Балаларға арналған әдебиеттің бүгінгі ахуалы қалай?
Бала үшін жаңа әлемнің есігін ашып, ой-қиялын дамытып, образ арқылы жақсы мінез-құлық дарытуда кітаптан күшті не болуы мүмкін?! Бірақ ол кітаптың қағазы сапалы, суреті көз тартар әдемі болғаны өз алдына, алдымен баланың қабылдауына жеңіл, дұрыс тәрбие беріп, эстетикалық жағынан дамытатын дүние болуы, оны оқыған бала өзі ашқан жаңа әлемге бұрын-соңды өзінен басқа ешкім аяқ баспағандай сезімде болуы тиіс.
Ерекше тебіреніспен, шығармашылық еркіндікпен, бала жан-дүниесіне ене алатындай сезімталдықпен жазылса ғана бала оны қабылдайды, балаға жазатын адамдар да осынау аппақ әлемге ене алатын, бала сезімін түсінетін адам болуы тиіс, міне, осыдан келіп балаға жазудың қиын екені көрінеді.
Рас, біздің тілі ала-құла қоғамның көзімен қарағанда балаларға арналған кітапқа зәрулік жоқ секілді көрінетіні бар, кез келген кітап дүкеніне кірсеңіз балаларға арналған суретті, қызыл-жасылды әдемі кітаптар жетеді. Бірақ олар басқа жұрттыкі, оның ішінде не бар деп оқып, алдымен өз ой-көзқарасы елегінен өткізіп жатқан ересектер де жоқ шығар (өйткені, танымал деген фантастикалық шығармалардың ішінде де баланың ішкі әлеміне әсер етіп, оның психикасын қозғайтындар болуы мүмкін дегенді ойлап жатпаймыз ғой), сонымен бірге өзіміздің қазақтың дүниесі тым аз. Мысалы, кішкентай балаларға арналған тақпақтар бар да, он екі-он үштегілер оқитын өлеңдерді жоқ десек те болады. Жалпы бұл салада сұрақ жетеді, оның кейбіреуіне жауап алу үшін балалар жазушыларымен пікірлескенді жөн көрдік.
Балалар жазушысы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева: «Балалар әдебиеті алдындағы жанашырлық жанайқай әр-әр жерден осылай естіліп қалып жатыр. Неге? Жақсымен бірге тәлім беру мен тәрбие берудегі еңбекті жоққа шығарғандай болып жүдеу, жұтаң, жан жүйесі жабық, мінезі қызықтау ұрпақты көргенде аға ұрпақтың абдырап қалары шындық. Сабақтастықтың жібек жібі дейміз бе, әлде алтын көпірі дейміз бе, сол бір нәзік арқау шіри бастағандай көңіл-күй пайда болған. Балалардың бір тобына дүниеге қызықтырғыш, жеңіл жазылған, ақыл айтпайтын шығармалар керек, екінші бір топқа таным-түсінігі мол, ғылыми жаңалыққа толы дүниелер керек. Олар жазушы жазып үлгергенше, айналасындағыны біліп, ұғып қоятын топ. Гироскутермен жүретін, шананы көрмегендерге арба туралы айтсаң, өзің жынды болып қаласың ғой. Сондай бір кезеңге тұспа-тұс келгенде бұл сұрақтың жиі-жиі қойылуы түсінікті де. Осындай бір дағдарыс кезеңінің өз жақсылығы болады. Белгілі бір ортада, қоғамда ұлттық құндылықты, мәдениетті сақтап қалуға деген жанталас басталады. Заманауи тақырыпқа жазатын жастар, салт-дәстүр үзіліп қалмасын дейтін, технология деген суық, онда білім болғанымен адамгершілік, мейірім болмайды леп ойлайтын аға буын өкілдері бос қалған кеңістікті толтыруға тырысады. Бір-бірін мойындамай жатқан күннің өзінде – бұл үлкен олжа дер едім. Балалар әдебиетінде көрер көз болса, жақсы дүниелер көп-ақ. Өзінің тұрақты оқырманын тапқан Зәуре Төреханқызын, Рүстем Сауытбайды, Мира Сембайқызы мен Мейіржан Жылқыбай, Ардақ Жұмағалиды айтпаған күнде Нұржан Нұрбек, Досхан Жылқыбай, Айсұлу Әлмаштың шығармаларын қуанып отырып оқимын. "Алтын сақа", "Ауыл хикаялары"байқауында қаншама жаңа есімдер аталды.
Уолт Дисней мен Ріхаr -Пиксердің түсірген "Тайна Кокосы", "Лукасы", "Вверх", "Головоломка", "Душа", "Валл-и", "Храбрая сердцем", "Маленькиий принц", "Рататуй"деген мультфильмдер ұнайды. Бұларда жаңа заманның құндылықтары, жаңа технология, жаһандану жаңалықтары бар. Аға буынның одан үркетін, шошитын себептері жоқ болуы керек деп ойлаймын. Әмірхан Балқыбек кезіндегі осы батыс әдебиеттегі шығыстың идеясын алып, өңдеп өзіне сатып жатыр дегендей ой айтып еді, кейде мен Уолт Дисней мультфильмдерінен сол сөздің шындығын көремін. Әрине, соңғы уақытта олар да бұл бағыттан ауытқып, шығармаларына бір жыныстылар туралы оқиғаларды кірістіріп жіберіп отыр. Ол, әрине, қорқынышты. Мектеп оқушысының әр бесіншісі мефедронға тәуелді болып, суицид жасап, мектеп қабырғасында жүргенде босанып жатқанда, ата-баба ұлағатының өзегі болатын әдебиеттің етек-жеңін қымтауымыз керек» деп өз ұсынысын білдірді.
Бұл мәселе төңірегінде жазушы, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Толымбек Әбдірайым: «Балалар әдебиеті және кітап оқыту талқылаудан түспейтін, қайта-қайта көтеріле беретін мәселенің бірі. Болашақ қамын ойлау – бала қамын ойлау. Бүгінгі болашақ қамы – ертеңгі ұлттың қамы. Ұлт демекші, барлық мәселе осы ұлт тағдырына барып тіреледі. Бүгінгі сәби – ертеңгі ұлт кадры! Бұл жай мәселе емес, мемлекеттік мәселе! Ал мемлекеттік мәселенің ең басында бала, бала тәрбиесі, яғни болашақ мүддесі тұруға тиіс. Әдебиет «жүректен қозғайтын, әдептен озбайтын (Абай) сөз өнері! Әдебиет – тіл үйренудің үлкен мектебі! Балалар әдебиетінің кібіртіктеп, кенжелеп қалғаны өтірік емес. Оның түрлі себептері бар. Бірінші себеп: материалдық, яки қаламақы төленбеуден. 2017 жылға дейін мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға ақша төленбеді. Төрт-бес жыл болды, сең қозғалды, қаламақы төлене басталды. Оның өзі мардымсыз. Қаламгерлер жазған туындыларын газет-журналдарға жариялайды, радио-телевизияға сұхбат береді, сөз сөйлейді. Оған да көк тиын алмайды, тегін. Екінші себеп: Меніңше, балалар тақырыбына қалам тербейтін қаламгерлер, бүгінгі талап деңгейіне, қоғам өзгерісіне жауап берер туындылар жаза алмай жүрген сияқты. Мультфильмдер туралы да мақтау сөз айта алмаймын. Ресей телеканалдарынан беріліп жүрген бір ғана «Маша мен аю» мультфильмін қараңызшы. Мағына-мазмұн да, ұлттық тәрбие де, мейірім-қайырым да, балаға тән ағаттық та, адалдық та, бәрі бар. Үлкендер қараса да жалықпайды. 2005 жылдан бастап белгілі балалар жазушысы, марқұм Шәкен Күмісбаевтің мұрындық болуымен, талдықорғандық кәсіпкер «ZHERSU» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов пен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған балаларға арналған «Дарабоз» туындылар бәйгесі он жылдан астам уақыт жарияланып тұрды. Жүлде алған шығармалар «Кәусар бұлақ» деген атпен жеке кітап болып, жылда жарық көретін. Кейінірек орыс тіліне де аударылды. Бүгінгі балалар әдебиетіне қаншама жаңа есімдер, үздік туындылар әкелген сол «Дарабоздың» соңы сиырқұйымшақтанып, ақыры тоқтап қалды. Неге? Себеп-салдарын ешкім білмейді... Аудиториясы мол «Әдебиет порталының» мүмкіндігін пайдаланып, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырзаға «Дарабоздың» қайта жандануына қамқорлық жасауын өтінемін. Бәйге атауын басқаша қоюға болар...
Жалпы қазақ әдебиетіне, оның ішінде балалар әдебиетіне жанашырлық ауадай қажет деп есептеймін. Ауызды құрғақ шөппен сүрте бермейін. «Тоқырадық, балалар әдебиеті кенжелеп қалды» дегенмен, белгілі дәрежеде еңбек етіп жүрген қаламгерлер қатары аса сиреген жоқ. Газет-журналдар мен әдеби порталдардан оқығаным болмаса, жаңа жинақтар кітап дүкендеріне түсе бермейді. Кейбір авторларды атамай жатсам, сөге жамандамауларын сұраймын. «Дарабозда» әр жылдары жүлде алған Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат», Құрманғазы Қараманұлының «Ұры бала», Қаржаубай Омарұлының «Тірі жетім», Тұрлыбек Мәмесейіттің «Мен қазақ екенмін», Несіпбек Дәутайұлының «Алтын балық», Ертай Айғалиұлының «Қара бала, адам-қасқырлар және мұз сарай», Нұрғали Ораздың «Оралбай атам оралман емес», Әлібек Файзулаевтың «Көзтүрткі», Ділдар Мамырбаеваның «Қош бол, балалық», «Махаббаттың ақ жауыны», Баян Болатханованың «Бибіажар мен Бойтұмар», «Сарыкөжек», Есей Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Бейбіт Сарыбайдың «Қараторғай», Елдос Тоқтарбайдың «Өмір қандай керемет!» атты хикаяттары балалар өміріндегі әртүрлі оқиғаларды шеберлікпен біре білген, тамаша туындылар. Мұнымен қоса Қуат Ахетов, Серікбол Хасан, Ернұр Сейдахмет, Бағдат Мәжитов, Асхат Өмірбаев, Әлібек Байбол, Алмас Исәділ, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төреханова, Олжас Қасым, Мейіржан Жылқыбайұлы, Гүлдана Исаева, Дина Ораз, Разия Акпар сынды жас толқын қаламгерлер балалар әдебиетіне жақсы үлес қосып жүр» деп пікір білдірді.
Ал, әңгімелері «Жетісуға қосылған жылғалар» ұжымдық жинағы, Қазақ ПЕН-клубы шығарған «Нақты қадам» әңгімелер жинағына енген. «Үштаған» атты әңгімелер шоғыры дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығын еншілеген. «Ақ қауырсын» әдеби бәйгесінің 2-орын иегері. Мәдениет министрлігінің «Балаларға арналған үздік шығарма-2020» байқауының 2-орын жүлдегері. Сайын Мұратбеков атындағы «Жусан иісі» проза байқауының арнайы жүлдесін алған. Гүлжан Амангелдіқызы: «Не нәрсеге де көңіл бөлмесе, күтім жасалмаса, ол дүние өспейтіні, дамымайтыны белгілі ғой. Оның үстіне, әдебиеттің ішіндегі ең күрделісі, екінің бірі қалам тартып, шығарма жаза бермейтін тақырып ол – балалар тақырыбы. Өйткені балалар әлемі – күрделі әлем. Бұл – бір. Ал екінші мәселе, мемлекет тарапынан балалар әдебиетіне жарытымды қолдау көрсетілмей отырғаны рас, өкінішке қарай. «Балалар жылы» деп айқайлатып, жалаулатқанымызбен нақты ешқандай бағдарламаларын көрген жоқпын. Бір-екі байқау өткізгеннен басқа жазушыларға, әдебиетке қандай қолдау көрсетілді? Бізде балалар жазушылары жоқ емес, бар ғой. Тіпті жас жазушылар да шығып жатыр. Өзім тұшынып оқыған Мейіржан Жылқыбаев қазір аға буынмен иығын теңестіріп жазатын деңгейге жеткен тәп-тәуір жазушы. Осы Мейіржан сияқты жастарды қолдап, кітаптарын басып, мектептерде кездесу ұйымдастырып, кітабының жарнамасын жасап жіберсе, неге жазбасқа? Меніңше, қайта шабыттанып, одан да жақсы шығарма жазуы бек мүмкін. Шығармашыл адамдарда шабыт болмаса, жағдайы болмаса қалай жазады? Бізде өзі ең кедей халық жазушылар ғой. Не жазған еңбегіне қаламақы алмайды. Ең құрымағанда жылына бір рет болса да мемлекет тарапынан тегін санаторийлерге, шетелдерге пікір алмасу үшін жіберіп тұрса әп-әйбәт шығарма жазар еді. Кімнің не жазып жатқанын білмегеннен кейін, кітабы шықпағаннан кейін балалар жазушысы жоқ деп қалай айтамыз? Әрине, біздің заманымыздағы балалар мен қазіргі балалардың ой танымы мен қызығушылығын салыстыруға келмейді. Ол әр уақытта да солай болған. Біз қазір технология заманының өрлеу тұсында тұрмыз. Бәлкім, осы өлара шақта балалар әдебиетінің кенжелеп қалғаны да рас шығар. Бірақ, бұл уақытша деп ойлаймын. Егер жазушы мен балалардың арасында диалог жүргізіліп тұрса, біздің жазушылар да жақсы шығарма жазар еді.
Бүгінгі қазақ балалар әдебиетіндегі жақсы дүние дегенде біз нені айтамыз? Әр елдің ұлттық болмысы әдебиетінде де көрініп тұру керек. Қанша шетел әдебиетіне еліктегенімізбен шығармамызда қазақы тәрбие мен қазақы болмыстың исі шығып тұру керек меніңше. Өйткені әдебиет, кітап – ұрпақты тәрбиелеуші құрал» деді.
Бердібек Соқпақбаев өзінің балалық шағы туралы жазды. Одан бері қанша уақыт өтті, біздегі балалар әдебиеті бұрынғыша «жақсы деген немене, жаман деген немене?» деген бағытынан ауытқымайды. «Тәрбиелік жағынан дұрыс, дегенмен, біздің балалар уақытқа саяхат жасап, джунглиді аралап, қиялға ерік беретін дүниелерге қызықпай ма? Егер сіз шетелге саяхаттайтын болсаңыз қай елді таңдап, қандай шығарма жазып келер едіңіз?» деген сұрағымызға балалар жазушылары төмендегідей жауап берді:
Толымбек Әбдірайым: «Балалар әдебиеті қазіргі кезеңде аса қажет. Оның мазмұны бұрыңғыдай алғашқы махаббат, есею жолының қызығы сияқты романтикаға ғана құрылмайды, – деп жазады Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Айгүл Үсен. – Қазіргі күрделі заманның үдерісіне сай өткір әлеуметтік, психологиялық мәселелерге құрылуы тиіс. Осы шығармалар арқылы балалар өміріне белсене қатысып, олардың өміріндегі мәселелерді алға шығарып, оны шешудің жолдарын нақты ұсыну өте маңызды. Менің бұл айтқаным мақала түрінде белсенді көтеріліп жатқанымен, көркем шығарма оларды «тірілтіп», ерекше әсер етіп, ойландыруы аса қажет. Өйткені әдебиеттің орнын еш өнер алмастыра алмайды. Адамзат дамуындағы алғашқы көркемсөз үлгілері: бесік жыры, жаңылтпаш, тұрмыс салт жырлары мен ертегілер жас балалардың танымдық және рухани әлемін байыту үшін туындаған...»
Қай ұлттың, қай елдің баласы болмасын, баланың аты – бала. Қазақ баласы да аң-құстары көп ну орманға барып, қиялға ерік беретін қызықты оқиғаға құрылған туынды оқығанды жек көрмейді. Біз – ересектер, балаларға бала деп қараймыз. Ал олар үлкендерден гөрі ұшқыр. Фантазия жетпейтін жерге дейін көтеріледі. Корней Чуковский өзінің «От двух до пяти» деген әйгілі кітабында кішкене балалардың сәбилік пен данышпандықтың арасында өмір сүретінін айтады. Осы екі-үш жастың арасында олар теңдесі жоқ тілші-лингвистерше ойлана алады, таң қаласыз... Атақты балалар жазушысы Эдуард Успенскийдің: «Балалар кітабынан жігер сезіліп тұруы керек. Менің кітабымда «өмір витамині» бар», «Балалар неліктен Чебурашканы жақсы көреді? Өйткені бала өзін оның жанында күшті сезінеді, оны қорғауы керек...» – деген сөздерін мен жазу барысында есімнен шығармаймын. Саха (якут) халқының ауыз әдебиетінде батырлар жыры «Олонхо» деп аталады. «Олонхо» деген сөздің қазақтың «өлеңімен» тектестігі үстірт қарағанда да сезілгендей. Сахалардың тілінде бізбен ұқсас көп сөздер кездесуі бұл ұғымдардың туысында белгілі бір заңдылық жатқандығын аңғартса керек. Мал шаруашылығына, көшпенді өмірге байланысты, көне түркі тілінің ортақ қорына жататын сөздер мен тіркестер бізде де, сахаларда да бірыңғай келе береді. Мәселен, ат, бие, құлын, қазы, қарта, қымыз, қан, аттан, от, шөп деген сөздер сахаларда да осылай аталады. Және саха халқы батырлар жырына бай. Алайда сол көп олонхоның ішінен айрықша шоқтықтанып көрінетін, көлемі де, көркемдігі де өзгеше бір халықтық дастан бар. Ол – «Нұрғын батыр» (Дьулуруйар Ньургун боотур). Сахалар қазіргі отырған жеріне 11 ғасырдан бері қоныс тебе бастаған екен... Түбі түрік, мұсылман бауырымыз – Саха республикасына баруды армандаймын. Алла нәсіп етіп барып жатсам, балалар көзімен берілетін, кейіпкерлері де балалар туралы роман жазар едім...
Бердібек Соқпақбаев – даусыз балалар әдебиетінің классигі. Жазушының даңқы «Менің атым Қожамен» шықты ғой. Бұл шығармаға ғажап кино түсірілді. Фильм болғанда қандай! Әсем Алатау баурайы, жазира жайлау, сұлу табиғат, Қожадан бастап кейіпкерлердің сәтті таңдалуы, бәрі-бәрі керемет үйлесіп, шынайы шығарманың ажар-көркін жарқырата ашқан. «Менің атым Қожаны» 21 ғасыр баласы да қызыға көретіні содан болса керек. Әсершіл, еліктегіш бала жан дүниесі – сюжеті ерекше, шытырман қызықты оқиғалар жан-жақты қамтылған кітаптарды сүйсініп оқиды. Жақсы кітап – рухани жан азығы ғой!
Гүлжан Амангелдіқызы: Бердібек Соқпақбаев әлі де көп оқылатын жазушылардың қатарында меніңше. Өйткені, жазушының «Қожасын», «Өлгендер қайтып келмейдісін» өзімнің балаларым қайталап оқып тастаған. Шығарманың қай заманда жазылғаны маңызды емес, жазылу тілінде, формасында ғой. Неге Соқпақбаевты әлі де оқиды? Өйткені оның шығармасындағы басты кейіпкер – өзі. Әрі баланың оқуына жеңіл, қарапайым тілмен жазған. Шығарма қандай тақырыпта жазылмасын ең бірінші баланың өз тілінде және шынайы жазылу керек. Қазіргі қаламгерлерден Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағы» сондай оқылымды, өтімді шығарма. Тілі жеңіл, оқиғалары шынайы. Ақберен бұл шығармасына өзінің балалық шағын арқау еткен екен, содан болар жазушы оқырманын ойдан шығарылған мазмұн емес, «тірі» сюжетті ұсыну арқылы елітіп, ілестіріп әкетеді. Осы әдісті Бердібек Соқпабаев қазақ әдебиетіне әкелген болса, Ақберен оны сәтімен жалғастырып отыр. Өзіміз араласатын ортада, басқа да дос-жарандарымыздың үйінде Бердібектің де, Ақбереннің де кітаптарының тұрғанын көреміз. Демек, ол үйдегі балалар кітап оқиды деген сөз. Мәселе, жазушы мен оның шығармасында болса керек...
Жалпы, оқырман, оның ішінде бала оқырман қиялға ерік беретін дүниелерге неге қызықпасын? Қызығады ғой. Бірақ джунгли, уақытқа саяхат туралы... біздің жазушылардың ондайға қиялы әлі өсе қойған жоқ. Бір ұшығы өзіме тиіп кетсе де шындығы – осы. Өйткені, біздің жазушылардың санасын тұрмыс, әлеуметтік жағдай тұмшалап тастаған. Сол тұманнан әлі шыға алмай жүр. Менің шетелге саяхаттап келетін әзірше жағдайым жоқ. Сондықтан қандай шығарма жазарым да белгісіз.
Ділдар Мамырбаева: Бердібек Соқпақбаев өз дәуірінің, өз кезеңінің қайталанбас тұлғасы. "Менің атым – Қожа" орыс тіліне аударылып, Мәскеуден шықпағанда, одан фильм түсірілмегенде ол шығарманың маңдайына қандай тағдыр жазыларын кім білсін... Дер кезінде бағаланғаны қазақ балалар әдебиетінің бағы шығар, ал бағаланбағандар қаншама... Ендігі жерде Бердібек Соқпақбаев қайталанбайды әрі уақыт талабы да өзгеше ғой.
Шетелге саяхаттайтын болсам, Америкаға барар едім. Диснейлендтің кейіпкерлерімен танысып, Бэтменді, Темір адамды, Өрмекші адамның бейнесін бір көргеннен қалай танысақ, қазақтың сондай заманауи кейпкерін өмірге әкелу арман. Бұл бағытта "Айдағы қалашық" деген әңгіме жазғанмын.
Бүгінгі дөңгелек үстелдің қонақтары:
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Ділдар МАМЫРБАЕВА, балалар жазушысы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері.
Гүлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, әңгімелері «Жетісуға қосылған жылғалар» ұжымдық жинағы, Қазақ ПЕН-клубы шығарған «Нақты қадам» әңгімелер жинағына енген. «Үштаған» атты әңгімелер шоғыры дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығын еншілеген. «Ақ қауырсын» әдеби бәйгесінің 2-орын иегері. Мәдениет министрлігінің «Балаларға арналған үздік шығарма-2020» байқауының 2-орын жүлдегері. Сайын Мұратбеков атындағы «Жусан иісі» проза байқауының арнайы жүлдесін алған.
Гүлжан Амангелдіқызы: Бердібек Соқпақбаев әлі де көп оқылатын жазушылардың қатарында меніңше. Өйткені, жазушының «Қожасын», «Өлгендер қайтып келмейдісін» өзімнің балаларым қайталап оқып тастаған. Шығарманың қай заманда жазылғаны маңызды емес, жазылу тілінде, формасында ғой. Неге Соқпақбаевты әлі де оқиды? Өйткені оның шығармасындағы басты кейіпкер – өзі. Әрі баланың оқуына жеңіл, қарапайым тілмен жазған. Шығарма қандай тақырыпта жазылмасын ең бірінші баланың өз тілінде және шынайы жазылу керек. Қазіргі қаламгерлерден Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағы» сондай оқылымды, өтімді шығарма. Тілі жеңіл, оқиғалары шынайы. Ақберен бұл шығармасына өзінің балалық шағын арқау еткен екен, содан болар жазушы оқырманын ойдан шығарылған мазмұн емес, «тірі» сюжетті ұсыну арқылы елітіп, ілестіріп әкетеді. Осы әдісті Бердібек Соқпабаев қазақ әдебиетіне әкелген болса, Ақберен оны сәтімен жалғастырып отыр. Өзіміз араласатын ортада, басқа да дос-жарандарымыздың үйінде Бердібектің де, Ақбереннің де кітаптарының тұрғанын көреміз. Демек, ол үйдегі балалар кітап оқиды деген сөз. Мәселе, жазушы мен оның шығармасында болса керек...
Жалпы, оқырман, оның ішінде бала оқырман қиялға ерік беретін дүниелерге неге қызықпасын? Қызығады ғой. Бірақ джунгли, уақытқа саяхат туралы... біздің жазушылардың ондайға қиялы әлі өсе қойған жоқ. Бір ұшығы өзіме тиіп кетсе де шындығы – осы. Өйткені, біздің жазушылардың санасын тұрмыс, әлеуметтік жағдай тұмшалап тастаған. Сол тұманнан әлі шыға алмай жүр. Менің шетелге саяхаттап келетін әзірше жағдайым жоқ. Сондықтан қандай шығарма жазарым да белгісіз.
Ділдар Мамырбаева: Бердібек Соқпақбаев өз дәуірінің, өз кезеңінің қайталанбас тұлғасы. "Менің атым – Қожа" орыс тіліне аударылып, Мәскеуден шықпағанда, одан фильм түсірілмегенде ол шығарманың маңдайына қандай тағдыр жазыларын кім білсін... Дер кезінде бағаланғаны қазақ балалар әдебиетінің бағы шығар, ал бағаланбағандар қаншама... Ендігі жерде Бердібек Соқпақбаев қайталанбайды әрі уақыт талабы да өзгеше ғой.
Шетелге саяхаттайтын болсам, Америкаға барар едім. Диснейлендтің кейіпкерлерімен танысып, Бэтменді, Темір адамды, Өрмекші адамның бейнесін бір көргеннен қалай танысақ, қазақтың сондай заманауи кейпкерін өмірге әкелу арман. Бұл бағытта "Айдағы қалашық" деген әңгіме жазғанмын» деп пікірлерін білдірді.
«Меломанға кірсеңіз, балалар әдебиеті жоқ деуге аузыңыз бармас еді. Рас, кілең шетелдің дүниесі, олар аниме, комикс, супербатырлар арқылы балаларды қызықтырудың жолдарын іздейді, сондай-ақ оларда жабық тақырыптардың өзін бала танымына сай беру бар, оны басқа жақтан келген біреулер емес, біздің балалар оқып жатыр (арасында бізге келмейтіндері де табылады), жалпы балалар әдебиетінде өмірден кейінгі өлім, ересектікке қадам басу сияқты осындай онтологиялық тақырыптарды көтеру мәселесіне қалай қарайсыз?» деген сұраққа балалар әдеиетінің әлемінде жүрген жазушылар былай деп жауап берді:
Гүлжан Амангелдіқызы: Қазіргі балалар баяғыдағы біздің оқыған мыстан кемпір, тау қопарған Толағай сияқты қияли ертегілерді оқымайды. Үйде «Қазақ ертегілері» деген кітапты жеті жастағы қызыма оқып берейін деп нақышына келтіріп тұрып оқып жатсам, «болды, мама, ұйықтайықшы» дейді. Демек, балаға қызықсыз.
Шетелдіктер сияқты балаларды аниме, комикс, супербатырлар арқылы таңғажайып дүниелермен қызықтыру үшін жазушыларға сұраныс болу керек шығар. «Осындай дүниелер жазсақ, оның қаламақысы осындай болады» десе бір жазушының шықпауы мүмкін емес. Жоғарыда айттым ғой, біздің жазушылардың ой-санасын тұрмыс билеп кеткен деп. Егер қомақты қаламақы қойып, сұраныс болып жатса, жазар еді деп ойлаймын. Үлкен буын жазушылар жазбаса да жастар жазатын еді. Сонан кейін шығармаларын әлем тіліне аударып, таратып жатса, жазушыларға да күшті мотивация болар еді ғой. Шетел жазушыларының шығармаларын аудара бергенше, неге керісінше өз әдебиетімізді шетел тіліне аудармасқа? Әлде бізде ондай маман жоқ па?
Ділдар Мамырбаева: Шетелдік аниме, комикс, супербатырлар, жабық тақырыптардың төрге келіп орналасып жатуы – жаһанданудың от лебіне тартылуымыз. Оларға тәуелді болмау үшін не істеуіміз керек? Мемлекет "өз күніңді өзің көр" деп әдебиет идеологиясын қоғамдық ұйымдарға итере салып, мойнын жауапкершіліктен босатып алып отыр. Бұл – болашақ ұрпаққа "болсаң бол, болмасаң бордай тоз" – деген өгейлік.Мемлекетте қормал саясат болу керек. Жүйелеп, саралайтын жеке министрлік, болашақ ұрпаққа жаны ашитын жүрегінде мейірімі, жанашырлығы бар, қазақ баласына не керек екенін білетін, кезіндегі Ыбырай Алтынсариндей министр керек.
Онтологиялық тақырыптарға қалай қарайсыз дегенге – егер берілу, жазылу әдісі ойға қонымды болса, детальдар өмірге жақын болса қуана қабылдаймын. Мысалы, "Душа"мультфильмі маған несімен ұнайды? Онда аруақты сыйла, ұмытпа деген ойды өзек етіп алған. «Рататуй» – адам бір мамандықтың асқан шебері болуы үшін оған талант аруақ арқылы қонады дегенді меңзейді. Кез келген тақырып бала танымына сай берілетін болса, ол қызықты.
Толымбек Әбдірайым: «Меломан» кітап дүкеніне мен де жиі барып жүрем. Орыс тіліндегі шетел қаламгерлерінің кітабы көп. Безендірілуі, ішіндегі суреттері, тіпті қарпіне дейін өте әдемі үйлесім тапқан. Қызығасыз. Біздің елде, әсіресе балаларға арналған кітаптар жұтаң, тартымсыз, безендірілуі көңіл көншітпейтін «кірпіш» дүниелер. «Әттең, тонның келтесі-ай» деп қынжылғаннан басқа шара жоқ. Балалар қазақ тіліндегі кітапты оқығысы келеді. Оны мен мектеп оқушыларымен кездесу кеші барысында жиі байқаймын. Ғабиден Мұстафиннің: «Меніңше балаларға арналған әдебиет, сол балалармен қатар, үлкендер оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болады» – деген сөзінің жаны бар. Жалпы, балалар әдебиетінде өмірден кейінгі өлім, ересектікке қадам басу сияқты онтологиялық тақырыпты жазудың еш артығы жоқ. Балалар имандылық мәселесін, дін-исламды, Алланың хақтығын һәм мәңгілігін білгені ләзім. Оны бірыңғай баяндау формасында емес, түрлі-түрлі, қадау-қадау, қилы-қилы сенімді сюжеттер арқылы берген жөн. Ол үшін теолог ғалым деңгейінде іздену керек.
Астрид Линдгрен, Туве Янссон, Джеральд Даррелл сияқты әлем танитын балалар жазушыларының жетістігі тек маркетингке байланысты ма? Өзіңіз бір дүние жазғаннан кейін балаларға оқытып көресіз бе?
Ділдар Мамырбаева: Астрид Линдгрен-балалар мен жасөспірімдерге арнап 75 кітап жазған, 165 мың данамен таралған. Әлем сыйлығын алған жазушы әйел. Туве Янссон өзін суретші деп санап, жазғандарына көп көңіл бөле қоймағанының өзінде, жазған-сызғандары 50 елдің тіліне аударылған. Жарнамадан, мақтаудан қашып, бір аралда өмір сүрген. Джеральд Даррел – зоопарктің негізін қалаған, табиғатты қорғаудың "Қызыл кітабының" атасы. Олардың өмірбаяндары бай. Алладан талант берілген адамдар. Маркетинг емес, шеберліктері танымал етті деп ойлаймын.
Шығарма жазғаннан кейін балаларға оқытып көру туралы айтсам, әрине, ыңғайы, орайы келіп жатса. Майра, Ақмарал Шатемірқызы, Гүлнара Теметаева деген мұғалімдер үнемі хабарласып, оқушылардың жылы қабылдағанын не түсінбей қалғандарын айтып, хабарласып тұрады. Кәусар деген жиен немерем оқып сынайды. Айтқандарын қабылдаймын.
Толымбек Әбдірайым: Жоғарыдағы үш жазушының, одан өзге де шетел әдебиетінің көрнекті өкілдерінің кітаптары, біріншіден шебер туындылар. Ханс Кристиан Андерсен сыйлығының иегері, атақты швед жазушысы Туве Янссонның Муми-Троллиге байланысты «Мемуары папы Муми-тролля», «Сказки Долиня Муми-троллей», «Зима Муми-тролля», «Лодка и я» т.б. кітаптарын оқығам. Бірнеше сериялы «Муми-Тролли» мультфильмі де ғажап! Кішкентай балалар түгілі, үлкендер қызығып көретін дүние. Ал ағылшын жазушысы Даррелл Джеральд әрі саяхатшы, әрі табиғат зерттеушісі (натуралист) болған ғой. Джерлидағы зоологиялық бағын ашқан. Оның тұңғыш кітабы «Бафтуза говядинойдың» желісімен 4 сериялы кинофильм түсірілген. Астрид Линдгреннің «Малыш и Карлсон, который живет на крыше» кітабын бұрындары оқысам да, оқиғасы есімде. Орыс жазушылары Николай Носовтың, Евгений Носовтың, Эдуард Успенскийдің туындылары ұнайды. Жоғарыдағы жазушылардың кітаптарынан жасандылық таппайсыз, тартымды. Былайша айтқанда классика. Маркетинг жақсы жолға қойылғандықтан өтімді. Кейбір әңгімелерімді балаларға айтып берем, олар ұйып тыңдаса, түзету енгізіп жатса, міндетті түрде ескерем.
Гүлжан Амангелдіқызы: Негізі кітаптың таралымы, оқылымы маркетингке де байланысты деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі балалар кітапханаға өздігінен барып кітап алып оқымайды. Мысалға, Роулиңнің «Хәрри Поттер» кітабын оқымаған бала қалмаған шығар. Жарнамасы жақсы болды біріншіден. Әрі киносы да көрсетілді. Бар бала қызығып көрді. Әрине, шығарманың тартымдылығы бөлек әңгіме ғой. Біздің жазушылар өздерінің кітабын сата алмайды. Маркетингті меңгермеген. Шығармаларымды балаларыма оқытып көрмеппін. Негізі жақсы идея. Болашақта өз балаларыма оқытып көрмесем...
Жасөсіпрімдерге арналған повесть жазсаңыз?
Гүлжан Амангелдіқызы: Қазіргі қоғамда ең көп зардап шегуші – балалар болып кетті. Өкінішке қарай, үлкендер тарапынан жасалатын қорлық пен зорлықтың құрбаны көбейді. Оны ұл деп, қыз деп бөлмейтін жағдайға жеттік. Отбасылық жағдайда болсын, қоғамдық ортада, мектепте болсын баланың құқығы тапталып жатады. Буллинг, кибербуллинг деген сөз мода болып тұр. Қазір заман басқа. Үлкендер жастарға өзінің көзқарасымен, өлшемімен қарағанды қойса деймін. «Баяғыда, біздің заманымызда» деген әңгімелерді айтуды қойса деймін. Біз қаласақ та, қаламасақ та заман басқа. Енді біздің соған көнбеске, өзгермеске шарамыз жоқ.
Сосын мектепте де, жасөспірімдердің өзара қақтығыстары, зәбір көрсетуі жиілеп кетті. Мұның себебі неде? Әрине, мейірімнің жетіспеушілігінен дер едім. Мен осы мәселені қаузағым келді. Қазір бесінші сынып оқушыларына дейін темекі шегеді. Кеше әлеуметтік желіде он үшке де толмаған балалардың есіркіге әуестенгенін, тіпті қыз балалардың темекі шегіп жүргенін көрдім.
Жақында бір әңгіме бастағам. Жасөспірімдер тақырыбы. Мектептегі өзара қақтығыс, ата-анаға, мұғалімге көрсетпей бұзақылық жасау, темекіге әуестік, сотқарлық, оның арты зорлыққа ұшыраған бір баланың тағдыры жайлы...
Толымбек Әбдірайым: Жасөспірімдерге арналған ертегі-повесть жазып жүрмін. Алла қаласа, жақында аяқтаймын. Сіз осы тақырыптағы әңгімеге шақырған кезде отыз жетінші бетке келген едім. Бұрынғы шығармаларыма еш ұқсамайды, тың, өзгеше... Оқиғасын айтсам, мақтанған сияқты болармын. Әзірше құпия. Үзіндісін республикалық бір басылымға ұсынамын. Алда жарық көретін «Құстың ұясы» жинағыма енеді.
Ділдар Мамырбаева: Ислам кеңістігінде діни сананың біржақтылығынан туындайтын діни радикализм өзекті мәселеге айналып отыр.Теріс ағымдардың ізіне еріп адасқан қандастарымыздың тағдыры өте-мөте аянышты. Стелла Амиль деген жазушының "Месть" деген шығармасын аудардым. Бір отбасының ғана емес, бір ұлттың күйреуін, жоқ болуын тәрбиелі, мәдениетті,бай отбасында өскен ағайынды екі жігіттің өмірі арқылы берген. Сананың улануын психологиялық, теологиялық тұрғыдан емдеудің жолы өте ауыр. Оның алдын алу идеологиясы әдебиет болу керек деп ойлап, осы тақырыпта жазуды жоспарға кіргізіп қойдым.