Тоқаев Конституциядағы тіл мәселесіне қатысты пікірлерге жауап берді

Oinet.kz 13-03-2026

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйлеп, қоғамда Конституцияға қатысты заңдық тұрғыдан негізсіз пікірлер айтылып жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесі төмендетіліп жатыр деген әңгімелер шындыққа жанаспайды.

«Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық», – деді ол.

Сондай-ақ Тоқаев қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады. Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз», – деді Президент.

Айта кетейік, жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасына қатысты қоғамдық талқылаулар ел ішінде жалғасып жатыр.

Президент қазақстандықтарды арандатуларға бой алдырмауға шақырды
АҚШ-пен бітімге келмейміз, кек қайтарамыз: Моджтаба Хаменеи алғаш рет үндеу жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу