4 әйел сотталды, ал Есенованың есебі түгел. Майшелпекке Сәкен Майғазиев те ортақтасқан ба?

Oinet.kz 27-10-2022 2353

Былтыр тамызда Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды қызметкерлерінің құзырлы органның өкілдеріне 80 миллион теңге көлемінде пара бермек болғаны, сол үшін қамауға алынғаны жөніндегі ақпарат елді дүрліктірген еді. Жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты осы шулы іс бойынша үкім шығарды. 

Screenshot_1.jpg

Соңғы кездері Шымкентте сыбайлас жемқорлық фактілерінің тым көбейіп кеткені, бірақ неге екені белгісіз, бергі жақтағы шабақ шенеуніктердің сотталып, арғы жақтағы шортан басшылардың сытылып кететінін біз бұған дейін де жазған едік. Жоғарыдағы үкім де Шымкентте «айран ішкен құтылып, шелек жалағанның тұтылатынын» кезекті рет дәлелдеді.

Жалпы, Шымкентте мәдениет басқармасы мен Мәдениет үйіне  қатысты іс бойынша бір топ шенділердің сотталып жатқаны туралы ақпарат тараған кезде көпшілікті көкейінде екі сұрақтың туындағаны рас. Біріншісі, бұл іске қалалық мәдениет басқармасының басшылығына келгелі басынан дау кетпеген Ханзада Есенованың қаншалықты қатысы бар? 

Екіншісі, қылмыстық істе Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған, әлеуметтік желіде белсенділермен айтысып, соттасуға дейін барған танымал әнші Сәкен Майғазиев   кім? Куәгер ме әлде айыпталушы ма? Сот, тергеу осы сұраққа жауап бере алды ма? Бәріне рет-ретімен тоқталсақ.

Былтыр наурызда жекелеген азаматтардың шағымы мен әлеуметтік желідегі жазбалардан кейін ішкі мемлекеттік аудит департаменті Мәдениет басқармасына қарасты Мәдениет үйіне тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеру  2018-2021 жылдар аралығын қамтыған. Басқармада қаржылардың оңды-солды кетіп жатқаны осы аудит барысында белгілі болған. Алғашқыда 528 319 000 теңгенің, қосымша тексеру барысында тағы 80 966 000 теңгенің талан-таражға салынғаны анықталады. Жалпы шығын 600 миллион теңгеден асады. 

Қаржылар үйреншікті әдіс-тәсілдер арқылы жымқырылған. Қалалық мәдениет басқармасының бас есепшісі К.Асанбекова мен Мәдениет үйінің бас есепшісі Н.Баймашева, осы мекеменің есепшісі Н.Дәуренова және кәсіпкер Ғ.Амиркулова өзара сыбайласып, қылмыстық жоспарларын жүзеге асырып отырған.  Олар мекемелерінің бірінші басшыларының электрондық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік сатып алу келісім-шарты түзілмеген, Мәдениет басқармасының қаржылық шығыстар жоспарында қарастырылмаған және шын мәнінде орындалмаған  іс-шараларға ақша бөліп отырған. Қаржыны алдымен басқармадан К.Асанбекова Мәдениет үйіне жібереді. Оны қабылдап алған Н.Баймашева сыбайластары Н.Дәуренованың және Ғ.Амиркулованың туыстары, таныстарының аттарына тіркелген жеке кәсіпкерліктерге, серіктестіктерге аударады. Артынша ақшаны Н.Баймашева шоттан шешіп алып, қайтадан К.Асанбековаға апарып берген. Әрине, келген-кеткен қаржыдан әркім өзіне тиісті үлесін алған. 

Асанбекова сот барысында өзіне тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспейді. Ал Н.Баймашева кінәларын  ішінара мойындаған. Оның айтуынша, қылмыстық жоспарды Асанбекова құрған және ол бұл іс-әрекеттердің барлығы заңды деп сендірген көрінеді. Аударылған ақшаның бес пайызға дейінгі бөлігін  кәсіпкер Ғ. Амиркулова алып отырған. 5-10 пайызын келісім бойынша өзі алған. Қалғанын Асанбековаға апарып берген. 

Ең масқарасы мынада, Н.Баймашеваның сөзіне сенсек, Мәдениет үйіне және басқа мекемелерге жолданатын барлық қаржыны К.Асанбекова Мәдениет басқармасы басшысының келісімімен және қол қоюымен жүзеге асырған. Қаржының басым бөлігін басқарманың басшысы алып отырған және бұл сыбайластық схемасы бұрыннан бәріне белгілі болған. Мәдениет үйінің директорының да алатын өз үлесі болған. Тіпті ол сотта Мәдениет үйінің директоры қызметін  2016-2019 жылдар аралығында атқарған, осы іс бойынша айыпталған С. Есболовқа да К. Асанбекованың нұсқауымен бірнеше рет  ақша апарып бергенін мәлім етеді. Үлес тек Мәдениет үйінің директорының міндетін атқарған, тағы бір айыпталушы Ғ.Аманқұловқа берілмеген. Бірақ сот барысында С.Есболов өзінің атына айтылған айыптауларды жоққа шығарған (айта кетері, С.Есболов пен Ғ.Аманқұлов салғырттық бабымен ғана кінәлі деп танылып, бірақ қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты сот залынан босатылды).

Ал енді бұл іске Сәкен Майғазиевтің қатысы қанша? Н.Баймашеваның айтуынша, ол бір жолы «оңды-солды» кетіп жатқан ақшалардың 4 миллион теңгесін С. Майғазиевтің тарапынан өткізілген іс-шараға шақыртылған қонақтарды күтіп алуға және оның қызметтік бөлмесіне кілем, стол, перделер мен орындықтар, кресло сатып алуға жұмсаған. Бұл ақша тікелей Мәдениет басқармасының басшысы Х.Есенованың нұсқауымен іске асқан. С. Майғазиев бұл ақшаның қылмыстық жолмен келгенін білмеген.  

Сотта куәгер ретінде жауап берген  Сәкеннің өзі мойындағандай, шығармашылық адам болғандықтан, оның есеп-қисаптан хабары болмаған. Сондықтан алғашқыда қаржылардың жымқырылып жатқанын білмеген көрінеді.  Әнші тек бір жолы 70 000 000 теңгеге қатысты күдік келтіреді. Осыны толық анықтау мақсатында Алматы қаласынан маман шақыртып, тексеру жүргізуге әрекет еткен. Бірақ, ортаға Х.Есенова килігіп, кедергі жасайды.  Осыған байланысты Майғазиев пен Есенованың арасында түсініспеушілік туындап, тіпті бір-біріне дауыс көтеруге дейін барған.  Шамасы, Сәкеннің Шымкенттен табан астында кетіп қалуына осы жәйт себеп болғанға ұқсайды.  

Кәсіпкер Ғ.Амиркулова сотта  осы қылмыстық іс-әрекеттер нәтижесінде тапқан табысының 25 000 000 теңге шамасында екендігін айтып, кінәсін мойындаған. Ал, Мәдениет үйінің есепшісі Н.Дәуренова  үлес ақшаларды өз қажеттілігіне жұмсап жібергенін, шығындардың бір бөлігіне қайтарғанын, қалғанын да өтеуге барынша тырысатынын айтқан. 

Айтпақшы, қылмыстық істің екінші бөлігі, пара беруге қатысты эпизодқа тоқталсақ.  К. Асанбекова, Н. Баймашева, Ғ. Амиркулова өздерінің жемқорлық әрекеттеріне байланысты тіркелген қылмыстық істі заңсыз жолмен жабу мақсатында 2021 жылдың 1-9 тамызы аралығында елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің лауазымды тұлғаларына жалпы 79 892 000 теңге, яғни аса ірі мөлшерде пара беруге дайындалған. Пара ретінде берілетін ақша Астанадағы қонақ үйлердің бірінде алынған. 

Сот бөтеннің мүлкін талан-таражға салды  және пара беруге оқталды деген баптармен К.Асанбекованы 8 жылға, Н.Баймашеваны 7,6 жылға, Ғ.Амиркулованы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал, Н.Дәуренова 7 жылға шартты жазаға кесілді. С.Есболов пен Ғ.Аманқұловтың сот залынан босатылғанын жоғарыда айттық. Қазынаға келтірілген және басқа да шығындарды   К. Асанбековадан, Н. Баймашевадан және Ғ. Амиркуловадан өндіру міндеттелді. Ескерте кетейік, сот үкімі әлі күшіне енбеген. 

Айтпақшы, сотқа Мәдениет басқармасын бұған дейін басқарған Әлия Шалхарова мен Рашид Мыңбаев та шақыртылып, жауап берген. Соңғы жылдары Өмірзақ Шөкеевтің кеңесшісі, одан кейін Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған Ә.Шалхарова басқармада орын алған мемлекет қаржысын жымқыру оқиғасын әлеуметтік желі арқылы білгендігін айтыпты. Тіпті салғырттық танытқаны үшін кінәсін мойындап, кешірім сұраған. Бүгінде Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев бас есепші К. Асанбековаға толық сеніп қалғанын алға тартқан.  Ал, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның жауабы «бәрін бақылауға мүмкіндігім жоқ» дегенге саяды.  

Ханзада Есенова туралы әңгіме бөлек. Сот оған қатысты жеке қаулы шығарды. Қаулыда жымқырылған қаржыларды тексермек болған Майғазиевтің әрекетін Есенованың тыйып тастағаны келтіріліп, Х.Есенованың, сонымен бірге Ә.Шалхарованың әрекеттеріне құқықтық тұрғыда тиісті баға берілмегені, қылмыстық-процестік заңнама шеңберінде шешім қабылданбағаны жазылған. Қаулы антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментіне жолданып, бір ай ішінде қолданылған шаралар жөнінде жауап жолдау міндеттелген.     

Биыл  Шымкеттегі бір топ мәдениет саласының майталмандары басқарма басшысы Ханзада Есеновадан қысым көргендерін, басқармада қаржыға, кадрлық салаға қатысты күмәнді жәйттардың көбейіп кеткені туралы баспасөз мәслихатын өткізген еді. Осы кездері оның көмекшісінің парамен ұсталғаны, Алматыдағы пәтерінде тінту жүргізілгені туралы рас-өтірігі белгісіз ақпараттар таратылды. Ұзамай Есенова басқарманың басшылығына кетті. Осыдан кейін атышулы ханым туралы ешқандай мәлімет жоқ. Фейсбуктегі оның соңғы жазбасы маусымда жарияланған. Біреулер экс-басшының шетелде жүргенін де айтып жатыр. 

Есенованың ісіне  түсінік беріп жатқан да ешкім жоқ. Осыншама дау-дамайлардан кейін «отқа салса, жанбайтын», ешкімнің тісі батпайтын Есенова кімнің еркесі еді? Оның артында қандай көкесі бар?   

Көлденең келген көк аттыларға, майшелпек болған қайран Оңтүстіктің мәдениеті-ай десеңізші. 

"Рейтинг" газеті, қазан, 2022 ж

Қошанов Тоқаевтың батылдығын өз көзімен көріп тәнті болғанын айтты
Түркістан мен Шымкентте сенатордың шекпені кімге бұйырады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу