияның өкілдері үстем. Яғни, сайланған әкімнің түптің түбінде сол партияның шылауында қалмасына кім кепіл?! Ал құзыреті кеңейген әкімдер керемет жұмыс істеп кете ме?

Ұзын сөздің қысқасы, қос депутат  жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет, сайлау, өңірлерді дамыту туралы көптеген заңдарға қажетті нормалар енгізілгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауын тоқтата тұруды ұсынды. Бұған не деуге болады?

 Билік жүйесінде кездейсоқ нәрсенің болуы мүмкін емес. Бәлкім,  бұл қазақстандық демократияның өзіндік үлгісі, өзіндік ерекшелігі болса керек, әйтеуір пікірін еркін айтатын, қышыған жерді дөп басатын  депутаттардың өздері де көп жағдайда алдын ала келісілген жоспармен әрекет ететіндей көрінеді. Иә, бәрін келісіп істейді, келісіп пішеді, енді міне, тіпті мәселені де келісіп көтеретін дәрежеге жеттік.

Естеріңізде болса, елімізде осыдан бірнеше жыл бұрын әуелі ауыл әкімдері сайланды. 2023 жылы аудан, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау пилоттық жоба ретінде ұйымдастырылды. Жоба 2024 жылы да жалғасуы тиіс болатын. Алайда  былтыр халыққа арналған Жолдауында Президент:

«Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді», – деген болатын.

Осыған байланысты 2023 жылы Түркістан облысының төрт өңірінде: Шардара, Мақтаарал, Созақ, Бәйдібек аудандарында әкім сайлауы тәжірибе ретінде өтті. Биыл қазанда өткен додада Сайрам ауданына жаңа әкім сайланды.  

Осы жерде айта кетері, аудан әкімдерін сайлау бастамасын кезінде Мәжіліс депутаттарының өздері де қос қолдап тұрып қолдаған. Оның ішінде  Саиров пен  Жайымбетов болған шығар. Олар сол кезде аудан әкімдерінің қолдарында ешқандай өкілеттіктің жоқтығын, қауқарсыз екенін неге айтпаған? Саяси дода өткізудің арғы жағында қып-қызыл шығын жатқанын неге көтермеген? Сол кезде халықпен, әкімдермен кездесіп, неге проблемаларды зерттемеген? Уақтысында  ағынан жарылып, шындықты айтуға не кедергі болды?  Түсініксіз.

Ертеңіне өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында  Мемлекет басшысы аудан әкімдерінің сайлауына айырықша тоқталды. «Аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн.

Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек», – деді Президент.

Яғни, Мемлекет басшысы  аудан әкімдерінің сайлауына пышақ кесті тыйым салған жоқ. Мәселені мұқият саралау қажеттігін тапсырды. Ал енді аудан басшысын сайлауды тиімсіздікке айналдырған немесе өз деңгейінде жүзеге асырмаған кім?

Басқа жерді қайдам, Оңтүстікте ауыл, аудан әкімдерінің қалай сайланып жатқанын халық көрмей, білмей отырған жоқ. Кейбір аудандарда әкімдер өзінің қол астындағы қызметкерлерімен, ауыл әкімдерімен «үзеңгі қағыстырды». Билік ұсынған кандидатқа пәрменді қарсылас болады дегендер түрлі тәсілмен саяси додадан шеттетілді. Барлық жерде өзара келісу, бәтуа жасау, саяси доданы у-шусыз, бәсекесіз өткізе салу.

Ал бәсекесі жоқ халықтың емес, жоғарыдағы мүдделі топтардың сценарийі бойынша өтетін сайлаудың қажеті бар ма?

«Рейтинг» газеті, 3 желтоқсан 2025 жыл.


"Сіздің орныңызға талас басталды": Қосанов Президентке ашық хат жазды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу