Ресей шетелде жүрген азаматтарын әскері арқылы да қорғай алады

Oinet.kz 12-03-2026

russian-passport.jpg 

Ресейдің қорғаныс министрлігі Ресей азаматтарын қорғау үшін ел аумағынан тыс жерде қарулы күштерді пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасын әзірледі. Құжатты үкімет жанындағы заң жобалау қызметі жөніндегі комиссия мақұлдап, оны Мемлекеттік Думаның қарауына енгізуге рұқсат берген. Бұл туралы Exclusive.kz сайты Interfax агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, заң жобасы «Ресей Федерациясының азаматтығы туралы» және «Қорғаныс туралы» федералдық заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді. Құжатта Ресей әскерін президенттің шешімімен шетел аумағында қолдануға мүмкіндік беретін норма қарастырылған. Мұндай шешім Ресей азаматтары шетелдік немесе халықаралық соттардың шешімі негізінде қамауға алынған, ұсталған немесе қылмыстық қудалауға ұшыраған жағдайда қабылдануы мүмкін.

Заң жобасына берілген түсіндірме жазбада бастама Ресей азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталғаны айтылған. Егер шетелдік немесе халықаралық соттардың шешімдерін қабылдаған құрылымдардың құзыреті Ресеймен жасалған халықаралық келісімдерге немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің қарарына негізделмеген деп танылса, онда Ресей азаматтарын қорғау үшін осындай шара қолданылуы мүмкін екені көрсетілген.

Қазіргі қолданыстағы заңнамада да президент шешімімен Ресей қарулы күштерін шетелде қолдануға мүмкіндік бар. Алайда мұндай шешімнің нақты негіздері анық жазылмаған, заңда тек «Ресей мүдделеріне қайшы келетін әрекеттер болған жағдайда» деген жалпы тұжырым ғана бар. Жаңа заң жобасы осы негіздерді нақтылауды мақсат етеді.

Материал жарияланған сәтте заң жобасы Дума деректер базасында әлі орналастырылмаған.

Бұған дейін Ресей әскерін елден тыс жерде қолдануға рұқсат екі рет берілген. Ресейдің Федерация кеңесі 2014 жылғы 1 наурызда Украина аумағында армияны пайдалануға келісім берген. Сол оқиғадан кейін Ресей Қырымды бақылауға алу операциясын бастаған. Ал 2022 жылғы 22 ақпанда Ресей парламенті қарулы күштерді шетелде қолдануды тағы мақұлдап, екі күннен кейін Ресей Украинаға кең ауқымды соғыс бастады.

 


Вашингтонда Трамп пен Эпштейннің мүсіні орнатылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу