Түркістан мен Шымкентте сенатордың шекпені кімге бұйырады?

Oinet.kz 05-12-2022 1175

Screenshot_6.jpg

Бір сайлау біте салысымен екінші сайлаудың түңлігі түрілді. Қаңтарда Сенат сайлауы өтеді. Әр өңірден екі депутаттың Сенатта отыруы, әр үш жыл сайын бір депутатты алты жылға сайлап жіберу қалыптасқан үрдіс. Сенат сайлауы жалпы көпшілік үшін онша қызық емес науқан саналады.  Неге десеңіз, халық сенаторларды тікелей таңдамайды. Олар мәслихат депутаттары арқылы сайланады. Яғни, дау-дамай, у-шу, қызық-шыжықтың бәрі мәслихаттың өз ішінде болады деген сөз. Ал, Оңтүстікте облыстың, мегаполистің атынан өкілдік ететін  екі сенатордың бірін ана ауылдан, біреуін мына ауылдан сайлап жіберу жазылмаған заңдылыққа айналғалы қашан.

Әдетте саясаттың қызуының көтерілетін кезі  жаз бен күз ғой.  Бірақ бұл жолы Сенат сайлауы қыс ортасы-қаңтарға белгіленіп отыр. Мұны өткен сенбіде Астанада ұлықтау рәсімінде Президент айтты. Ал Мәжіліс сайлауының келер жылдың бірінші жартыжылдығында өтетінін Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеп қойғаны белгілі. Сонда айналып келгенде келер жылы Парламенттің жоғары палатасына да, төменгі палатасына да сайлау өтпек. Мәжіліс пен бірге мәслихатқа да депутат сайлаймыз. Бұл деген сөз сенаторларды сайлау мәслихаттың жаңа емес, осы шақырылымының еншісіне бұйырғалы тұр.  

Орталық сайлау комиссиясының таратқан кестесіне сәйкес Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну кеше, яғни 29 қарашада басталды. Ол 14 желтоқсанда аяқталады. Тәртіп бойынша кандидаттарды мәслихаттар ұсынуы мүмкін. Сонымен бірге Сайлау комиссиясы бекіткен талапқа сай келсе, Сенатқа кез-келген азамат өзін-өзі ұсына алады.  Бұдан кейін тіркеу шарасы жүреді. 24 желтоқсанда кандидаттар үгіт-насихат шараларына бастайды.  14 қаңтарда сенаторларды облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлайды. 

Жалпы, Оңтүстікте Сенат сайлауының да біраз қызықтары болған. 2008 жылы Сенатқа облыстан Орынбай Рахманбердиев екінші қайтара сайланды. Сол жолы оған өзіне жақын іні болып жүрген азаматтың қарсылас болуы жұрттың ойын сан саққа жүгіртті. Осы сайлауда депутаттар тастаған бюлетендердің көпшілігі жарамсыз деп танылды. Мұны  халық қалаулыларының сауатсыздығы емес,  сол кездегі түрлі ойындардың салқыны екендігін ел жақсы білді  (бүгінде сол екі ағайынды азаматтың ештеңе болмағандай емен-жақын араласып жүргенін түсініп көріңіз).    Қайбір жылы Қуаныш Айтаханов пен сол кездегі облыс прокурорының орынбасары арасындағы бәсекелестік, талас-тартыс та біраз жерге барған. Одан кейінгі Сенат сайлауында есте қалатындай ештеңе болмаған сияқты.  Бұл бәлкім жоғары палатаға кімнің баратыны алдын ала шешіліп қойылғанымен де байланысты шығар. 

Бұл жолы Сенатта Түркістан облысында Әлімжан Құртаевтың, ал Шымкентте Нұрлан Бекназаровтың мерзімі бітіп жатыр. Екі сенатор да бұл орында бір мерзімнен отырды. Олардың екінші қайтара сайлану мүмкіндігі қандай?  

Әлімжан Құртаев ғылым докторы. Тоқсаныншы жылдарғы қиын-қыстау кезде Арыс қаласының әкімі қызметін атқарған. Арыстың халқы Құртаевтың іскерлігін әлі күнге айтып отырады. Құртаев осыдан кейін  біраз уақыт облыс әкімінің орынбасары қызметін  атқарған. Бұдан кейін аумақтық мекемелерде, дәлірегі көші-қон басқармасының бастығы, Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болды. Бұдан кейін әкімдікке қайта оралып, өзі туып өскен Отырар ауданының тізгінін ұстады. Осы жылдары Құртаевтың орынбасары парамен ұсталды, көп ұзамай аудан әкімі өз еркімен отставкіге кетті. Ол кезде әкімдерге бүгінгідей қарамағындағы бағынышты қызметкері жемқорлыққа жол берсе, отставкіге кетуге мәжбүрлейтін талап жоқ. Сондықтан көпшілік Құртаевтың  бұл әрекетін ерлікке балағанын да айта кету керек. 

Осыдан кейін биліктен кетіп, бизнесте жүрген Құртаев 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Келесі жылы облыстан Сенат депутаты болып сайланды. Ол зейнет жасынан асқан Қуаныш Айтахановты алмастырды. Алайда Құртаевқа жерлесі Айтаханов сияқты Сенатта 12 жыл отыру бақыты бұйырмайтын сияқты. Ұзынқұлақтан жеткен ақпараттарға қарағанда, Құртаев Сенаттың келесі шақырылымына депутат болуға құлық танытпағанға ұқсайды. 

Құртаевтың туған ағасы Серікжан Сейітжанов облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты. Елдегі елу миллионердің бірі, тасы өрге домалаған бизнесмен. Сейітжановтың Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдымен құда болғандығы жасырын емес. Қаңтардан кейін тақуалық жолға түскен  құданың ұсталып, сотталып кеткені  мәлім.   Назарбаевтар әулетімен байланысы барлардың бәрін қара тізімге енгізіп жатқан науқанның да бәлкім бұл сайлауға бір әсері тиді ме екен? Кім білсін?! Қалай десек те, Сенат сайлауында кімдердің бақ сынайтыны, таңдаудың кімге түсетіні дәл қазір болжам айт қиын. Кеше кешкісін кандидаттардың қатарында таулы аудандарда тындырымды тірлігімен көзге түсіп жүрген мәслихат хатшысы және бір аудандағы партияның атқарушы хатшысы, бұдан бөлек аудан әкімінің орынбасары мен аудан әкімі аппаратының жетекшісі бар деген мәлімет келді. 

Ал Сенатқа Шымкенттен сайланған  Нұрлан Бекназаровтың қалалық мәслихаттың бес шақырылымына депутат болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Мәслихаттағы тексеру комиссиясының төрағасы, 2011 жылдан бастап мәслихат хатшысы лауазымын иеленді. Осы жылдары Бекназаровтан хатшының тізгінін алып қою үшін біраз әрекеттер жасалды. Оның «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы басшыларымен арадағы текетірес туралы уақытысында «Рейтинг» газеті де жазған. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Мәсхатшы Бекназаров сол жылы Сенатқа сайланып кетті. Бұған сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ықпалы тиді ме, жоқ, кім білсін.  Бекназаров бұл жолы  сайлауда  тағы бақ сынайды деген мәлім жетті.  Бұдан бөлек қаладағы оқу орны директорының орнынбасары, бір мектеп директоры да тәуекел жасап көрмек көрінеді. 

Не де болса Сенат сайлауына старт берілді. Кандидаттар туралы әңгімені келесі жолы жалғаймыз. 

"Рейтинг" газеті

4 әйел сотталды, ал Есенованың есебі түгел. Майшелпекке Сәкен Майғазиев те ортақтасқан ба?
Тасмағамбетовке түскен таңдау нені білдіреді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу