«Жаңа жылда Тәшкеннен «тәжіқораз» әкеп сыйлады»

Oinet.kz 09-02-2024 954

«Сіз қалай отау құрдыңыз?» деп белгілі журналист-жазушы Шойбек Орынбай ағамызға хабарластық. Сұрағымызға жауап алу үшін қаламгер бізді шаңырағына шақырды. Қаймағы бұзылмаған қазақы отбасында ағамыздың зайыбы, журналист Асхан Майлыбаеваның шәйін ішіп отырып, әңгімелерін тыңдадық. Қос журналист шәй үстінде өткен-кеткенін еске түсіріп, бір-бірін толықтырып, сөздерін іліп әкетіп сабақтағанда, жүздері бал-бұл жайнады. 

Screenshot_3.jpg

– Біз бір курста оқыдық. Курста алғаш шаңырақ көтерген де біз болдық. Ол кезде мен 18 жаста, Шөкең 23-те еді, – деп бастады Асхан Қожагелдіқызы. – Екінші курсты бітіретін жылы үйлену тойымыз болды. Ал, махаббат хикаясы қалай басталды десеңіз...

Сабаққа курстастар бір бірімізбен дәптер алмасып, кейде топ топ болып бірге дайындаламыз. Сондайда Шойбек, Толымбек, Ертай, Сапарлар біз – Ділдәр, Гүлнар үшеуміз тұратын бөлмеге келгіш. Оған Ділдәрдің үнемі токтан түспейтін самаурыны да себеп. Сабаққа дайындықты, конспект алмасуды сылтауратып жігіттер Дікеңнің демдеген сүт қатқан қою шәйінен дәм татып кетеді. Кейде Шөкең маған дайын конспектісін әкеп беріп, «Пушкинге» барып әуре болмай ақ қой, мына тапсырманы жазып қойдым, осыдан көшіріп ала сал» деп қамқор бола қалатын болды. Киноға, театрға жиі барамыз. Осылай өзара түсінісіп кеттік. Бұл кезде Ертай мен Алманың, Толымбек пен Гүлнардың да көңілдері жарасып, үш жұп топтанып бірге жүретінбіз.

Бірде қыстың аязды бір күнінде бәріміз біздің бөлмеде шәй ішіп отырғанымызда сөзден сөз шығып, Ділдәр «осы қыздарды жақсы көретіндерің рас болса, мына қақаған қыста қайсысың гүл сыйлай аласыңдар, қане?» деп әзілдеді. Ол кезде Алматыда қыстыгүні гүл деген атымен болмайтын. Сондықтан бұл «сынаққа» ешқайсымыз аса мән бере қоймадық. Содан тура жаңа жылдың қарсаңында, 31 желтоқсан күні Шөкең зым зия жоғалып кетті. Жігіттер ұйқыларынан тұрғанда төсегінен табылмаған Шөкеңнің қайда кеткенін білмей, күні бойы келмеген соң менен сұрайды. Мен де оны көргенім жоқ. Кешке жаңа жылдық отырысқа дайындалып жатырмыз. Шойбек сол күйі ізім қайым жоқ. Алаңдай бастадық. Менің көңіл-күйім мүлде түсіп кетті. Қайда, не болды деп уайымдауға көштім. Даланы қараңғылық басып, сағат кешкі 9 дан асқанда қолында қып қызыл үлкен шоқ гүлі бар Шөкең бөлмеге кіріп келеді. Бәріміз аң таңбыз. Сөйтсек, ол таңертең ерте тұрып, сағат 10 дағы самолетпен Ташкентке ұшып кетіп, сол жақтан гүл тауып, кешкі рейспен қайтадан ұшып келген беті екен. Күрең қызыл түсті бұл гүл «тәжіқораз» деп аталады екен. Мен мұндай гүлді бұрын соңды көрген емеспін. Таңданғанымнан әрі қуанғанымнан тілім байланып, аңқайып қарап қалыппын. «Мынау – саған!» деп Шөкең гүлді ұсынып тұр. Ділдәр болса, «Ооо, Шойбек, жарадың! Дәлелдедің!» деп дауыстай сөйлеп, мәз мейрам. Ал, өзбекстандық Гүлнар «Мәссаға а а н! Бұл біздің Ташкент жақта ғана болатын гүл ғой! Ооо, менің ағам бәрінен озды!» деп қуанғанынан секіріп секіріп қояды. Шөкең Тәшкеннен әкелген тәжіқораз өңі солмай наурызға дейін тұрды... Бұл кісі өзінің сезімін осылай дәлелдегені бар.

Сөйтіп, екінші курсты аяқтауға жақындағанда біздің тойымыз болды. Курстағы алғашқы той болғасын ба, бұл думанға бірге оқитын қыз жігіттердің бәрі қатты дайындалды. 

Біздің кезіміздегі студент жастардың үйлену рәсімі қазіргілерге біртүрлі қызық көрінетін шығар. Мәселен, біздің үйіміз студенттер жатақханасы еді. Басқа қыздар секілді мен де осы жерден, яғни жатақханадан ұзатылдым. Ұзатқан – құрбыларым. Бірақ, сол құрбыларымның жас та болса, қазақтың ұлттық салт дәстүрлерін көкіректеріне түйе білгеніне ризамын. Қалай дегенмен, ауылда өскен, қазақи тәрбие қандарына сіңген жастар ғой. Шойбек қасындағы нөкерлерімен мені жатақханадағы 214 бөлмемнен алып кетерінде олар «Жәйдан жәй қол ұстатып, жібере салатын қызымыз жоқ. Қане, кәделеріңді жасаңдар!» деп күйеу жігіт пен достарын табалдырықтан аттатпай, кәде сыйларын алып барып, мені сән салтанатпен шығарып салды. Және бұл тек біздің курс үшін ғана емес, сол жатақханада тұратын журфактың күллі студенттері үшін үлкен қуаныш болды. Жас жұбайларды қошеметтеген олардың бәрі есік алдында дәліз жасап, жар жар айтып, қол соғып тұр екен. Және бір қызығы, біздің бөлменің есігінің аузынан бастап даладағы жас жұбайлар мінетін «Волгаға» дейін жатақханадағы бүкіл төсеніштерді жинап алып, жолымызға төсеп тастапты. Қаумалаған достар құшағымызды гүл шоқтарына толтырып, шампан атып, ақ тілекпен үлкен жолға аттандырып салды. 

Screenshot_4.jpg

Содан да болар, ҚазМУ дің 5 ші жатақханасы мен үшін төркінім, болашақ өміріме жол ашқан шаңырағым болып, әркез жүрегімді сағынышымен тербейді. 

Шойбек Орынбай:

– Көлігімізбен той өтетін мейрамхананың алдына келіп тоқтағанда екі қатарға жарылып, қаздай тізіліп тұрған курстастар бізді «Жар жар» әнімен қарсы алды. Бірақ, жастықпен жөн жосыққа мән бермегеніміз бе, әлде, бұған дейін қалада той өткізіп көрмегендігімізден бе, сол үйлену тойымызға ата анамызды, туған-туысты шақыру керек дегенді білмеппіз. Ол заманда «комсомолская свадьба» деген болушы еді. Біздікі нағыз сондай той болды. Ол кездің адамдары мейлінше қарапайым, есепсіз сыйласатын, жомарт жүректі жандар еді. Қазіргідей асаба жалдап, шығындану деген де болған жоқ. Тойды біздің топтың старостасы, арамыздағы ең сақа жігіт Орынбасар Дөңқабақов басқарды. Бізден бір курс жоғары оқитын ақын, домбырашы Болат Жаппаров келіннің бетін ашу рәсімін қолына алып, езу жиғызбас шумақтарымен арнау жырын төккені есімде. Әнді де, жырды да өзіміздің қыз жігіттер жандырды. Тойымызға екеуміздің де кураторларымыз – ғылым кандидаты, доцент Әбілфайыз Ыдырысов пен Қоянбек Ахметов ағайларымыз әйелдерімен және Қабижан Құсайынов ағайымыз келді. Әбілфайыз ағай әйелі екеуі Төлеген мен Қыз Жібектің ариясын орындап, той тамашасын қыздырып, ұстаздарымыз қуанышымыздың соңына дейін бірге болды. Той өзіміздің қыз жігіттердің белсенділігімен өте көңілді, думанды өтті. Курстың алғашқы қызығы болған соң ба, ол расында ерекше болды. 

Негізі «Отыз күн ойын, қырық тойы» дегендей, тойдың тарту  таралғысы менің туған күнім – 7 мамырдан басталған болатын. Тіпті қаһарынан күн түнеретін, темірдей қатал деканымыз Темірбек Қожакеевтің өзі ертеңіне үйлену тойымыз екенін біліп, «сендерге жасаған сыйым болсын, тойдың алдында қыдырып, демалыңдар» деп екеуімізді де сабақтан босатып жіберді. 8 мамырда дуылдаған той өтіп, ал келесі 9 мамыр Жеңіс күні тойдың қызығы ҚазМУ қалашығының солтүстік батыс беткейіндегі Ремизовка тау бөктерінде курстас достармен табиғат аясындағы демалысқа ұласты. Біздің тойдың сол қызықтарын курстастарымыз әлі ұмытпай келеді.

Біз осылай шаңырақ көтергенбіз. Келесі жылы отау құрғанымызға 50 жыл болады екен. Шіркін, уақыт ай десеңші! Бізден кейін бір курста оқыған алты жігіт курстас алты қызбен жұп құрып, отау тікті. Олардың бесеуі, яғни бір бөлмеде тұрған бес қыз бір бөлменің бес жігітіне тұрмысқа шықты. Сол бесеудің ішінде бізден бөлек, Ертай мен Алма, Толымбек пен Гүлнар, Қыдырәлі мен Ділдар, Ғалымбек пен Ақмарал бар. Алтыншысы Серік пен Дина болатын. Кезінде «Жас алаш» газеті осы алты жұп туралы «Алты жұп шыққан алтын курс» деген көлемді мақала жариялаған еді.

Жазып алған Аида ӨТЕП

Туған сіңлім мен қайным бүлдірді
Балдызымның қылықтарын түсінбей жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу