Тоқаев: Аймақтардағы мәселелер үшін халық Ақордаға шағымдануға мәжбүр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында аймақтардан орталыққа жолданатын арыз-шағымдардың көбейгенін айтты, деп жазады Оinet.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, көптеген азаматтар жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелер бойынша тікелей Ақордаға жүгінуге мәжбүр.
Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі шамамен 83 мың өтініш қабылдаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.
"Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр",- деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының халық пен билік арасындағы маңызды байланыстырушы буын екенін атап өтті. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі тиіс. Президенттің айтуынша, өткен жылы облыстық деңгейдегі атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданған.
«Бірақ оның саны емес, сапасы маңызды. Мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы қажет. Аймақтардың дамуы, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және билікке деген сенімнің артуы сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


