Қаусаған бейтаныс шал (әңгіме)

Oinet.kz 03-11-2023 1052

Сыртын былғарымен қап­таған емен есіктің қоңы­рауы шыр-шыр етті. Теле­дидар қарап отырған кішкене Нұрғазы тұра жүгірді. Ол есікті ашты да, шошына кері шегінді. Түрінен адам қорқатындай ұсқынсыз бір арық шал тұр. Бала бақырып айқайлады.

2018081004572330.jpg

– Кет, кет, кіруге болмайды, – деді де, ас бөлмесінде жүрген әжесін шақырды. – Бабуля, мында бір жаман кісі келіп, есікті жаппай тұр.

– Қорықпа, балам, мен ешкімге тимеймін. Осы есік алдында тұрсам да болады. Тек анау әжеңді шақыра қойшы, – деп қолындағы таяғына қисая сүйенген қаусаған кәрі адам жалынышты түрін танытты.

– Жо-жоқ, әжемді шақырмаймын. Кет дедім ғой, кетші, кәне. Бала шалды кері итеріп, есікті жабуға тырысып бақты. Әжесі ас бөлмеден дауыстады.

– Нұрашжан, немене біреу келіп тұр ма?

– Айттым ғой, бір жаман кісі «үйден шық» десем шықпайды. Сол сәтте баланың қасына келген әжесі де шошына аңырып қалды.

– Сәния, есен-саумысың, менмін ғой, танымай қалған шығарсың, – деді шал сол баяғы есіктен басын сұққан қалпында.

Кемпір немересіне сөйледі.

– Нұрашжан, бөлмеңе бара бер. Бұл бір ата ғой, қазір өзім шығарып жіберемін.

– Бабуля, тез қуып жіберші ол шалды, үсті-басы сасып тұр ғой.

– Қазір кетеді, сен жүре бер. Кемпір енді шалға бұрылып:

– Сенбісің-ей, ойда-жоқта қайдан тап бола қалдың. Көктен түстің бе, әлде жетіқат жер астынан шықтың ба, – деді зілді табалағаннан гөрі таңырқаған түрін аңғартып.

– Тіршіліктің тәлкегінде жүріп тірелген жерім осы болды, Сәния. Мынау астыңғы қабатта орыстың өлген кемпірінің бір бөлмелі пәтерін сатып алып, өзіме баспана қып жатырмын.

Шалдың шүңірейген екі көзінің ұясынан жасаураған кірпіктері қыпылықтады.

– Баяғыда ауыл адамдары «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деуші еді. Менің жаман ит болғанымды өзің көре қалдың ғой, Сәния. Өлер алдымда сендерді сырттай болса да көріп жүруді ойлаған едім.

– Е-е, ғұмыр бойы жапанда жалғыз өзі өкіріп-бақырып, көрінген сиырдың соңынан қалмай ел кезіп кетіп, әбден қартайған шағында бұзаулар байланған көгеннің сыртындағы тезек төсенген дөңеске келіп жататын саспақ бұқадай жағдайда екенсің ғой.

Кемпір бұл жолы да кекесіннен гөрі келісімін сездірген ыңғайын білдіре сөйледі.

– «Тентектің ақылы түстен кейін» деген болып тұр. Қалай табаласаң да орынды, Сәния.

– Жо-ға, енді табалап не тыңдыр­мақпын. «Болар іс баяғыда болған, бояуы сіңген». Қалай дегенде де, сақалды басыңмен осында келіп қалған екенсің. «Қуыс үйден құр шықпа» дейтін ата салтымыз бар емес пе. Шайға отыр, ақыры астыңғы қабатта көрші боп жатырсаң, ерулік есебінде болсын. Қазір бала-келін жұмыстарынан келер. Балаларыма сені баяғыда ауылда бірге оқыған кластасым еді, сендердің әкелеріңнің жақсы жолдасы еді деп таныстырармын. Осыны ойыңда ұста, – деп кемпір билік кесімін айтты.

– Алла разы болсын, Сәния. Шынымды айтсам, мен мұндай ықылас-пейілді сенен күткен жоқ едім. «Алтынның қолда барда қадірі болмаған» екен ғой.

Осылай сөйлей берсе шалдың кемсеңдеп қалар кейпі байқалды. Оны толық байқаған кемпір де тез тіл қатты.

– Жарайды, әңгімені тереңдете берме, одан енді пайда жоқ екенін сезетін шығарсың. Шешін, қалада қолға су құймайтынына әбден көзің үйренген шығар. Анау орынға барып жуынып ал.

Қыстың кезі еді. Шалдың үстінде жағасы қырқылған ескі қысқа тоны бар екен, онысын шешіп алып, кіреберіс есіктің түбіне тастай салған-ды.

– Киіміңді еденге тастама, анау отыр­ғыштардың бірінің үстіне қоя сал. Кем­пір ол шаруаға да бір билігін жасады.

Есіктен Биғазы мен Бисара кірді. Жігіт отырғыштағы арық шалды көріп аңырып қалғандай іркіліп, сүлесоқ сәлемдесті, келіншек болар-болмас ернін жыбырлатты.

– Бұлар біздің балаларымыз ғой. Кемпір келгендерді қысқа таныстырды. Бұл кісі жаңадан көрші боп жатырған бір аталарың. Кезінде менің кластасым болғаны бар, – деп шалға да назар аудартты. Әкесі келген соң Нұрғазы шағынып жатыр.

– Папа, бұл шалды мен үйге кір­гіз­бей қойғанмын. Бабуля ғой, танитын едім деп. «Саспақ бұқа сияқтысың» дей ме, бірдеңелерді көп айтты. Саспақ бұ­қа деген не, ол сиырдың ұрғашысы ма?

Үйде отырғандардың бәрі күлді. Әкесі баласына бұрылды.

– Мына ата келмесе, сен бұқа­ның қандай мал екенін білмей қа­луың мүмкін екен ғой, кейін өзіңе түсіндірермін. Кәне, ақсақал, дастар­қанға отырайық. Қош келіпсіз. Маманың сіздей кластасы бар екенін білмеппіз ғой, – деп Биғазы столдағы өзінің орнына жайғасты.

– Мен елден ерте кеткенмін. Алыста басқа қалада тұрдым. Шал сығырайған көзімен кемпірге бір қарап қойды.

– Әкемізді білетініңіз жақсы болды. Біздер ол кісіні дұрыс көрмей қалдық. Марқұм Молдағазы деген қандай адам еді. Қалай ойласақ та әкемізді көз алдымызға елестете алмаймыз. Ол кісінің суреті де жоқ. Анамыздан сұрасақ, «әкелерің баяғыда жала жабылып сотталып, Сібірге айдалды да, содан Тайганың орманы арасында жаурап өліпті» дегенді ғана айтады. Іздеп барып, жерленген жерін таппаймыз ба десем, оны кімнен сұрап, қайдан табасың. Әкесіз балалар да күнін көріп жатыр емес пе? Сонау жылғы алапат соғыста талай бала жетім қалған. Үкімет оларды өлтірген жоқ, шетінен оқытып, бәрін де адам қатарына қосқан деп мынау анамыз ылғи тоқтау айтатын. Сөйте-сөйте әке туралы ойлауды да ұмытып кеткендей едік. Ақсақал, енді сізді көргенде әкеміз келгендей сезінетін шығармыз. Биғазы жадырай сөйлеп тоқталды. Қаусаған шал бір уыс боп шөгіп қалды. Өзегі өртеніп, иегі кемсеңдеп, еңкілдеп жылауға шақ қалғанын анық сезіп, бар күшін жиып тістеніп отыр. Кемпір оны мүшкіл халінен тезірек айықтырмақ болып, әңгіме тізгінін өз қолына алды.

– Әкесі арамыздан ерте кеткенімен, Жаратқан Ием оның артына екі құлынын қалдырды. «Құлын өссе, тай болар, тайы көп адам бай болар» депті ғой бұрынғылар. Үлкен ұлымыз Серғазы енді азамат болып өсіп, жетілді. Келін бар, бір бала бар, үшеуі Астанада тұрады. Ол әкеден төрт жасында қалған. Дегенмен әкесінің кескін-келбетін көз алдына елестете алмайтын шығар. Ал мына Биғазы әкеден екі жасында айырылды. Бұл жалпы ештеңені білмейді. Сәния кемпір даусын көтере жігерлене сөйледі.

– Байдан ерте қол үздік. Ол кез­де екі бала тапқан әйелдердің еш­қайсысы құрсақ көтеруді тоқтат­пайтын еді. Біздің тұрғылас­тарымыздың бірқатары оншақты бала туып, шетінен «Алтын жұлдыз» бен «Алтын алқаларын» тағып, алшаңдап жүр. Мен болсам қос құлынымды қолтығыма қысып жүріп тіршілік қылдым. Құдайға шүкір, алға ұстаған мұраттарыма жеттім бе деп күнде тәубеге келемін. Енді осы тайларымның үрім-бұтағы көбейсе, бір әулетке айналған ел болса деп тілеймін.

– Сонда біздер кімнің ұрпағы, кімнің әулеті атанамыз. Әкеміздің аты-жөнін де дұрыс білмейміз. Жігіттердің ортасында да ағайын-тумаңды білмей, инкубатордан шыққандай күй кешеміз. Мұны айтқан Биғазының да көңіл күйі алай-түлей өзгеріп бара жатырғандай еді. Мәссаған, қаусаған шал ақыры боздатып жылауға көшіпті. Сәния кемпір сілкіне қатты сөйледі.

– Неменеңе жылайсың, түптің түбінде осындай боларын білмедің бе. Енді ашылар бетіміз ашылды, ғұмыр бойы жасырынбақ ойнап келдің ғой. Өлер шағың таялғанда, тіршіліктегі күнәһар қылықтарыңның бәрін мойын­дағанды сауапқа жазады дейді. Бей­шара, арыздасып, бақұлдасып өтер сәтіңді іздеген шығарсың. Ол де­ге­нің болсын-ақ. Биғазы, әлгінде әкең­ді айтып, соны сырттай сағынып, аңсай­тыныңды аңғартып едің. Жүрегің бір нәрсені сезді ме. Міне, ендеше, се­нің іздеген әкең қасында отыр. Молдағазы Байарыстанұлы деген – осы кісі.

Бала мен келін аң-таң, неме­ре шалға қарап мұрнын кір­жит­ті. Енді Сәния кемпір қал­шылдады. Жүйкенің бәрін жел кеулеп, екі көзден еріксіз жас парлады. Әлгінде «бұл кісі менің бір кездегі кластасым еді» деп таныстырған өтірігі де жайына қалды. Талай жылдарға жалғасқан шерменде көңілдің кірі ағыл-тегіл көз жасына айналғандай еді. Сонда да бойға біткен өрлігі өзгерген жоқ.

– Биғазы, апар ана шалды тө­мендегі өзінің үйіне. Көмбенің аузы ашылды, енді оның түбінде не жатырғанына да қанығарсыңдар. Кемпір үйдің қабырғаларынан ұстап, баяу жылжып өзінің бөлмесіне беттеді. Бисара үнсіз жүріп стол үстін жинауға кірісті…

***

Ой-хой, қайран күндер-ай, ол жылдарда бұдан асқан бақытты, мұнымен теңесетін студент жоқ сияқтанатын. Білімін де алды, көңілі қалаған қызына да қолын жеткізді. Қазақтың мемлекеттік жалғыз университетінде бұлар Сәния екеуі қатар оқыды, тек факультеттері бөлек-тұғын. Жігіт тіл біліміне, қыз математика мамандықтарына машықтанды. Жатақханалары ортақ. Уыл-дуыл сапырылысқан дарқан тіршілік. Ойын-сауық та, ортақ отырыс та болып жатады. Ондайда ұзын шашты, аппақ қыз мұның жанарына жиі ілігетін. Бұл жігіт ептеп сол қызға қырындай бастады. Ұзын бойлы сырықтай сұлу жігітті қыз көңілі де жатырқай қойған жоқ. Ақыры екеуі төртінші курстарында жүргенде отау құрып та үлгерді. Молдағазы оқу-білімге алғыр екен, университетті қызыл дипломмен аяқтады. Аяғы ауыр болғанына қарамастан Сәния да бар күш-жігерін жұмсап, оқуын уақытында бітіріп шықты. Артынша жас жұбайлардың тұңғыш перзенттері Серғазы өмірге келді. Жігіт көңілі марқайып қалды. Мұғалім кадрларының әлі де тапшы кезі-тұғын. Университетті қызыл дип­ломмен бітіріп келген жігітті бірден төбелеріне көтеріп, қаладағы бір орта мектепке директорлық қызметке қойды. Арада жылдар жылжып тез өтіп жатты. Енді бұл екі балаға әке болды. Осы Биғазының бесік тойынан бастап Молдағазы ішуге кірісті. Директордың көңіл күйін қуалап, қылымси қарайтын кыз-келіншектер қаптап кеткен сияқтанады. Жігіттің басы айналды. Ішіп алғанда «көңіл жүйрік пе, әлде көк дөнен жүйрік пе» болып шыға келеді. Сөйтіп жүргенде адам азғырды ма, болмаса санаға сыналап кіретін жымысқы шайтан арбады ма, күнде мастықпен масайраған Молдағазы қайдағы бір ресторанда дая­шы болып істейтін қылымсыған қызға келіп шырматылды. Өзі де сұмдық сұлу сияқты еді шайтан алғыр. Жігітті ыстық құшағына алып, талай мәрте бусандырып жіберді. Молдағазы енді мәңгіріп шыға келді. Даяшы қызды көрмесе отыра алмайтын күйге түссін. Үйдегі екі баласы мен әйелі мұның қаперіне кірмейтінді шығарды. «Қиянға кетеміз, көз көріп, құлақ естімейтін жерде боламыз. Башқұртстанға барамыз, онда менің туыстарым тұрады». Сылқылдап-был­қылдап күнде санасын сілкілеген сұлу қыздың соңынан қалай ілескенін жігіт білмей қалды. Мас күйінде қызды қолтықтап, пойызға отыра салды…

– Ақымақ, – деп айқайлады осы тұста қаусаған шал. Биғазы оны ана­сының тапсырмасымен қолтық­тап әкеп, шалдың төмендегі үйіндегі төсе­гіне жайғастырып, «ақсақал, бір қызық әңгіме басталған сияқты. Анық-қанығын жата-жастана зерделерміз, енді демалыңыз» деп шығып кеткелі бері бұл ұзақ таңға көз ілмей шықты. Жігіттіктің желегінде өткен жексұрын тіршілігі миын сыздатып көз алдына тұрып алсын. Әлгі соңынан қалмай өңкілдеп ілескен сұлу қызы сайқал-сылқым болып шықты. Естектер елінде де оған есінен танғандай құлай кеткендер табылды. Қыз енді қалтасы қалыңдарды іздеді. «Мені қолтығыңа қыспақ болсаң, артымнан қалмай жүрген анау қаңғыбас қазақтан құтқарыңдар. Қалтасында қызыл дипломынан өзге түгі жоқ кедей жігіттің маған бір тиынға да қажеті болмас». Қыздың әмірі тез орындалды. Естектер жабыла жала жауып, Молдағазыны бақандай он бес жылға соттатып жіберді. «Кісі өлтіруге қатысқан, ақша ұрлаған, әйел зорлаған» деген қылмыстарды арқалаған қазақ жігіті сонау Қиыр Шығыстың түкпірдегі түрмесіне тығылды. Шағымданғаннан да, жалынғаннан да ештеңе шықпады. «Байтал түгілі бас қайғы» күндер туды. Өзегі өртенді, бірақ өлмеді. Тірі адамға он бес жыл да өтеді екен. Қалқиған құр сүлде бостандыққа шықты. Қайда барады, кімге басын сұғып паналайды. Атырауда аңырап қалған қатын мен балаларды көретін бет жоқ. Пейілі дұрыс бір қазақ табылды. Алтай өлкесінде тұрады екен. Ауылына шақырды. «Қандастарымыз онда да көп, сені жатырқамай орталарына алады» деп сендірді. Қате айтпапты. Әлгі адам және бір қамқорлап мұны байы өлген жесір әйелге қосты. Бала жоқ. «Екі жарты – бір бүтін» боп тіршілік қылды. Алтайдың таулы қойнаулары – мал бағуға таптырмайтын жер. Аздаған жылдарда Молдағазы үйір-үйір мал ұстауға қолын жеткізді. Шетінен сауды, сойды, сатты. Қалтаға ақша түсе бастады. Әлгі бейшара жесір әйел «әрі майлық, әрі сулық» болып еркегінің ыңғайында жүретін көнбіс жан екен. Қоңыр тіршіліктері қозданып, Молдағазының бойына қан жүгіріп, ептеп еңсе көтерілген-ді. Бірақ ол да ұзаққа созылмады. Отасқандарына оншақты жылдан аса бергенде, майлық әйелі мәңгілікке сапар шекті. Молдағазы мәңгіріп қалды. «Есі барда елің табатын» тоқтамға тірелді. «Ит тойған жерінде, ер туған жерінде» деген ескертпе миын кеміріп барады. Бар малын, жиған-тергенін сатты. Қыруар қаржы жинады. Темір торлы түрменің ызғарлы камерасы жылдар бойына сорып тастаған денсаулығы тозған шүберектей түртіп қалса дар етіп жыртылатын сыр сездіреді.

Ептеп-септеп туған қаласына жетіп жығылғанға мың шүкірлік. Мынауың баяғыда қара түтінін будақтатып мазут жағатын жұпыны үйшік емес, сән-салтанаты айбындап тұрған әсем шаһарға айналыпты ғой. Шет жақтағы жер үйлердің бірінен жалдайтын пәтер тапты. Қалалық анықтама бюросынан Молдағазиев Биғазының аты-жөнін тапқанда кеудіреп тұрған шал айқайлап бақырып жіберді. Қуқыл тартқан кәрі өзектің шынымен қуанғаны еді. Мекенжайды жазып алды. Таксилетіп шапқылап әлгі үйді тапты. Сыртынан айналып талай жүрді. Бірде сол үйдің бір бөлмелі пәтері сатылатынын білді. Ақыры өлген орыс кемпірінің төріне Молдағазы кеп құлады…

Таң атып, күн кешкірген екен. Биғазы кірді.

– Оу, ақсақал, әлі тұр­мағансыз ба, ауырып қалған жоқсыз ба? Тұрып жуыныңыз, анамыз сізді кешкі шайға алып кел деп жатыр...

Біз ол кісінің айтқанын орындап дағдыланғанбыз. Кейінге қалдыруға болмайды. Жігіт бірден кеудесінен демеп, қартты төсегінен тұрғызды. Қолтықтап үйіне алып келді. Бисара келін әдемілеп дастарқан жасапты. Сәния кемпірдің даусы жігерлі, өктем шығады.

– Қысылмай дұрыстап тамақ­танып ал, – деді ол ілбіп келіп дастарқан шетіне жайғасқан шалға қарап. – Кешегі әңгімемізді жалғастырамыз. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп бұрынғылар да бір кешірім жасауға болатынын меңзеген екен. Мен сені үйіріңе табыстырғалы отырмын. Бірақ баяғыдай екеуміз қайта қосылады екенбіз деген ой үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін болсын. Мен тек әке мен баланы табыстырмақпын. Кемпір орнынан тез көтеріліп, өз бөлмесінен бір суретті қолына ұстап келді.

– Міне, балалар, мынау – біздің алғаш үйленгенде түскен суретіміз. Сандықтың түбіне тастап, ешкімге көрсетпей қойғанмын. Өліп-тірілгендей болып әкелерің келіп отыр. Анау суреттегі көркем жігіт осы шал еді. Түрі-түсі өзгеріп кетіпті, дегенмен аздап болса да ұқсап тұр.

Биғазы әкесіне жылы қабақпен қарап басын изеді.

– Апырай, Сәния, алтын адам екенсің ғой.

Шалдың даусы дірілдеп шықты.

– Алдама, баяғыда жез боп көрінген Сәния енді алтынға айналды ма. Ол сөзің мені енді жылытпайды, мен баяғыда суып қалғанмын. Тек балаларым ойнастан туған адамдар құсамай, шын әкелері болғанын көрсін, білсін деп отырмын.

Сәния кемпірдің даусы да тарғыл­данып барады, бірақ тоқталған жоқ.

– «Алты қатын алсаң да, алғаш­қыдай болмайды» депті ғой баяғыда бір еркек. Ол да сен сияқты шекесіне тиген бір бейшара шығар. Сенің қанша қатын алғаныңда шаруам жоқ. Балаларыма, бүкіл әулетке шын әке керек, ататек керек. Бақиға баратын пенденің жаназа намазында алдымен әкесінің атын сұрайды. Анау немеремізге мектепте жеті атаңды біліп, жазып кел дейді. Біз сенің жеті атаңды қайдан білеміз. Өзімнің аталарымды жаздырып жүрмін. Енді бұлардың шын ата-бабаларын айтасың. Далада қалмай, мына Биғазы балаңның көлеңкесіне жеткеніңе мың шүкірлік қыл.

– Апырай, Сәния, сенің жасаған жақсылығыңа айтар сөзімді таба алмай отырмын.

– Неңді айтайын деп едің, адам кешірмейтін жағдайды басыңнан өткердің…

Кемпір енді даусын бәсеңдетіп, жүзін Биғазыға аударды.

– Ендігі түсінік, балам, өзіңде. Сенің бойыңдағы қан мына шалдыкі, шыбын жаның менікі. Менің құрсағымда жатқаныңда Алла Тағала кеудеңе жан салды, мен соны жоғалтпай өмірге тірі әкелдім. Ата-ана деген ұғымды осылай тану керек. Астанадан Серғазыны да шақыртамыз, көзі тірісінде әкесін көріп-білсін. Бисара келінім, енді мы­на шалға қарап жүрерсің. Жаңа киім алып беріңдер, үсті-басы кір болмасын. Бәленшенің әкесінің түрін қара деп өзгелер күңкілдесе, өздеріңе сын болар.

Молдағазы басын көтеріп алды.

– Мен сендерге салмақ салмаймын. Ақшам жетеді, келіннің қолына беріп қоярмын.

– Оған рұқсат жоқ, сен әлі басқа үйдің адамысың, солай болады. Балаларымыздың бір шалды қамқорлайтын жағдайлары бар. Тек мезгілінде келіп тамақтануды ұмытпа…

***

Молдағазының өліп, қайта тірілгендей болған жаңа ғұмыры екі-ақ жылға жалғасты. Айықпас дертке шалдыққан екен, балаларының анда-мында емдеткендері еш нәтиже бермеді. Серғазы мен Биғазы қастарында отырып әкенің бетін жапты. Сәния ананың ұсынысымен орыс кемпірден алған пәтері сатылып, Молдағазыға күмбездеп бейіт тұрғызылды.

Естіген құлақты таңдандырған қаусаған шалдың хикаясы осылай аяқталған еді.

Рахмет Иманғалиев

Атырау облысы

Егіз шалдың осы әрекеті бүкіл елді таң қалдырды
Қыдырбай молданың әңгімесі жұрттың жағасын ұстатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу