Президент қазақстандықтарды арандатуларға бой алдырмауға шақырды

Oinet.kz 12-03-2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде қазіргі геосаяси жағдайдың күрделене түскенін айтып, қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырды.

image.png

Мемлекет басшысы әлемде геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер күшейіп, жаһандық тұрақсыздық артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, кей сарапшылар тіпті әлемдік соғыс қаупі туралы да айтып жүр.

«Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және сырттағы арандатуларға бой алдырмауы керек. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін пайдаланып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, әлем технологиялық, экономикалық және саяси тұрғыдан түбегейлі өзгеріп жатыр. Сондықтан Қазақстан да бұл өзгерістерге бейімделіп, ұлттық мүддені қорғау арқылы теңгерімді сыртқы саясат жүргізуді жалғастыра береді.

Мемлекет басшысы еліміз халықаралық аренада бейбітшілікті нығайтуға және өңірлік қауіпсіздікті сақтауға бағытталған саясаттан айнымайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай ұстаным ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін аса маңызды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Латын Америкасы мен Таяу Шығыстағы оқиғаларға қарамастан, Қазақстан жақын және алыс мемлекеттермен жан-жақты ынтымақтастықты дамыта беретінін жеткізді.

Президент елдің табысты дамуы үшін бірлік пен тұрақтылықтың маңызы зор екенін атап өтті. Ол ішкі саясатта асығыс әрі ойланбай жасалған шешімдердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.

«Тұрақтылықты бірер күнде бұзуға болады, ал оны қалпына келтіруге ондаған жыл қажет. Сондықтан Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент популизм мен құр ұранға негізделген реформаларға қарсы екенін айтып, барлық өзгеріс ақылға қонымды әрі сараланған болуы тиіс екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

Тоқаев: Аймақтардағы мәселелер үшін халық Ақордаға шағымдануға мәжбүр
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу