«Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа соққы жасады»

Oinet.kz 03-02-2026

OINET.KZ - Ресейлік сарапшылар Қазақстанның әрекетіне осылайша баға беріп отыр. Себеп – елімізге Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктерге утильалым күрт қымбаттамақ екен. Утилизациялық алым ставкаларындағы өзгерістер тек Қазақстанға Беларусь пен Ресейден әкелінетін автокөліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына ғана қатысты болады.  Ал ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден, Армения мен Қырғызстаннан импортталатын техникаға утилизациялық алым ставкалары бұрынғы деңгейде сақталады. Яғни, көлемі 1-2 литрлік қозғалтқыш үшін төлем 38,8 есе көбейеді, сөйтіп қазір шамамен 757 мың теңге болса, жаңа ереже бойынша 29,4 млн теңге шамасында болады. 

Screenshot_8.jpg

Сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстанның ЕАЭО-дағы негізгі әріптестері  - Ресей мен Беларуське қарсы жауабы. Айта кетейік, былтыр  1 қазаннан бастап Ресейде утиль алым мөлшері екі есеге  артты. Бұл Қазақстанда шығарылатын жеңіл автокөліктерді көршілес елге сатуға шектеу қойған тосқауылға айналды. 

Қазақстанның утильалым ставкаларын күрт өсіруін Ресейдің Ұлттық автокөлік одағының вице-президенті Антон Шапарин ЕАЭО-ға жасалған соққы ретінде бағалап отыр. «Қазақстан ішні нарығын АвтоВАЗдан қорғағысы келіп отыр, себебі Ресей өз кезегінде ішкі нарығына басқа елдерді кіргізгісі келмейді. Осындай практика басқа да  өнім түрлеріне қатысты таралады ма деп қауіптенемін. Қазақстандық нарыққа экспортталатын ресейлік сертификаттар мен тауарлар блокталуы мүмкін. Утильалым саяси қысым көрсету құралына айналды. Алдағы уақытта екі ел арасында келіссөздер жүргізілетініне үміт артамын. ЕАЭО бірыңғай экономикалық кеңістік ретінде сақтала ма, жоқ па, осы жайт алаңдатады» деп мәлімдеді А.Шапарин. 

Ал Беларусь автокөлік ассоциациясының басшысы Сергей Варивода Қазақстанның әрекеттерін толық түсінуге болатынын жеткізді. «Бұл – Ресей мен Беларусьтің қадамдарына қарсы әрі пропорционалды жауап.  Былтыр Ресей мен Беларусь утильалымды екі есеге өсірді. Мен қазір бұрынғы ставкаларды қайтара алатынымызға сенімді емеспін. Дегенмен, бір сәт ойланып, импортталатын көліктерге салық салу мәселесі жайлы жақсылап ойлануымыз керектігі анық» деп пікірін білдірді ол.  

Жалпы, соңғы кездерде мақтаулы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ырың-жырыңның көбейгені аңғарылады. Бұған дейін де одақтас елдердің бір-бірінің кейбір тауарларын енгізуге, кедендік рәсімделуіне кедергі келтіріп келген.  Түптеп келгенде мұндай талас-тартыс ЕАЭО ішіндегі экономикалық байланыстарға кері әсерін тигізуі бек мүмкін. 

Елді 418 миссионер кезіп жүр. Барлығы дерлік – христиандар
«33 адам зардап шекті»: 17 жасар жасөспірім «пәтер жалға беремін» деген желеуімен алаяқтық жасаған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу