Төлебиге 37462 турист келген
Түркістан облысының тау бөктеріне жақын орналасқан Төле би ауданының табиғаты керемет. Көрсең көзің тоятын, жаның демалатын дәл осы тұмса табиғат талайларды таңқалдырып келеді. Аудан агросала, кәсіпкерлікпен қатар туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Сондықтан болар Түркістан облысындағы демалыс орындарының басым бөлігі осы ауданда орналасқан.
Аудан аумағында жалпы 140 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және 3 саумалмен емдеу орталықтары, 71 демалыс аймағы және 64 саяжай.
Маусым айының басында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған сапары барысында таулы өлкенің экономикалық әлеуетіне жоғары баға беріп, туризмді дамытудың жолдарын ұсынған болатын.
«Төлеби ауданында өмір сүретін адамдарды бақытты деп есептеймін. Өйткені табиғаты айрықша, өмір сүруге өте қолайлы. Ауданның туристік әлеуетін көтеруде ауыл тұрғындарын осы салаға баулу керек. Өзбекстанның тәжірибесіне сүйеніп, әр үйді туристер түсетін қонақ үй ретінде бейімдеп, ел табысын арттыруға толық мүмкіндік бар» деді өңір басшысы.
Осы ретте аудан әкімі Төлеген Телғараев туризм саласында атқарылып жатқан іс көп екенін жеткізді.
«Төлеби ауданы Тәңір шарапатымен құт қонған, қыдыр дарыған, еліміздің қасиетті бір өлкесі» деген аудан басшысы туристік кластердің дамуына аймақтың табиғаты мен ауа-райы зор мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
Расымен де ауданның қысы жұмсақ, жазы жайлы. Аудан жерімен Ақсу, Сайрамсу, Бадам, өзендері ағып өтеді. Тау етектерінде қасқыр, аю, барыс, арқар, таутеке, сілеусін, құстардан – бүркіт, ителгі, кекілік, ұлар мекендейді. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болып табылады.
Мамандардың мәліметінше былтырғы жылы аудандағы демалыс орындарына 37462 турист келген. Тартылған инвестиция көлемі - 1 миллиард 362 миллион теңгені құраған.