«Top resort» туристерге сапалы қызмет көрсетеді
Жазғы ыстық мезгілде туризм саласы қарқынды жүреді. Күн ыстығында туристер саялайтын жер іздеп, өзен-көлі бар салқын жер іздейтіні анық. Қазақстанда туристердің талғамынан шыға білетін жерлер көп. Соның бірі – Түркістан облысының Төлеби ауданы. Төлеби ауданының табиғаты жанға жайлы. Мұнда күн ыстықта туристер саялайтын демалыс аймақтары көп.
Аудандағы ірі туристік жобалардың қатарындағы Қасқасу ауылдық округіндегі құны 187 миллион теңгені құрайтын «Top resort» демалыс орны былтыр мамыр айында іске қосылған болатын. Кешен тәулігіне 50 адамды қабылдайды. Сонымен қатар Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешені бой көтеруде. Туристердің сүйікті орнына айналғалы тұрған жобаның сыртқы инженерлік-инфрақұрылым соммасы – 3,6 миллиард теңгені құрайды. Кешеннің инфрақұрылымдарын, оның ішінде жол, ауыз су жүйелері, подстанция орнату, канализацияның қондырғыларын орнатуға биылғы жылға 1 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне енгізілген.
Жоба жүзеге асырылғанда 5000-ға жуық жұмыс орнын құру күтілуде. Кешен толық іске қосылған кезде шаңғы трассаларының ұзындығы 30 шақырымды құрап, бір мезгілде 11 мың адамның қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін демалуына мүмкіндік жасайды. Яғни мұнда күніне 4 000-ға жуық адам келіп, 2 000-ға жуық шаңғышы бір мезетте шаңғы тебе алады. Демалыс, әрі саяхат кешені алыс-жақын шетелдіктерді де қызықтырады дейді сала мамандары.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының қолдауымен өлкеде емдік сауықтыру кешендері көптен ашылуда. Әсіресе Төлебидің қымызы брендке айналып келеді. Осы бағытта ауданда бірқатар жобалар іске асқан. Айталық Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 миллион теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Н.Әбілдабековтің 23 төсек-орынды саумалмен емдеу орталығы шілде айында ашылған.