Мәслихат депутаттары бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді

Oinet.kz 20-10-2025 56

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы агенттікке сілтеме жасаған Oinet.kz тілшісі хабарлайды.

2023_04_20_vfckbfn.jpg

"ҚМА-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті QazConstructions ЖШС басшылығына қатысты, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

Күдіктілердің қатарында – QazConstructions ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар", - делінген хабарламада.

ҚМА-ның мәліметінше, аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған.

Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.

Screenshot_7.jpg

"Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Хабарламада тергеу жалғасып жатқаны, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтіні айтылған.

Шымкентте ауруханада науқастарды еденге жатқызып қойған: әкімдік пікір білдірді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу