Темекі шегетіндер мен артық салмағы барларға МӘМС жарнасы қымбаттауы мүмкін
Ресейде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде салауатты өмір салтын ұстанбайтын азаматтар үшін жарналарды арттыру ұсынылды.

Көрші мемлекетте міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша негізгі медициналық көмек барлық азаматтар үшін тегін. Алайда денсаулығына зиян келтіретін әдеттері бар адамдарға сақтандыру жарнасын көбейту ұсынылуда. Бұл туралы Ресей сақтандырушылар одағының басшысы Евгений Уфимцев айтты, деп жазады РИА Новости.
Оның айтуынша, қазіргі жүйе сақтандыру принципіне негізделген: жұмыс берушілер қызметкерлері үшін жарналарды Ресей әлеуметтік қорына аударады. Осы қаражат есебінен азаматтарға кепілдендірілген медициналық қызметтер көрсетіледі.
Уфимцев мемлекет сақтандыру механизмдерін салауатты өмір салтын ынталандыру үшін пайдалана алатынын айтты. Мысалы, темекі шегетін немесе дұрыс тамақтанбай, артық салмақ жинаған адамдарға жарна есептегенде арнайы көбейткіш коэффициент қолдануға болады.
Кейбір елдерде ауыр семіздігі бар адамдарға тегін медициналық сақтандыру берілмейді. Ресейде мұндай қатаң тәсіл қолданылмайды, алайда қаржылық ынталандыру азаматтардың өмір салтына әсер етуі мүмкін. Мәселен, темекі шегетіндер немесе зиянды әдеттері бар азаматтар үшін сақтандыру коэффициенті екі-үш есе артуы ықтимал.
Сонымен қатар, Уфимцев мұндай жүйені енгізу үшін сақтандыру ұйымдарының рөлін күшейту қажет екенін атап өтті. Дегенмен соңғы таңдау әр азаматтың өзіне байланысты: егер адам қосымша шығын төлеуге дайын болса, ол өз әдеттерін өзгертуге міндетті емес.


