Нұржан Қуантайұлы декан болып тағайындалды
Журналист, жазушы Нұржан Қуантайұлы ҚазҰУ-дың журналистка факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы журналист Дәурен Қуат Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды Oinet.kz.
"Құлағыңа тиген жағымды, жақсы жаңалықты бөлісіп, сүйіншілеп қойған дұрыс шығар. Жазушы, жазушы болғанда, анау-мынау жазушы емес, классик жазушы, ғалым, медиаменеджер - Нұржан Қуантай "ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің деканы болыпты" деп, естіп отырмын. Бәрекелді!" - деп жазды Дәурен Қуат.
Нұржан Қуантайұлы 1971 жылы 22 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
1993-1994 жылдары Қазақ радиосында аға редактор, шолушы, 1995-1996 жылдары Қазақстан журналистер одағына қарасты Журналистерді қолдау қорының вице-президенті.
1996-2000 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінде аға оқытушы, доцент, 2000-2002 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің шолушысы.
2002-2004 жылдары «Қазақ университеті» газетінің Бас редакторы, 2004-2005 жылдары «Айқын» газетінің саяси шолушысы, 2005-2009 жылдары «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет еткен.
2009 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс ақпарат» медиа орталығының директоры. Кейіннен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының доценті қызметін атқарды.
2000 жылы «Жүсіпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, халықаралық "Алаш" сыйлығының, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты.
2013 жылдан ҚР Журналистер академиясының академигі.
Мәдениет және ақпарат министрінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен наградталған. «Қараөзек» атты романның, бірнеше әңгімелердің, үш жыр жинағының авторы. «Адырна», «Күмбiр», «Қараөзек», «Алаш Орда баспасөзi және Жүсiпбек Аймауытұлы», «Қолшатыр» атты кiтаптары жарық көрген.