«Тұран» футбол клубын FlyArystan сатып алуы мүмкін
Түркістан облысының Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы «Тұран» футбол клубын электронды саудаға шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Сауда туралы ақпарат e-Qazyna веб-порталында жарияланған. Лот сипаттамасына сәйкес, «Кәсіби футбол клубы «Тұран» мемлекеттік мекемесінде 14 қызметкер жұмыс істейді. Клубтың баланстық құны 535 мың теңгені құрайды.
Саудаға қатысу үшін 158 мың теңге көлемінде кепілдік жарна енгізу қажет. Электронды сауда-саттық биылғы 3 наурыз күні Астана уақытымен сағат 09:55-те басталады. Нысанның бастапқы бағасы — 1 054 000 теңге.
Сату шарттарына сәйкес, сатып алушы 10 жыл ішінде мынадай міндеттемелерді орындауға тиіс:
– клубтың қызмет бағытын сақтау;
– штат санының қысқаруына жол бермеу;
– инвестиция тарту;
– футболдан жасөспірімдер академиясын құру және футболды дамыту;
– әйелдер футбол командасын жасақтау;
– материалдық-техникалық базаның болуы, оның ішінде соңғы 5 жылда жергілікті ірі стадиондармен жасалған келісімшарттар;
– 2027 жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасына тұрақты түрде қатысу;
– спорт саласында кемінде 5 жыл еңбек өтілінің болуы;
– клубты сенімгерлік басқаруға бермеу және иеліктен шығармау.
Бұған дейін өңір билігі клубты жекешелендіру үдерісінің басталғанын және спорттық активке жеке инвестор іздестіріліп жатқанын растаған болатын.
Ведомство мәліметінше, жекешелендіруге қатысуға ниетті үміткерлердің қатарында FlyArystan компаниясы да бар.


