Тоқаев «сұр кардиналдардың» ықпалына тосқауыл қойылатынын айтты
Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент форумында сөйлеген сөзінде жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртып, Қазақстанның ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуына негіз болатынын айтты.
Мемлекет басшысы Конституция жобасында бірқатар маңызды саяси өзгерістер қарастырылғанын атап өтті. Соның бірі – жоғары лауазымды тұлғалардың өкілеттік мерзімін шектеу. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағасы мен судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты төрағасы және Бас прокурор бір адам ретінде бұл қызметтерге тек бір рет қана тағайындала алады.
Президенттің айтуынша, мұндай норма елдегі билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру және Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жүйеде бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайтынын айтты. Оның сөзінше, Конституциялық реформа барысында бұл квотаны сақтап қалу жөнінде ұсыныстар түскен. Алайда депутаттар ешқандай артықшылықсыз, бірыңғай ереже бойынша сайлануы тиіс деген ұстаным басым болған.
Мемлекет басшысы Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызмет атқаруына және квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқаруына тыйым салатын норма да аса маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл талап биліктегі отбасылық ықпалға жол бермей, биліктің бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды.
«Кейбір ықпалды адамдар, яғни “сұр кардиналдар” немесе "саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар" мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Мұндай тәжірибе түбегейлі жойылды», – деді Президент.


