Ауданның табиғи ерекшелігі туризм кластерін дамытуға қолайлы
Төлеби ауданы – Тәңір шарапатымен құт қонып, қыдыр дарыған, еліміздің қасиетті бір өлкесі. Таулы аймақтың табиғаты да ерекше. Ақсу өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауынан арнасын алады. Аудан аумағынан өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне — Арыс өзеніне барып құяды. Тау суы тұнық, ал дәмі керемет, әрі балдай. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болы саналады. Парк территориясында Өгем жотасының ең биік жері Сайрам шыңы болса, Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері де ағып өтеді.
Табиғат аясында тынығушылар саны жыл санап артып келеді дейді аудан әкімі Төлеген Телғараев Facebook парақшасында. Ауданның табиғи ерекшелігіне орай туризм кластерін дамытуға өте ыңғайлы. Осы салада аудан аумағында жалпы 139 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймағы және 64 саяжай.
Былтырғы жылы аудандағы демалыс орындарына 46 462 турист келді. Жалпы, туризм саласына 237 млн. теңге инвестиция тартылып, 28 жұмыс орны ашылды. Атап айтар болсақ, Қасқасу ауылдық округіндегі құны 187 млн. теңгені құрайтын «Top resort» демалыс орны былтыр мамыр айында іске қосылды. Кешен тәулігіне 50 адамды қабылдайды. Ал, Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Н.Әбілдабековтің 23 төсек-орынды саумалмен емдеу орталығы 2021 жылдың шілде айында ашылды.
Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге қаралды. Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады.