Петропавлда іздеуде болған 18 жастағы жас жігіттің мәйіті орманнан табылды
Қаңтардың ортасынан бастап туыстарымен байланысқа шықпаған Петропавл қаласының 18 жастағы тұрғыны қала маңындағы Мещанский орманынан өлі күйінде табылды деп жазады Оinet.kz порталы.

Жігіттің жоғалғаны туралы хабар 1 ақпанда әлеуметтік желілерде пайда болды. Белгілі болғандай, ол қаладағы кафеде официант болып жұмыс істеген. Соңғы рет оны 13 қаңтарда көрген, одан кейін туыстары мен таныстарымен байланысқа шықпаған.
Жоғалған адамды іздеуге полиция қызметкерлері, кинологтар, әскери қызметшілер, ТЖД-нің жедел-құтқару жасағы және Lider.kz волонтерлері жұмылдырылды. 3 ақпанда квадрокоптердің көмегімен жас жігіттің мәйіті қала шетінде орналасқан орманнан табылды.
"3 ақпанда қала маңындағы орманда бұрын іздеуде болған 18 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Зорлық белгілері анықталған жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды",- деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда өлім себебі анықталуда. Болжам бойынша, жас жігіт үсіп қалуы мүмкін. Себебі ол жоғалған күндері Петропавлда -30, -35 градус суық тіркелген.



