Түркістан облысында бес жасар қызды ит талап, ауыр жарақаттады

Oinet.kz 22-05-2026

Түркістан облысының Ескі Иқан ауылында бес жасар қызға ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды.

image.png

Оtyrar.kz арнасының хабарлауынша, оқиға күндіз болған. Анасының айтуынша, қызы ауылдағы басқа балалармен ойнап жүрген кезде қаңғыбас ит тап берген. Зардап шеккен бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Дәрігерлердің мәліметінше, ит қыздың бет тұсынан қатты тістеген. Балаға ота жасалғанымен, бетінде тыртық қалуы мүмкін. Сонымен қатар, құлаған кезде басынан да жарақат алған.

Қазіргі уақытта қыздың жағдайы тұрақты, қажетті ем қабылдап жатыр.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауылда ит шабуылы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Соңғы уақытта бірнеше адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен.

Сауран аудандық әкімдігі шабуыл жасаған итті іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бір ит ұсталып, зертханаға жіберілген. Ал Ескі Иқан ауылындағы оқиға бойынша полиция жануардың иесін анықтауға кіріскен.

Ауданда биыл қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері 50-ге жуық ит ұсталған.

Алматыда банктер мен ХҚКО-ны сынаған шетел азаматы 10 тәулікке қамалды
Алматыдағы жол апаты: Алғашқы сот отырысының күні белгіленді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу