«Дихан Тау» туристерді сауықтыруға шақырады
Төлеби ауданы - әсем табиғатымен ғана емес, сапалы, табиғи азық-түлігімен бүкіл республикаға танымал. Мұнда туристерге демалыс орындарында сапалы азық-түлік ұсынылып, денсаулығын нығайтуға зор мүмкіндік береді.
Жуырда Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер Эльмира Еспенбетова «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде саумалмен сауықтыру кешенін іске қосты. «Дихан Тау» саумалы сауықтыру орталығының жоба құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады. Демалушылар үшін үш мезгіл асы мен төрт мезгіл саумал және жатын орын қызметі ұсынылады. 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Терезелері тау көрінісіне қараған орталықтың жалпы жер көлемі 37 соттық. Тау көрінісі мен керемет табиғат аясындағы түрлі жеміс ағаштары, жаздық тапшандар, бассейн, орталыққа сән беріп тұр. 3-4 бие ұстап, сауып беруге арналған жер де қарастырылған. Демалушыларға атпен серуен ұйымдастырылған. Кәсіпкер отбасылық бизнесін жұбайы Бағлан Рысбаевпен бірге жүргізіп, Диханкөл елді мекеніндегі жеке үй жайынан 15 бөлмеден тұратын ғимарат құрылысын аяқтап, жиһаздармен жабдықтаған.
Оның ішінде стандарт номерлермен қатар, отбасылық жеке бөлмелер де бар деген Бағлан Рысбаев саумалдың адам денсаулығына тигізетін пайдасы көл-көсір дейді. Саумал – бұл жеңіл қорытылатын белсенді биологиялық өнім. Ол ағзаға сіңірілу кезінде, ас қорыту процесіне қатысатын органдарға (асқазан, ұйқы безі, бауыр, ішек) үлкен жүктеме жасамайды. Сол себептен, дененің қалыпқа келу процесін жылдамдатады. Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, тұмаудың алдын алуға және қатерлі ісік ауруын емдеу үшін қолданылады. Сондай-ақ, ол қан айналымын жақсартады. Бие сүтінде көптеген дәрумендер, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсенді заттар бар. Саумалдың көмегімен, иммундық жүйенің қызметін жақсартуға және асқазанның ойық жарасы ауруын емдеуге болады.