Әнуарбек Маймақов: «Баланың сырқаты ата-ананың салғырттығынан асқынады»
Әнуарбек Маймақов, ОҚО клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері
– Әнуарбек Әбдібекұлы, Сіз басқаратын аурухана—еліміздегі ірі көп салалы стационарлардың бірі. Балаларды қорғау күні қарсаңында атқарылған ауқымды жұмыстарыңызбен бөліссеңіз...
– Оныңыңыз рас. Дәрігерге күнімді қаратпасын деп тілейтін ағайын мұнда келіп ем қабылдамайынша біле бермеуі мүмкін. Облыстық клиникалық балалар ауруханасы расында да бүгінде еліміздегі ірі көп салалы стационарлардың бірі болып табылады. Мұнда кардиохирургия,нейрохирургия, неонаталдық хирургия, травматология, ортопедия, офтальмология, жалпы алғанда балаларға арналған мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің барлық түрлері шоғырланған. Емдеу орталығында 427 төсек орын бар. Оның 230-ы хирургиялық, 197-ісі педияторлық мақсатта жабдықталған.
Аурухананың консультациялық-диагностикалық емханасы күніне 300 адам қабылдай алады. Сурдологиялық, телемедициналық, халықаралық технологиялық тренинг орталықтар жұмыс істейді.50 орындық күндізгі стационарда жылына 2400-ге жуық бала ем қабылдайды. Биылғы бес айда мыңнан астам науқас дертіне шипа алды. Медициналық мекемеміздің құрамы 188 дәрігер мен 424 мейірбикеден тұрады. Дәрігерлердің 80, ал мейірбикелердің 65 пайызы жоғары санатты.
Облыстық балалар ауруханасында жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету технологиясы енгізілген. Бұл неонаталдық хирургия, нейрохирургияны дамытып,жаңа туған нәрестелерде кездесетін бассүйек жарықтары мен туа біткен бет, жақ сүйек ақауларына реконструкциялық, сондай-ақ кеуде тұсын түзеу торакопластика оталарын жасауға мүмкіндіктер береді. Нейрохирургия жаңа туған нәрестелердің туа біткен жұлын-ми қабықтарының зақымдалған жарықтарын жою технологиясымен жұмыс істейді. Соңғы жеті жылдан бері Оңтүстік Қазақстанның ғана емес, көршілес Қызылорда, Жамбыл облыстарының балаларына да жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін облыстық балалар ауруханасының Өңірлік хирургия орталығында денсаулығында ақауы бар жаңа туған нәрестелерге де ота жасалып келеді. Соңғы бес жылда мұнда мыңнан астам сәбиге неонаталдық ота жасалды. Нәтижесінде елімізде балалар арасындағы өлім-жітім 3,2 есеге азайды.
Былтыр жаңа туған нәрестелердің туа біткен жүрек ақауларына 280 ота жасалды. Олардың көбісі бір жасқа толмаған балалар. Бұл бұрын мұндай оталарды дәрігерлер жасай алмайтын еді деген сөз емес. Тек оған дәл қазіргідей толық жағдай жасалмаған болатын.Облыс әкімдігінің қолдауымен, денсаулық сақтау басқармасының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес медициналық персоналдардың білімдерін ұдайы жетілдіріп, біліктіліктерін арттыру мақсатында халықаралық деңгейде отандық және шетелдік мықты мамандардың көмегімен мастер-кластар өткізіп тұрамыз. Швейцария,Израйль, Польша, Украина, Татарстанның және өзіміздің Ұлттық кардиология орталығының білікті дәрігерлерімен тәжірибе бөлісіп келеміз.
Жалпы, біздің міндетіміз қолдан келгенінше Мемлекет басшысы Жолдауларында нақтылап берген денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды және ең күрделі міндеттердің бірі – ана мен бала денсаулығы жақсарту, өлім-жітімді азайтып, халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту.
– Ата-аналар көзге көрініп тұрмаған соң көбінде перзенттерінің денсаулығында туа біткен ақау барын біле бермейді. Соның салдарынан ауруханаларға шипа іздеуге кеш келіп жатады...
– Сіз айтқан жағдайлардың мейлінше тезірек алдын алу үшін биыл бірінші рет облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың қолдауымен дәрігерлерімізден құралған белсенді топтар облысымыздың перзентханаларында жаңа туған балаларды медициналық тексеру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Өйткені туа біткен аурулардың арасында ретинопатия дерті көптеп кездесуде. Бұрын бұл шала туған сәбилерде ғана кездесетін. Мұны дер кезінде емдемесе соңы айықпас дертке – көрсоқырлыққа, яғни мүгедектікке апарып соғады. Жыл басынан бері осындай дертті 20 нәрестеге ота жасалды. Олардың барлығы дұрыс күтім жасалса, ауруынан толық айығып кетеді. Жалпы, балалар офтальмологиялық бөлімінде жыл сайын 600-ден астам шұғыл микрохирургиялық ота істелінеді. Олардың арасында травмалық катаракта, шел басу сырқаты аз емес.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері тек алдына келген науқастарды емдеумен ғана айналыспайды. Оңтүстіктің педиатриялық орталығы болғандықтан аудан-ауылдарға жиі шығып тұрады. Тек былтырдың өзінде 2300-ге жуық кездесулер ұйымдастырылып, телемедицина арқылы ауылдық жерлердегі дәрігерлерге консутациялық-диагностикалық қызметтер бойынша көмектер берілді. 800-ге жуық санитарлық авиациялық көмек көрсетілді.
Ата-аналар біле бермейді дегеніңізден шығады. Мамандарымыз ата-аналарға бала ауырғанда шұғыл медициналық көмектен бастап, 1-5 жас аралығында бүлдіршіндерге қандай күтім жасау тренингтерін де өткізіп келеді. Бұл әрбір әке-шеше білуі тиіс аурудың алдын алудағы алғашқы қадамдар. Өйткені балалар арасында сырқаттардың басым бөлігі ата-аналардың перзенттеріне дұрыс күтім жасай алмағанының салдарынан асқынып кетіп жатады. Бұл керек десеңіз, өзіңіз айтып отырған балаларды қорғаудың алғашқы амалдары...
– «Ауру – астан» деп жатамыз. Ауруханада ем қабылдап жатқан науқас балалар қалай тамақтандырылады?
– Облыс әкімдігінің қолдауымен денсаулық сақтау басқармасы биыл бірінші рет облыстық балалар ауруханасында науқастарды тамақпен қамтамасыз етуде аутсорсинг тәсілін енгізіп отыр. Нәтижесінде 20 миллион теңге үнемдеуге болады екен. Оның тәртібі бойынша тендер арқылы аталған қызмет түрлерін ұтып алатын мекеме орталықты ас-ауқатпен толық қамтиды. Әрине, ұсынылатын ас мәзірі қатаң қадағаланып, сараптамадан өткізіліп тұрады. Бірақ, олардың асханасына біздің де кіруімізге рұқсат етілмейді. Жоғары санаты аспазшыларға өздері жалақы төлейді. Ыдыс-аяққа дейін мәселе болмайды. Өйткені олар бір реттік пайдалануға жататын жабдықтарды қолданысқа енгізген, тамақ құятын ыдысынан бастап, қасығына дейін. Өте тиімді жұмыс, өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Барлығы сәтті аяқталса, осы әдісті келесі жылдан бастап облыстағы басқа да ауруханаларға енгізеді. Бұл өз кезегінде бұған дейін медицина қызметкерлері бюджеттен бөлінген азық-түліктерді үйлеріне тасиды екен деген секілді негізсіз сыпсың әңгімелерге тосқауыл қояды.
Әңгімелескен Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ