Атырауда жоғалған отбасының ұл-қызының мүрдесінен үшкір заттың іздері байқалған
Атырау облысында жоғалған отбасы мүшелерінің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Атыраудағы «Геолог» ықшам ауданында үй іргесінен табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинa мүрделерінен үшкір заттың іздері анықталған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, марқұмдардың нақты қашан және қандай себептен көз жұмғаны сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.
— Мүрделерде үшкір заттан болған жарақаттар бар. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, — деді Садықов.
Тергеу мәліметінше, 29 жастағы күдікті Сұлтан Сарсемалиев бұрынғы әйелінің туыстарын өлтіріп, олардың денесін жасырмақ болған. Алдын ала ақпарат бойынша, ол ата-енесін өлтіріп, ауладағы сарайда шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазып, мәйіттерді сол жерге көмген. Кейін үстіне диван қойып, ізін жасыруға тырысқан.
Сондай-ақ Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денелері Атырауда жалдап тұрған үйдің іргесіне көмілгені анықталған. Бұл аумақты полиция екі ай бұрын түрлі техникалардың көмегімен тексергенімен, ол кезде мүрделер табылмаған.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталған. Кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді. 6 қаңтар күні отбасы мүшелері — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылған. Кейін олардың денесінде пышақ жарақаттары болғаны белгілі болды.
9 қаңтарда отбасы мүшелерін өлтірді деген негізгі күдікті марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми хабарланған.
Қазір бұл қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тағы бір адам — отбасының қызы да тергеліп жатыр. Ал күдіктінің бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.


