Қазақ балалар әдебиеті
Балалар әдебиеті – көркем әдебиеттің ауқымды бір бөлігі. Қазақ жазба әдебиеті қалыптасқан уақыттан бері балалар әдебиеті де белгілі бір деңгей мен бағыт-бағдарлар аясында дамып келеді.
1991 жылы КСРО-дан тәуелсіздік алған жылдары өзге мемлекеттер сынды Қазақстанда да әдеби шығармашылықтың тоқырауға ұшырағаны белгілі. Бұрын нарыққа бейімделмеген посткеңестік елдердің авторлары Кеңес одағының «әдебиетке қолдау бастамалары» мен қаламақысына аңсары мен сағынышын жиі байқатып жүрді. Әртүрлі салалармен қоса, әдебиет, оның ішінде балалар әдебиетінің де дамуы тежеліп, авторларға әлеуметтік проблемалар мен баспа шығындарын еңсеру ауыр соқты.
Соңғы отыз жылдың алғашқы он — он бес жылында шығармашылықпен айналысу мен баспа ісі баяу дамыса, кейінгі он — он бес жылда мәдениет, оның ішінде әдебиет саласындағы бұл баяулық ерекше жандана бастағанын байқауға болады. Тәуелсіздік кезеңдегі балалар әдебиетінің дамуына ХХ ғасырдың әдеби үдерісіне қатысқан шығармашылық өкілдері де ерекше үлес қосты, көп жағдайда олардың туындылары қайта басылып шығып, оқырмандарға ұсынылды. ХХ ғасырда балаларға арнап үздік туындылар қалдырған Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Қастек Баянбай, Сұлтан Қалиұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Абрахман Асылбек, Марат Қабанбай, Тұманбай Молдағалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мәди Айымбет, Байбота Қошым-Ноғай сынды қазақ ақын, жазушыларынан кейін Шәкен Күмісбаев, Арасанбай Естенов, Ескен Елубай, Толымбек Әбдірайым, Жүніс Сахиев, Нұрдәулет Ақыш, Бейсенбай Сүлейменов, Ділдәр Мамырбаева, Болат Үсенбаев, Кәдірбек Құныпияұлы, Заря Жұманова, Серік Нұғыман сынды авторлар балаларға арнап белсенді жазды. Жоғарыда атап өткеніміздей, аталған кейбір авторлар Кеңес кезеңінде де әдеби шығармашылықпен айналысқан болатын.
Қазіргі уақытта аталған авторлармен қатар Есей Жеңісұлы («Мынау ғазиз дүние»), Сәуле Досжан («Біртуар», «Ауылдан шыққан миллионер»), Есболат Айдабосын («Қызыл сақа»), Бейбіт Сарыбай («Ақтабан»), Әлібек Байбол («Әріптер әлеміне саяхат»), Рүстем Сауытбай («Қиял әлемі»), Мейіржан Жылқыбай («Қырық бірінші өтіріктің соңы», «Тауға саяхат»), Елдос Тоқтарбай («Тау құсы» кітабы), Нұрбек Нұржанұлы («A-Z. №15 планета»), Зәуре Төрехан («Әмина Тұран көшпелілер елінде») сынды жазушылар мен Саят Қамшыгер («Менің алғашқы кітабым», «Менің алғашқы танымым», «Менің сүйікті әліппем» кітаптары), Қуат Адис («Менің отаным»), Серікбол Хасан («Қасиетті Қазақстан»), Олжас Қасым («Әулие ағаш», «Әнші құм», т.б.), Асылан Тілеген («Жұмбақ өзендер», «Жұмбақ қалалар», «Айтыс. Инстаграм&Тик-ток»), т.б. жас ақындар осы бағытта жақсы туындылар тудырды. Авторлардың жақша ішінде көрсетілген шығармаларынан басқа көптеген әдеби туындылары жарық көрген.
Тәуелсіздік кезеңіндегі балаларға арналған әртүрлі жанрдағы туындыларды шолып қарағанда тек соңғы жылдары ғана жанры, тақырыбы, мазмұны, идеясы, сюжеттер желісі тұрғысынан едәуір трансформациялық көркемдік құбылыстардың жүзеге асқанын байқауға болады. Шамамен алғанда 1990-2005 жылдарға дейін қазақ авторлары классикалық немесе дәстүрлі әдебиеттегі этикалық-дидактикалық сарында өлең, әңгіме жазуға басымдық берген. Балаларға арналған қазіргі туындылардың біраз бөлігінде бір ғасырдан астам уақыт бойы қоғамда тұрақтап қалған біржақты, бір арнадағы, бір сарынды қарабайыр ойлар ұйқас немесе әңгімелер арқылы қайталанып келе жатқандай көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнінде балалар білуі тиіс ата-ана мен ата-әжені құрметтеу, сәлемдесу, қолқабыс ету, жан-жануар, құстарға, жалпы тіршілік иесіне қамқор болу, ағаш егу, білім алу, өнер үйрену, ұлттық дәстүрді құрметтеу сынды базалық құндылықтар қай ғасырда да, қай қоғамда да ескірмейді. Алайда бұл құндылықтарды ой-санасы, болмысы, көзқарасы, әлемді қабылдау ерекшелігі, тұтынатын өнімі, киіну, таңдау талғамы қарқынды өзгеріп жатқан уақыт пен кеңістікке сай ақын немесе жазушының өзіндік жеткізу амалдары болуы тиіс. Бұл ойымыз арқылы қазіргі балалар әдебиеті сапасыз деген пікір айтқымыз келмейді, бірақ, көркемдік деңгейі төмен туындылар көп кездесетіні де белгілі.
Қазақстанға интернет желісі 1998-2000 жылдары кеңірек тарағанымен, әлеуметтік желілердің қолданысқа ену кезеңі 2010 жылдары қарқын алды деп есептеуге болады. Йағни, балалардың интернет контенттері мен цифрлық өнімдерді тұтынуға және ғылымға қызығушылығы, одан кейінгі әлемдік коронавирус пандемиясының жалпы адамзатқа, әсіресе, мектеп жасындағы балалардың аурудан сақтану үшін оқшаулануы мен қашықтан немесе онлайн білім алудың балаға тигізген әсері сынды мәселелер көркем әдебиетте де көрініс таба бастады (Ділдәр Мамырбаева, Серікбол Хасан, Асылан Тілеген, т.б.). Бұл тұста авторлар туындыларында аталған құбылыстарды сипаттап немесе баяндап жеткізгенін айтуға болады. Йағни, цифрландыру үдерісі қағаз форматындағы кітаптың орнын алмастыра алған жоқ (мысалы, авторлар тікелей гаджет экранында құпия код немесе бағдарламалар арқылы көркем туынды жасау деңгейіне жете алмады). Қазақстанда әдеби шығармалар дәстүрлі қағаз форматындағы кітаптармен қатар, портал, сайттарда белсенді оқылады. Төменде қазіргі балалар әдебиетінің даму бағыттары мен поэтикалық трансформациясын көрсету үшін санаулы авторлардың ғана шығармашылығына қысқаша тоқталамыз.
Балалар жазушысы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ділдәр Мамырбаеваның «Индиго» және «Айдағы қалашық» әңгімелерін кибернетика туралы шығармалар санатына жатқызуға болады. Бұл жазушының «Индиго» әңгімесінде алгоритмнің өлең құрастыру үдерісі шығарманың бір сюжеттік желісіне негіз болса, екінші оқиға «жерді астына түсіретін, ойлап табылған потенциалды (тегеурінді) қаруға» қатысты баяндалады. Ал, жазушының «Робот. Вирус. Сезім» әңгімесінде адам бойындағы ақыл, махаббат, сезім құндылықтарының маңызын, метафизикалық табиғатын роботтар әлемімен параллель салыстыру арқылы түсіндіреді. Бұл әңгімеде автор кибермәдениет дәуірінде жұмыс орындарында адам қызметін алмастыра бастаған және дамуы жағынан қарқын алған ақылды машиналар кез келген заманда адам табиғатын (сезімі, қабілеті, жаны, ақыл-ой, сана, т.б.) алмастыра алмайтынын жеткізеді.
Балалар поэзиясын дамытуға үлес қосқан ақынның бірі Серікбол Хасан өлеңдері де жас оқырмандардың көңілінен шығады деп айтуға болады. «Қолыңды жу», «Карантин», «Дәрі», «Жұрттың баласы», «Баға», «Селфи», «Смартфон мен сабақ», «Туған жерін қия ма?», «Жамбы ату» деген өлеңдері арқылы балалардың күнде атқаруы тиіс дағдылы әрекеттерін (жиі қол жуу, ақылды бала болу, сабақты жақсы оқу, таңертең жаттығу жасау, т.б.) оқығанда жанға жылы, жағымды тиетін шумақтар арқылы жеткізеді. С.Хасан өлеңдерін оқыған жас оқырман автордың автор-ұстаз, ақын-әке образын тани алады. Ақын «Карантин» өлеңінде коронавирус пандемиясы кезінде аурудан сақтану үшін үйде болған немесе көпшіліктен оқшауланған балалар не істеуі керегін жақсы түсіндірген. Автор карантинде болғанда онлайн кітап оқып, интернеттен деректерді іздейтін, карантин талабына құлақ асатын ақылды баланың образын кескіндейді.
Сонымен қатар, жас ақынның келесі бірі Асылан Тілегеннің «Жұмбақ қалалар» жұмбақ-өлеңінде Қазақстандағы бірнеше қаланың бүгінгі модерн сипаттары мен ерекшелігін, халық тіршілігіндегі маңызын суреттеп жеткізсе, «Жұмбақ өзендер» өлеңінде еліміздегі Шу, Ертіс, Есіл, Жайық, Арыс, Нұра өзендерінің табиғи сұлулығын, байлығын, тарихи маңызын, қазақ жағрафиясындағы орнын бір-бір шумақпен баяндаған. Мысалы, Байқоңыр қаласы туралы жұмбақ-жолдарды оқыған оқушы «Марсқа ұшып кететін қай қала екен?..» дегендей қызығушылық танытуы мүмкін.
Ал, А.Тілегеннің «Айтыс. Инстаграм&Тик-ток» өлеңінде қазақ фольклоры мен әдебиетіндегі бұрыннан келе жатқан айтыс жанрының форматында инстаграм мен тик-ток желілерін айтыстырады. Ақын инстаграм мен тик-ток диалог-айтысы арқылы халықтың желіде жариялайтын әрекеттерін сынға алады. Осылайша үлкен буын балалар жазушысы мен ақынына қарағанда жас авторлар кибер кеңістік пен ғылым, технология жетістіктерін шығармалары арқылы бала-оқырмандарға жеткізуге тырысады.
Бестселлер кітаптар. Қазақстандағы соңғы бір-екі жылда балаларға арналған кітаптардың сұраныс рейтингіне назар салғанда Зира Наурызбаева мен Лилия Калаустың «Алтын тостағанды іздеу», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Кеңес Оразбекұлының «Тұран баһадүрлері», Серікбол Хасанның «Әкесінің қызы» және Рүстем Сауытбайдың «Қиял әлемі» және башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» деп аталатын аударма туындылары көп оқылғанын атап өтуге болады.
Ертегілер. Балалар әдебиетін дамыту және насихаттау жылында балаларға арналған авторлық ертегілердің де қанат жайғанын байқауға болады. 2021 жылы «Алтын сақа» баспасынан «Жолтерек» (Серік Ерғали), «Ерекше ертегілер» (Алуа Есболатқызы), «Ақылды мысық» (Манзура Қонысбай), «Қырық бірінші өтіріктің соңы» (Мейіржан Жылқыбай), «Кербезмүйіз» (Жібек Зинелова, Шразаддин Каниязов) сынды ертегілер жарық көрсе, бір автордың бірнеше ертегі туындылары да баспадан шыққан. Атап айтқанда, Кенжегүл Базарханның «Мумидің басқаларға көмектесуі», «Мумидің кешірім сұрауы», «Мумидің күнді іздеуі», «Мумидің сурет салуы», «Менің көңіл күйім» және Ақгүл Төлеуханқызының «Балтай ойыншықтарын жинайды», «Балтай бөлісіп үйренді», «Балтай шындықты айтты», «Балтайдың дүкенде адасуы», «Балтай доп тауып алды», «Балтай сурет салды», Айсұлу Ахметованың «Алтын сақа», «Жапырақтар әлемі», «Көгершін мен құмырсқа» сынды авторлық ертегілері жарық көрген. Бұдан тыс Г.Х.Андерсеннің бірнеше ертегілерін Серік Ерғали және «Шетел ертегілері» атты кітаптарды Жібек Зинелова аударып жариялаған. Сонымен қатар, ақындар бүлдіршіндерге арнап көптеген тақпақ, жаңылтпаш және жұмбақ кітаптар шығарған.
Көркем аудармалар. Тәуелсіздік кезеңінде бірнеше мемлекеттік баспамен қатар, коммерциялық бағыттағы баспалар да жұмыс істеп жатыр. Коммерциялық баспаның бірі – Steppe & world баспасы соңғы жылдары әлем тілдеріндегі көркем туындыларды қазақ тіліне белсенді аударумен айналысады. Бұл баспадан Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» (1-7 кітап), Жулия Дональдсонның «Ақын қоян», америкалық жазушы Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт» туындысы сынды бірнеше кітап жарық көрді. Сонымен қатар, мифолог, этнограф Зира Наурызбаева мен Лилия Калаустың орыс тілінде шыққан «Алтын тостағанды іздеу» кітабының қазақ тіліне аударылып жарық көруі де Қазақстандағы балалар әдебиетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне септігін тигізгенін атап өтуге болады. Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» деп аталатын кітабы да ақын Саят Қамшыгердің аударуымен қазақ тілінде жарық көрді. Бұл тұста балаларға арналған көркем туындылардың кейбірін ғана атап өттік.
Балалар әдебиетін мемлекеттік қолдау
Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі балалар әдебиеті жайында сөз қозғалғанда көбінесе бірқатар проблемалар да қоса көтеріледі. Ондай проблемалардың қатарына қаламгерлерге берілетін қаламақының аздығы немесе жоқтығы, мемлекеттік қолдаудың жетімсіздігі, авторлардың балалар таным-түсінігіне сай келетін қазіргі заман көрінісі мен құбылыстарын жеткілікті деңгейде жаза алмауы, кітаптарды баспадан шығарудың қымбатқа түсуі (иллюстрациялар артық қаржы қажет етеді) сынды мәселелер кіреді. Дегенмен, соңғы жылдары аталған проблемалардың кейбірін шешуге мемлекеттік деңгейде назар аударыла бастағаны байқалды. Мысалы, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, Қазақстанда 2021 жыл – «балалар әдебиеті жылы» және 2022 жыл – «Балалар жылы» деп аталды. 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалардың аясында балаларға арналған әлем және қазақ әдебиетінің үлгілері аралас 100 кітап жарық көрді. Бұл бастама еліміздегі коммерциялық немесе мемлекеттік баспалардың да балалар әдебиетін дамытуға үлес қосуына әсер етті деп айтуға болады. Бұдан тыс ақын Байбота Қошым-Ноғайдың құрастыруымен 10 томдық «Балалар әдебиетінің антологиясы» шықты. Сонымен қатар, соңғы бір-екі жылда «Балалар поэзиясының антологиясы» және «Балалар әңгімелерінің антологиясы» және бірқатар қаламгерлердің жекелеген кітаптары басылып шықты. Мұндай игі бастамалар Қазақстандағы балалар әдебиетін дамытуға оң қадамдар жасала бастағанын көрсетеді. Шын мәнінде балалар әдебиетінің, жалпы көркем әдебиет проблемаларына (тарату, басып шығару, қаламақы төлеу, мүшәйра мен байқаулар ұйымдастыру) мемлекеттік деңгейде назар аударылса, бұл мәселелердің сәтті шешілетіні байқалды. Алайда соңғы бір-екі жылда әдебиет проблемасы толық шешілді деуге де келмейді.
Антологияға енген әдеби туындылар поэтикасы
«ТМД елдерінің заманауи әдебиеті» атты антологияның балалар әдебиетіне арналған томына балаларға арнап өлең жазатын ақындар Нұрлан Қалқа, Есей Жеңісұлы (әрі жазушы), Алмат Исаділ, Қалмаханбет Мұқаметқали, Қуат Адистің және жазушылар Әділбек Ыбырайымұлы, Джан Аманиидің (Гульчехра Рузыбаева) балаларға арналған бірқатар поэзиялық және прозалық туындылары енді. Төменде антологияға кірген авторлар шығармаларының көркемдік сапасы мен қазіргі заман балаларының таным, түсінігіне және әлемді қабылдау, елестету ерекшелігін қаншалықты ескеріп, соған лайықты туынды тудыру шеберлігіне назар аударамыз.
Оқырмандарға «Бір жарық» (жыр жинағы), «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар» (публицистика), «Мынау ғазиз дүние» (балаларға арналған әңгімелер) және «Шуақ» (өлеңдер мен әңгімелер) атты кітаптарымен ақын әрі жазушы ретінде танылған Есей Жеңісұлының бұл антологияға «Өрімтал» әңгімесімен қатар, «Қыста туған қаһарман», «Ине сабақтау», «Атасының баласы», «Жігіт болу қиын-ақ», «Құтқару», «Айтолқынның сағынышы», «Мен кішкентай баламын», «Біздің бастық», «Аяншақ», «Жел неге соғады?» сынды өлеңдері енген.
Өрімтал сөзі – шығармашылық иелері белсенді қолданатын лексикалық бірлік. Бұл сөз жас жігіт немесе жас қыз мағынасын білдіру үшін қолданылады. Е.Жеңісұлының «Өрімтал» әңгімесінде ағаш бұтағын кесіп алып, жеке жерге отырғызғанда тамыр жайып, өсіп келе жатқан шыбықтың қасиетін (жас, солқылдақ) білдіру үшін әңгіме атауы ретінде алынған. Автор туындысында балаларға ағаш егу мәдениетін насихаттау немесе адам баласы ағаш отырғызу арқылы табиғатты қорғау міндеті екенін ұғындыру мақсат етеді. Діни дискурста ағаш егіп, саясында кез келген тіршілік иесі тыныс тапса, Жаратушыдан сауап жазылатыны да айтылады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ғаламда жылыну үдерісі ұлғайып келеді. Жер бетін жылынудан құтқару мен экологияны таза ұстаудың бірден бір жолы – ағаш егу екені де белгілі. Әңгіме арқылы жеткізілетін авторлық интенция осындай интерпретацияны меңзейді.
Е.Жеңісұлының жоғарыда аталған бірқатар өлеңдерінде тұрмыстағы қарапайым түсініктер мен балалар арасындағы ойын әрекеттердің (қыс кезінде салқын көрпе жамылған баланың денесінің тітіркенуі; шаршаған әже; баланың әжесіне иненің көзінен жіп өткізуге көмектесуі; доп ойнап жүріп құлап қалған баланың ауырсынуы; машина жолында отырған құсты құтқару үшін үркітіп ұшырып жіберген баланың қайырымды әрекеті) мазмұны қамтылған. Ақынның «Айтолқынның сағынышы» және «Мен кішкентай баламын» өлеңдерінде смартфон функциялары (смайлик) мен әлеуметтік желі арнасын (Youtube) поэтикалық бірлік ретінде қолданған. Бұл өлеңдерде балалардың үлкендерден смартфон сұрап алып, әртүрлі контент қызықтайтын дағдылы әрекеттерін мәтінге айналдырады. Бұл автордың тақырыбы қойылмаған бір өлеңінде Айтолқын есімде алты жасар қыз бен анасы арасындағы диалог кейбір бала мен ата-ананы жалған сөйлеуден арылуға түрткі болуы мүмкін. Бұл диалогта «алты жасар қызды бес жасар» деп, жасын азайту арқылы автобустың жолақысын төлегісі келмеген ананың мұндай теріс әрекетінің дұрыс емесін қызы түсіндіреді. Өлеңді оқыған оқырман күнделікті қоғамдық көлікте, йағни, балалар өмірінде жиі кездесетін жағымсыз әрекеттен сабақ алуы мүмкін.
Антологияға енген келесі бір туынды – Әділбек Ыбырайымұлының «Мәңгелия» повесі. Осы тұстан-ақ бұл повесть бірнеше қабат оқиғаларды қатар қамтыған (қоғамдағы бай-кедей отбасы мен бала қарым-қатынасы; ана тілі мен шет тілдерін меңгерген-меңгермеген оқушы мен отбасы; бала мен ғылым, білім, интернет, гаджет және тарих қарым-қатынасы, т.б.) және баяндау, суреттеу әдісі, көркемдік тілі шебер шыққан үздік туынды екенін атап өтеміз. Автор повестегі Жасын образы негізінде бүгінгі – ХХІ ғасырдағы оқушы бала мен қоғам моделін тудырған. Туындыда протогонист – 9-сынып оқушысы Жасын образы физикалық вакуумдағы таусылмас энергия-қуат көзін зерттеп жүрген жас, ізденімпаз ғалым, ана тілі мен шет тілдерін еркін меңгерген алғыр бала, оған қоса, махаббат сезіміне де адал, сабырлы, салмақты оқушы ретінде кескінделген.
«Мәңгелия» сөзі қазақ лексиконына осы туынды арқылы қосылған авторлық неологизм деп айтуға болады. Бұл сөздің интерпретациясын автор повесте түсіндіреді. Мәңгелия Helios (күн нұры) және man (адам) сөздерінің бірігуінен туған. Сонда «Man-Helios» ұғымы қазақшалағанда «Мәңгілік күн нұрындағы адам», «Бақилық жарықтағы адам» дегенді білдіреді екен. Бұл – автор қиялының жемісі. Қазақ халқы бір бұтағы саналатын ескі түркілердің Орхон-Енисей өзендерінің бойынан «Тоныкөк», «Білге қаған» және «Күлтегін» ескерткіштерінде «Мәңгілік Ел» концепциясы көрініс тапқан болатын. Бұл концепция идея ретінде Қазақстанда 2014-2015 жылдардан бері белсенді түрде қайта жаңғырды. Йағни, материалдық және материалдық емес құндылықтарының арқасында Қазақстанның басты мұраты – Мәңгілік Ел болу деген мазмұнға келеді. Автор бұл повесінде осы «Мәңгілік Ел» идеясының балама атауы ретінде балаларға (оқырманға) өз жанынан заманауи әрі қызық нұсқасын ұсынған. Сонда «Мәңгі Ел» («Manhel») немесе Мәңгелия болады. Бұл сөзді повесте Жасын есімді ғылым мен шет тілін меңгеруге қабілетті оқушы ойлап табады. Автор туындысы арқылы тарихи білімді бала санасына сіңірудің ерекше жолын ұсынған.
Аталған шығарма арқылы жазушы балаларға өз ана тілінде еркін сөйлеу қажет екенін, ал, әлемдік өркениеттің бір бөлігі саналу үшін, йағни, жаһандық ғылым, білім, мәдениет, ой-сана желісіне кірігу үшін шет тілдерін еркін меңгерудің маңызы жоғары деген қалыптасқан ойды оқушылардың өзара пікір алмасу форматы арқылы ұсынады. Сюжеттік желі ретінде алынған сынып сағаты форматындағы оқушылардың өзара полилогтары – пікір алмасу алаңы сенімді әрі шынайы шыққан.
«Мәңгелия» повесі арқылы жазушы ХХІ ғасырда ересектен бастап бүлдіршінге дейін өзіне тәуелді етіп алған интернет пен гаджеттердің пайдалы жағына көбірек назар аудартуға тырысады. Автордың ойынша, оқушыны әлеуметтік желіге тәуелді болдыртпаудың бір жолы – қабілеттерін жетілдіретін әртүрлі курстарға (ғылымға баулу, спорт түрлерін меңгеру және шет тілдерін үйрену курстары, т.б.) қатыстыру. Қазіргі уақытта бала қабілеттерінің жетілуі, тұлғасының дамуы немесе бос уақытын тиімді пайдалану туралы нақты жоспары жоқ ата-ананың баласын Youtube пен Tiktok тәрбиелеп жатқаны ащы да болса – шындық.
Туындыда автор оқушылардың оқу, білім алу, үйренуден басқа, жеке оқушылық өмірлерін – өзара қарым-қатынастарын назардан тыс қалдырмаған. Повесть идеясына сәйкес, ХХІ ғасырдағы білім, ғылыммен қаруланған, полиглот оқушылардың қарым-қатынасы интеллектуалды сипат алып, заманауиланған.
Антологияда өлеңдері қамтылған келесі ақынның бірі – Қуат Адис поэзиясының көп бөлігі номад мәдениетінде ерекше орын алған төрт түлік жануар мен дала аң-құстарының (аю, қасқыр, тиін, борсыз, құндыз, дегелек, тырна, дуадақ, шағала, қарлығаш, үйрек, қырғауыл, қаз, шүрегей, тоқылдақ, торғай, көкек, қарға, тотықұс, т.б.) табиғатын, тіршілігін сипаттауға арналған. Жануарлар әлемін көбінесе фильмдер мен зоопарктерден ғана қызықтайтын қала балаларына мұндай өлеңдер аса қажет деп айтуға болады әрі қала баласы мен құс, жануарлар әлемін, ауыл арасын жақындатуға септеседі. Қ.Адис өлеңдерінде аңдар мен құстардың күнделікті азығын қалай табатыны, табиғи түрлердің бір-бірінен ерекшелігі, тіршілігі, түр-түсі, халықтың тарихи-мәдени жадындағы символдық мәні, т.б. қырлары сәтті ассоциациялармен берілген.
Сонымен қатар, ата-анаға, отанға арналған өлеңдер де кездеседі. «Менің отаным» және «Әке – асқар тауым» өлеңдерінде дидактикаға қарағанда оқығанда бала санасында шабыт, мақтаныш сезімін тудыратын әрі отан мен әкеге деген махаббатын асқақтатын әуенмен жазылған. Шумақ ырғақтары мәнерлеп оқығанда байқалмайтын музыка тудырады. Қазіргі қоғам мен басқарушы күштер арасында сенімсіздік жайлаған плюрализм қоғамында мұндай өлеңдер балалар түгілі, ересектерге де қажет болуы мүмкін. Ақын баланың ойлану, елестету, өзінше пайымдау, шешім шығару сынды қабілеттерін ойша шектемей, бала санасын барынша күрделі жағдаяттар мен мәселелер айналысында ойландыруға итермелейді.
Антологияға ақын Нұрлан Қалқаның балаларға арналған «Бес саусақ», «Ана», «Әке», «Ағаларым», «Ағалар», «Менің інім – Қайрат», «Біздің Қайрат», «Кімнің қызы?», «Менің атым – Айдана», «Бақыт деген немене?», «Талапты бала», «Жанашырлық», «Саябақ», «Шағала», т.б. тақпақтары, мысалдары және жұмбақтары топтастырылған. Аталған тақпақтар мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде және бастауыш сынып оқушыларына жаттауға және жаттатуға жеңіл тиеді. Бұл тақпақтар мазмұны классикалық, дәстүрлі балалар әдебиетіндегі этикалық-дидактикалық сарынға құрылған.
Антологияға бұдан басқа бұл автордың бірқатар айтулы мысалдары мен жұмбақтары да енгізілген. Бұл туындылары ең кішкене оқырмандарға арналғанын атап өткен орынды болар.
Антологияға енген ақын Қалмахамбет Мұхаметқалидың балаларға арналған «Сәлем», «Балабақша», «Ақылды Айша», «Оксана мектепке асығады», «Ақшақар», «Жеңіс пен жеміс», «Мұғалімге мың алғыс», «Бағдаршам мен балақай», т.б. өлеңдері қамтылған. Аталған өлеңдердің көбі сәтті метафоралық образдарға құрылған және балалардың балабақшадағы, мектептегі немесе күнделікті өзара қарым-қатынастарын баяндайды. Тәрбиелік мәні зор мұндай өлең немесе тақпақтар балабақша жасындағы балалардың жаттау, есте сақтау қабілетін ұштау үшін қолдануға сұранып-ақ тұр.
Алмат Исаділдің «Анама», «Балабақшада», «Әліппе қасиеті», «Мұғалім», «Оқушы», «Бантик», «Қар жауғанда», «Жайлауға барамын», т.б. өлеңдері жеңіл мазмұнға құрылған. Жаттуға жеңіл тиеді. А.Исаділдің өлеңдерінде оқушы санасында туған жерге, жалпы дала кеңістігіне құштарлығын оятатын әдемі пейзаж бөліктері көптеп кездеседі. Сонымен қатар, антологияға енген ақындар өлеңдері арқылы балаларға үлкендерді құрметтеу және сәлемдесу құндылығын бірінші кезекте үйретуге асық екені байқалады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда орыстілді әдебиет қазақ тілдегі әдебиетпен қатар өмір сүріп келеді. Орыстілді авторлар бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып жатыр. Антологияға орыстілді әдебиеттің бір өкілі, балалар жазушысы Джан Аманиидің (Гулчехра Рузыбаева) бірнеше бөлімнен тұратын «Даниялдың ғажайып әлемі», «Алып Жемістер мен Көкөністер планетасы», «Бақалар шаһары», «Қызыл бәтеңкенің баяны», «Өткіркөз қыран», «Досжан атаның хикаялары», т.б. ертегілері енген. Ертегі бөліктері әртүрлі тақырыптар бойынша жазылған және кейбір ертегілер мазмұны немесе оқиғалары өзара жалғасқан бірнеше бөліктен тұрады. Автор ертегілері арқылы реалды әлемнің фантастикалық және қиял-ғажайып моделін тудыра алған. Фантастикалық шығарманың ішкі-сыртқы композициялық құрылымдары өзара сәтті байланысқан. Ертегі балаларды қиял-ғажайып әлеміне бірден ендіре алады. Ең басты ерекшелігі, балалардың өз ортасының – реалды әлемнің ғажап қырын көре алатын әдеби-эстетикалық, мәдени сана қалыптастырады. Әлемді тану үдерісін баланың ой-санасы қалыптастырады.
Бұл ертегілердің қызықты үлгісінің бірі – «Қызыл бәтеңкенің баяны» деп аталады. Диас есімді бала-кейіпкер оң бәтеңкесін күтіп-баптап киіп, сол бәтеңкесіне көңіл бөлмейді. Сол бәтеңке Диасқа ренжіп, үйден қашып кетеді. Өзі секілді жалғыз күн кешіп жүрген бірнеше бәтеңкелердің қиын жағдайын білгеннен кейін иесіне қайта оралады. Автор сол бәтеңкенің басынан өткен оқиғаларды баяндау арқылы баланың отбасына, ағайын-туыстарына, достарына, жалпы реалды әлемге деген сүйіспеншілік қарым-қатынасын арттыра түседі. Жоғалып кеткен сол бәтеңке оқиғалары негізінде ата-анасы, аға-іні, әпке-қарындасы әлемдегі ең қымбат, қадірлі жан екенін сезінеді.
Сонымен қатар, «Өткіркөз қыран», «Досжан атаның хикаялары» ертегілері балалардың отанына, туған жеріне, ауылына, тарихына, жануарлар әлеміне деген қызығушылығын оятады. Отанға, ауылды көркейтуге деген жанашырлық сана қалыптастырады. Джан Аманиидің бұл ертегілері қазіргі уақытта Қазақстанда балаларға арналған авторлық ертегілердің ерекше қарқынмен жазылуының бірден бір көрінісі деуге болады.
Қорыта келгенде, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі балалар әдебиеті әртүрлі мазмұн мен тақырыптарды қамтиды. Әдебиет те өнердің бір түрі болғандықтан, оқушы-оқырман өзі ұнатқан туындыларды таңдап оқуға еркі бар. Балалардың туындыларды таңдап оқуына бүгінгі авторлар мүмкіндік берді және балалардың талғамынан шығатын прозалық және поэзиялық туындыларды жазуға барынша еңбек етіп жатқанын айтып өтуге болады. Қазіргі балалар ертегі, фантастика, ғылыми фантастика жанрларынан бастап, әртүрлі жанрдағы туындыларды оқуына жағдай жасалған және авторлар балалардың көңілінен шығатын, олар қызығатын туынды жазуға тырысып жатыр. Әсіресе, Қазақстандағы балалар әдебиеті 2021 жыл – «Балалар әдебиеті жылы» және 2022 жыл – «Балалар жылы» болған соңғы уақытта әртүрлі бағыт-бағдарлар мен жанрлар тұрғысынан даму үдерісін бастан өткізуде және мұндай мемлекеттік қолдау авторлардың балаларға арналған бірнеше кітаптарын баспадан шығарып таратуына мүмкіндік тудырды.
Аида Өтеп