«Тасқа жазылған тарих»
Таяуда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен, Түркі Академиясының қолдауымен академик Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріндегі басылымдары, орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории», түрік тілінде шыққан «Kod adі Turkіstan: Mustafa Сokay» деректі кітаптары таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға қордың басшысы Ақтоты Рахметоллақызы ұйытқы болды.
«Еуразия кеңістігін ен жайлаған жоралы жұртымыз елдерді жаулаушы ғана емес, өркениеттерді жалғаушы болғаны белгілі. Тамырын тереңге тартқан түрктер тарихты жасаған һәм оны тасқа қашап жазған. Осы тақырып төңірегінде, тамырлас жұрттың ортақ тарихы, танымы, талғамы, тілі, таңбалары және тұлғалары туралы толғайтын «Тамыр» және «Абыздар аманаты» деген кітаптарымыз былтыр қазақ тілінде жарыққа шыққан еді. Сол еңбекті әзербайжандық танымал журналист-қаламгер досымыз Аида Эйвазова аударып, оны Ақтоты Рахметоллақызы басқарып отырған Қор «Dasa yazіlan tarіх» деген атпен Бакуде басып шығарды. Аудармашы мен Қор басшылығына рахмет айтамыз.
Осы еңбектің Негизбек Шабданалиев аударған қырғыз тіліндегі нұсқасы «Ташка жазылган тарых» кітабы да Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Тарих жөніндегі мемлекеттік комиссиясының шешімімен, Президент кеңесшісі Koіchіev Arslan және көрнекті ғалым Кадыралы Конкобаевтың алғысөздерімен былтыр басылып шықты. Түркі Академиясы аударып, ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшы Султан Раевтың алғысөзімен даярлаған түрік тіліндегі «Buyuk Bozkіr: Taslara Yazіlan Tarіh» кітабы да Анкарада таяуда жарық көрді», – дейді Дархан Қуандықұлы.
Сонымен қатар Шыңғыс Мұқан басқарып отырған «Мазмұндама» баспасы шығарған «Тюркский мир: через призму истории» атты орыс тіліндегі кітап пен түрік тілінде “Bengu” баспасынан Ufuk Tuzman аудармасымен жарық көрген «Kod adі Turkіstan: Mustafa Cokay» деген еңбегі де оқырманға жол тартты.